
– Кез келген мемлекеттің тірегі – азаматтық қоғам. Үкіметтік емес ұйым өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтің қалыптасуына ықпал етеді. Мемлекет жыл сайын әлеуметтік маңызы бар 2 мың жобаны ҮЕҰ-мен өзара байланыс арқылы іске асырып келеді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, 2022 жылы 500-ден астам жұмыс орны құрылды, 32 мыңнан астам бенефициар нақты көмек алды, оның ішінде 3000 ерекше қажеттілігі бар, 60-тан астам әлеуметтік қызмет пен орталық құрылды, – деді Дархан Қыдырәлі.
Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, оның 17 мыңынан астамы белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар бүгінде азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін министрлік жүйелі кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы 4 шілдеде волонтерлік және қайырымдылықты дамыту мәселелері жөнінде заң қабылданды.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Қоғамдық кеңестер мәселесі бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Осылайша, олардың қызмет аясын квазимемлекеттік секторға дейін кеңейтуге мүмкіндік берілді. Қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектордың үлесі 23,5 пайызға артып, қазіргі уақытта 86 пайызды құрады. Қоғамдық кеңестердің құрамы 90 пайызға жаңартылды, – деді министр.
Салтанатты жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне алғыс білдіріп, марапаттады.