Аймақтар • 28 Ақпан, 2023

Алматыда пәтер ұрылары ұсталды

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда пәтерлерге ұрлыққа түсті деген күдікпен үш адам ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда пәтер ұрылары ұсталды

Үш күдікті қаланың әр ауданында ұрлық жасаған деген болжам бар. Тергеудің нұсқасы бойынша, бөтен адамдардың пәтерлері мен үйлеріне кіріп, ол жақтан бағалы заттарды ұрлаған. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлаудың 5 дерегі анықталды. Келтірілген шығын көлемі – 5 млн теңгеге жетеді.

– Күдіктілер стандартты тізбек бойынша әрекет еткен. Тұрғындардың көпшілігі жұмыста болған уақытта ұрлық жасаған. Терезені бұзу арқылы тұрғын үйге кіріп, құнды нәрсенің бәрін алып шыққан. Соңғы «іс» Бостандық ауданындағы Қарғалы шағын ауданында тіркелді. «Шақырылмаған қонақтар» өздерімен бірге жалпы құны 600 мың теңге тұратын әшекей бұйымдарды, ноутбук пен сағатты алып кеткен, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Оның айтуынша, күдіктілерді, арнайы топ пен арнайы жасақ қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұстаған. Олар 33 және 29 жастағы Шығыс Қазақстан және Алматы облысының тумалары. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Конституциясының және ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер жария етілмейді.