Спорт • 28 Ақпан, 2023

Чемпионнан ұтылды

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германияның Хайденхайм қаласында семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Бұл жарыста Қа­зақ­стан құрамасының қоржынына бір жүлде түсті.

Чемпионнан ұтылды

«Шпага» жаттығуы бойынша бақ сынаған Руслан Құрбанов бастапқы бәсекелердің барлығында басымдық танытып, жартылай финалға дейін еш кедергісіз жетті. Дәл осы межеде оның жолы Коно Кокимен қиысты. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. 25 жастағы Жапонияның мақтанышы 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілсе, былтыр Каирде өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Бұған қоса, Кокидің Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінің екі дүр­кін қола жүлдегері және басқа да толып жатқан атақтары бар. Қазақстанның ең үздік сем­серлесушісі даңқты қарсыласымен еш аянбай айқасты. Десек те жеңіс 15:10 есебімен жапониялықтың еншісінде кетті. Сөйтіп, бұл жарысты Құрбанов қола медальмен қорытындылады.