Қазақстан • 28 Ақпан, 2023

Ел табысын еселейтін жоба

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қараша айында Достық-Мойынты теміржол телімінде екінші жолдарды салу басталғаны мәлім. Аталған телімнің өткізу қабілетін арттыру ел эконо­микасының еселеп дамуына қызмет етпек. Өйткені отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі алға қойған міндеттерді мүлтіксіз орындауда бұл инфрақұрылымдық жобаның маңызы өте зор.

Ел табысын еселейтін жоба

Желідегі екінші жол іске қосылғаннан кейін телімнің өткізу қабілеті 5 есе артады дейді мамандар. Қазір тәулігіне 12 жұп жүк пойызын өткізіп отырған болса, екінші желі пайдалануға берілгенде олардың саны тәулігіне 60 жұп жүк пойызына дейін көбейеді. Бұған дейін айтылғандай, жоба өте тиімді мультипликативті әсерге ие. 20 жыл ішінде ол Ұлттық қорға 543 млрд теңгені үстеме пайызымен қайтарады. Сондай-ақ бюджетке 4 трлн теңгеден астам салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Құрылысты жүргізу барысында қазақстандық қамту үлесі 85 пайызды құрап отыр.

Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін Балқаш стансасы, Жақсыбұлақ, Үшарал қаласы бойынша үш басқару орталығы іске қосыл­ған. Бұлармен бірге Жарық, Сарықұм, Ортадересін, Шолқызыл, Жақсы­бұлақ, Ақтоғай, Үштөбе, Сайқан стансаларында 8 өндірістік база құрылып, жұмыс істеп тұр. Тағы бір құптарлығы қазақстандық зауыттармен инертті мате­риалдар, темірбетон шпалдар және басқа да бұйым­дарды жеткізіп алу бойынша келісімшарттар жасалыпты.

Осы күнде Мойынты-Балқаш телімінде жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Көкдамбақ-Сарықұм аралығына жер төсемі төселген. 80 шақырым болатын бекіткіштері бар шпалдар жеткізіліп, 62 шақырымдық рельсті шпал торлары төсеуге дайын.

Құрылыс алаңында 125 бірлік арнайы техника және 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Жер төсемін салу және рельс-шпал торын төсеу үшін қосымша 6 төсеу пойызын және 8 хоппер-мөлшерлегішін тарту жоспарланған.