Елорда • 28 Ақпан, 2023

Елордада Алғыс айту күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 1 наурызда Алғыс айту күні атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай Астанада ондаған түрлі спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада Алғыс айту күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Мереке күндері мәдениет, спорт, білім беру ұйымдары, елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы және басқа да мекемелер қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі іс-шаралар дайындап отыр. Алғыс айту күніне орай Астанада балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыптағы көрмелер өткізіледі. Жалпы жоспарланған іс-шаралардың бәрі тәуелсіздік құндылықтарын, ұлттық бірлікті, қазақстандық патриотизмді нығайтуға ықпал етеді.

Мысалы, 28 ақпанда сағат 11:00-де құтқарушылар алаңында мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді, онда ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдіру мақсатында «Батырларға алғыс!» акциясы басталады. Олар күнделікті өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарады.

Сондай-ақ қала мектептерінде апта бойы «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеші, өрт сөндіру батырларының құрметіне «Қаһармандар ортамызда» қайырымдылық акциясы және «Біздің арамыздағы батырлар челленджі өткізіледі. 1 наурыз күні білім басқармасының және жастардың қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» флешмобы өтеді.

Сол күні «Барыс» спорт кешенінде спортшылар мен спорт мектептерінің тәрбиеленушілері «Мейірімге толы жүрек» акциясын өткізеді, сағат 16:00-де № 8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден жолдастық ойын ұйымдастырады.

Сол күні сағат 11:00-де «Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Алтын алма, алғыс ал» тақырыбында дәріс өтеді. Осы уақытта «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені «Алғыс айту – асыл қасиет» көрмесін, ал Сәкен Сейфуллин мұражайы – «Қазақ еліне алғыс айту» дәрісін ұйымдастырады.

Кешкі сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында «Букет созвучий музыки и слов…» атты музыкалық-поэтикалық кеш өтеді. Күні сағат 12:00-де «Наз» мемлекеттік би театры мерекеге орай «Мың алғыс саған – Қазағым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде бұл күні кітап көрмелері, тәрбие сағаттары мен акциялар өтеді.

1 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де NOMAD City Hall сахнасында «Әштен» спектаклі, ал «Жастар» театрында «Қиянат» қойылымы көрсетіледі.

Елорда жастары соғыс және еңбек ардагерлерінің ауласында 1-3 наурыз күндері сенбіліктер өткізеді. Сондай-ақ қаланың СОО-ларында және басқа да ашық алаңдарда тақырыптық флешмобтар жоспарланып отыр, әлеуметтік қорғау мекемелерінде түрлі іс-шаралар өтеді.

Астана перзентханаларында 1 наурыз күні «Өмір үшін рахмет!» акциясы өтеді.

Алғыс айту күні сағат 12:00-де дәрігерлерге алғыс білдіру мақсатында «Алтын жүрек» мемориалына гүл шоқтары қойылады.

1 наурыз күні сағат 12:00-де елордалық Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің, Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Алғыс айту күніне арналған дөңгелек үстел өтеді.

Мұнда халық тағамдары бойынша шеберлік сыныбын Астана ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері ұйымдастырады.