Аталған жоба аясында кезінде Қазақстанда болған Аустрия-Мажарстан империясы зерттеушілерінің этнографиялық есептері, Шығыстағы қазақ хандықтарының сыртқы қатынастарын зерттеу ісі, XIX ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азияға неміс зерттеу сапарларының нәтижелері табылды. Стази архивінде (бұрынғы ГДР құпия полициясы) Байқоңыр ғарыш айлағы мен 1986 жылғы Алматыдағы оқиғаларға қатысты құжаттар анықталды. Сонымен бірге «Саксон мемориалдары» Дрезден қорының құжаттама орталығынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, неміс тұтқынына түскен отандастарымыздың тізімі де табылды.
Ұлттық архивтің зерттеушілер тобы Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік тарихи архивінде де (РМТА) жұмыс істеді. Онда XVIII – XIX ғасырдың басындағы қазақ сұлтандарының императорлық әкімшілік өкілдерімен Қазақстан аумағындағы жағдай туралы жазысқан хаттары табылған. Мысалы, Айшуақ ханның 1811 жылы жазған хатында Қаратай сұлтанның ұлы Жантөреге қастандық жасап, оны өлтіргені туралы айтылады. Назар аударарлық істің бірі, көптеген жылдар бойы қазақ даласында өмір сүрген, қазақ тарихының білгірі, атақты шығыстанушы Василий Григорьев қорымен жұмыс істеуге де ерекше көңіл бөлінді. Григорьевтің 1821 жылғы 2 ақпанда жазылған жазбаларында Ұлы даланың заңдық мәселесіне сәйкес, кісі өлтіру, ұрлық пен басқа да қылмыстарға қатысты құн төлеудің қазақ заңдарынан үзінділер жинақтап, оны басып шығарудың қажеттілігі туралы жазылған. Яғни қазақ даласында құқықтық нормалардың дамыған жүйесінің жұмыс істегені туралы айтуға болады. Бұл қазақ көшпелі қоғамы артта қалды деген жаңсақ пікірлерді жоққа шығарады. Григорьевтің 1857 жылы жазған «Орданың орта бөлігінің басқарушысы Мұхамед Баймұхамедовтің Орынборға келуі туралы» баяндамасы да үлкен қызығушылық тудырады. Онда Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың, қазақ ақсүйектерінің отаршыл әкімшілікпен қарым-қатынасының нақты сипаттамасы берілген.
Осы жоба аясында Ұлттық архив қызметкерлері Түркияның Анкара және Ыстанбұл қалаларына сапарлаған. Атап айтар болсақ, Анкара қаласындағы Мемлекеттік архив төралқасының республикалық архивінде, Түркия Сыртқы істер министрлігінің түрік дипломатиялық архивінде және Ұлттық қорғаныс министрлігінің әскери тарих архивінде болып, еліміздің тарихына қатысты 1000-ға жуық беттен құралған 90-нан астам құжат әкелінді. Ыстанбұл қаласындағы Осман архиві мен Ыстанбұл университетінің кітапханасындағы құнды құжаттар да зерттеп-зерделеніп, 250-ден астам құжат елге оралды. Белгілі түркітанушы, Қазан Императорлық университетінің профессоры, фольклортанушы Н.Ф.Катановтың мұрасы ретінде сақталған көне кітаптардан ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жеріне қатысты құнды дүниелер де елімізге жеткізілді.
Татарстанда архивтерден мұсылман мәдениеті мен білімінің дамуына қатысты, қазақтардың басқа елдер халықтарымен мәдени, ғылыми және іскерлік байланыстары туралы бірқатар бірегей құжаттар табылған. «Алаш» қозғалысының тарихы бойынша жаңа құжаттарды анықтауға мүмкіндік жасалған. Әрі осы сапар аясында Татарстан Республикасының Ұлттық архивіндегі №92 қор негізінде XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы құжаттарды қамтитын «Қазан оқу округінің қамқоршысы» атты бұрын зерттелмеген құжаттар елімізге әкелінді. Бұл материалдар Ішкі Бөкей ордасы аумағындағы және 1917 жылғы революцияға дейінгі Қазан оқу округіне кірген қазіргі Қазақстан аумағының бір бөлігіндегі мектептік білім беру ұйымына қатысты белгісіз деректерді ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланованың айтуынша, XIX-XX ғасыр басында Қазақстанды зерттеген шығыстанушы ғалымдардың (Радлов, Григорьев, Катанов) құжаттары табылған. Сонымен бірге елімізге профессор Николай Катановтың Сібір, Жоңғария, Шығыс Қазақстан бойынша 1890 жылғы саяхатының бұрын толық жарияланбаған күнделігі әкелінген. 1891 жылы Жетісу мен Тарбағатайға сапарлаған Николай Катановтың еліміз туралы жазған күнделігі де анықталған. Бұл еңбекте зерттеуші этнографиялық және лингвистикалық материалдарды жинақтай отырып, қазақ халқының тұрмысы мен тілін сипаттайды.
«Біздің Ұлттық архивтің қызметкерлері «Архив-2025» жобасы аясында бірқатар шетелге сапарлап, өнімді жұмыс атқарды. Соның бірі ретінде Мажарстан Ғылым академиясының архивінен табылған шығыстанушы Арминий Вамберидің еңбектерін атап өтуге болады. Бұл атақты ғалым өмірінің көп жылын Қазақстан мен Орталық Азияны зерттеуге арнаған. Мажарстанда А.Вамбери жинаған қазақ құжаттары мен әдеби шығармалар жинағы зерттелмеген, цифрланбаған. Цифрланбаған экспонаттардың қатарында поэмалар, халық ертегілері, өлеңдер, сондай-ақ мүлдем ашылмаған және зерттелмеген қолжазбалар бар. Сондықтан А.Вамберидің мұрасы қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеушілер үшін зор құндылыққа ие. Оны қазақстандық тарихшылар мен филологтардың мұқият зерделеуі қажет», дейді Сағила Нұрланова.
Ұлттық архив директорының сөзіне қарағанда, Қазақстан тарихын зерттеуде Будапешт қалалық архивінен табылған 1960-1980 жылдардағы «Теңіз» мұнай кен орнын игеруге мажар инженерлері мен жұмысшыларының қатысуы туралы құжаттардың маңызы зор. Мәселен, №355 «Теңіз» қорында Қазақстанда мажар мамандары жобалап салған азаматтық және әкімшілік нысандар туралы мәліметтер, сондай-ақ мажар сәулетшілері мен инженерлері, елімізде жұмыс істеген басқа да мамандар туралы деректер сақталған. Осы қорда мұнай саласында жұмыс істеген Қазақстан мамандары туралы, соның ішінде еліміздің мұнай-газ саласын техникалық жарақтандыру туралы мәліметтер бар. Қазақстанда алғаш рет мажар құрылысшылары қолданған құрылыс технологиялары туралы ақпарат та маңызды.
Сондай-ақ Ұлттық архив қызметкерлері Чехияға жасаған сапары барысында Қазақстан тарихы бойынша көптеген құнды құжаттарды анықтады. Бұрын отандық тарихшыларға жабық болған Чехияның әскери-тарихи архивінің (ӘТА) OČSNR жабық қорына (Ресейдегі Чехословакия Ұлттық Кеңесінің бөлімшесі) рұқсат берілді. Бұл қордан Қазақстан аумағында шетелдік әскери бөлімшелердің құрылуы туралы деректер анықталды. Румыния Ұлттық комитетінің Петропавлдағы жұмысы, Румыния еріктілер корпусының қызметі туралы мәліметтер де кездесті. Аталған материалдар ХХ ғасыр бойынша Қазақстан тарихымен айналысатын тарихшылар үшін таптырмас деректер болатыны күмәнсіз.
«Чехияда біздің архившілер 1980 жылы Алматыда және басқа да қазақстандық қалаларда болған чех фотографының екі жүзге жуық белгісіз туындыларын тапты. Табылған бұл фотосуреттер құнды дереккөз ретінде тарихты объективті түрде түсіну үшін жазбаша құжаттардан еш кем емес. Чехиядағы жұмыстың нәтижесінде біздің мамандар бұрын зерттелмеген тарихи карталармен отандық тарихтың қайнар көздерін байытты», дейді Сағила Нұрланова.
Ұлттық архив қызметкерлері батыс еуропалық картографтар жасаған XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи карталарды да елге сәтті жеткізіпті. Сол құжаттарға сәйкес, әртүрлі кезеңдердегі қазақ жерлерінің Ресей империясының құрамына ену уақыты да көрсетілген. Мұнан өзге, сәтті табылған құжаттар қатарына 1856 жылғы Мейердің географиялық атласы да кіреді. Онда әлемдік маңызы бар елдер мен қалалардың карталары мен жоспарлары бар. Бұл басылымда XIX ғасырдың ортасындағы қазақ жерлері, қалалар, шекаралар мен әкімшілік бөліністер егжей-тегжей көрсетілген. Мысалы, «Тартария картасы» Жоңғар экспансиясы кезіндегі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында болған өзгерістерді айқын көрсетеді. Ал 1799 жылы Лондонда жарияланған Ресей империясының картасында қазақ даласының қалалары мен басқа да ескерткіш орындарының қирандылары бедерленген.
Сонымен қатар еліміздің Ұлттық архив қызметкерлері бірқатар құжатты елге жеткізді. Соның айқын дәлелі ретінде, өткен жылы Ресейдің бірқатар қаласына жасалған іссапарлар кезінде Алаш қайраткерлеріне, Исатайға, Кенесарыға, басқа да тұлғаларымызға қатысты тың деректер табылып, олар елімізге әкелінген. Сағила Нұрланованың сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда татар саясаткері Гаяз Исхақидің қоры өте құнды болып тұр. Ғалым, саяси қайраткер Г.Исхақи Ақпан, Қазан төңкерістері қарсаңында қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді түрде қатысқан. Әрі ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста болған. Исхақи қорының құжаттарында мұсылман съездерінің қарарлары мен қаулыларының хаттамалары бар. Ал Татарстанның Ұлттық архивінен Алаш қайраткері Әбубәкір Алдияровтың бұрын белгісіз болған құжаттары табылды. Сондай-ақ, Ұлттық архив қызметкерлері 1920-1930 жылдардағы саяси үдерістерді қамтитын құжаттарды анықтаған. Жалпы айтқанда, алдағы уақытта бабаларымызға қатысты тарихи құжаттарды терең зерделеу ісі одан әрі жалғаса бермек.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
журналист