Балабақша құрылысына дайындық жұмыстары 2022 жылы жүргізілді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жобаны әзірлеуге аса мұқият қарады.
- Біздің басты мақсатымыз – балалар қуана баратын жайлы балабақша салу. Балабақша барлық талапқа сай келетін заманауи болады. Мемлекеттік сараптама жүргізіліп болды, атқаратын жұмыс көлемі үлкен, - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директорының міндетін атқарушы Гүлнара Стамқұлова.
Қала билігі нақ осы ауданда балабақша өте қажет деп санайды.
- Әлеуметтік міндеттемелер аясында біздің қала құраушы кәсіпорнымыз – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 285 орындық жаңа заманауи балабақша салуға бастамашы болды. Жоба шынымен де бірегей, ол қаладағы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 80 пайызына дейін қамтуға мүмкіндік береді. Өйткені Теміртауда қазір 1,5 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл жобаны іске асыру бізге айтарлықтай қолдау болады. Болашақ балабақшаның жанында жақын арада 270 пәтерлік әлеуметтік үйлерді салу жобасы іске асырылмақшы, ал қаланың осы бөлігінде балабақша мүлдем жоқ. Осы жобаны іске асыра отырып, Президентіміздің саясатын қолдағаны үшін қала құраушы кәсіпорнымызға ризашылығымызды білдіреміз, - деді Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Самат Зияшев.
Компания жоба құнын әзірге жариялаған жоқ. Себебі мердігер ұйым әлі анықталмаған. Компания тарту ететін жаңа балабақша Теміртаудағы 4а мекенжайында бой көтереді. Оның құрылысы осы жылдың сәуір айында басталады.
- Жаңа балабақша 2024 жылы жұмыс істей бастауы үшін біз жобаны бір жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрамында жобалау-конструкторлық бөлім, қаржы және жабдықтау қызметтері, күрделі құрылыс басқармасы, қауіпсіздік техникасы қызметі, жоғары буын басшылары бар біздің мықты командамыз көздеген мақсатқа жететініне сенімдімін, - деді Гүлнара Стамқұлова.
Балабақша құрылысы аяқталғаннан кейін ол қаланың балансына беріледі.