Экономика • 28 Ақпан, 2023

Қаңтарда қанша алтын құйма сатылды?

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбас­тау пункттерінде жалпы салмағы 79,5 кило болатын 2 364 алтын құйма сатылды.

Қаңтарда қанша алтын құйма сатылды?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,9 тонна тартатын 115 209 алтын құйма сатылыпты.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсыны­лады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 29 723 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 25 538 дана (22%), 100 грамдық құйма – 23 460 дана (20%), 20 грамдық құйма – 23 131 дана (20%) және 50 грамдық құйма – 13 357 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана жә­не Атырау қалаларында көп сатылған.

Алтын құйма – сенімді инвестиция құралы. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пункттері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банк­тер мен банктік емес жекелеген пункттер жалпы салма­ғы 484,6 кило болатын 19 228 алтын құйманы кері сатып алды, бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Ке­рі сатып алынған құйма­лардың барлығы Ұлттық Банк­тің аумақтық филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст һәм жиегі бар) және арнайы қораппен шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Алтын құймаларды Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jusan Bank-нен, ЦентрКредит Банкінен, сондай-ақ банктік емес жекелеген пункттерден де сатып алып, кері сатуға болады.