Қазақстан • 28 Ақпан, 2023

Мысыр елінен мың сәлем

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктем шуағымен ілесіп сонау Мысыр елінен, Каир шаһарынан ыстық ықылас, ізгі ілтипатқа шомылған, ішінде дұғай-дұғай сәлемі мен алғысы бар ақпарат келіп жетті. Мұның да өзіндік мәні бар. 1 наурыз – көктемнің алғашқы күнінде Қазақ­станда Алғыс айту күні тойланады. Бұл мерекеден ел мен елді елдестіретін елшіліктер де қалыс қалмай отыр.

Мысыр елінен мың сәлем

Жыл өткен сайын бұл мере­кенің мә­ні артып келе жатқаны аян. Оның үстіне Қазақстан мен Мысыр ара­сындағы қарым-қатынастың өзіндік нышаны іспетті сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Бұл мерекеде аға буын, ағайын-туыстарға ғана емес, «Біздің за­ман­ның қаһармандары» жоба­сы аясында еріктілер індет­пен күресуге, адам өмірін сақ­тап қалуға, адамдардың қауіп­сіздігі мен денсаулығына қам­қор­лық жасап, жақсылық пен қоғамға қызмет ету жолында күн сайын ерлік жасап жүр­ген барлық замандасымыз бен жерлесімізге де рахме­тімізді айтамыз. Мәселен, Дүние­жүзілік Еріктілерге алғыс айту күні де (World Gratitude Day). Алғыс айту күні АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жа­по­ния, Корея, Нидерланд, Швей­цария, Үндістан және әлемнің басқа да елдерінде тойланады. Бұл күні адамзат риясыз игі істер жасайтын мейірімді жандарға ризашылығын біл­діреді. Осы ауызбіршіліктің жарқын мерекесіне құрмет көрсете отырып, Қазақстан Рес­публикасының Мысырдағы елшілігі еріктілермен – Мысыр және Қазақстанның студент жастарымен бірлесе отырып, Жастар және спорт министрі доктор Ашраф Собхи мен Туризм және көне жәдігерлер министрі Ахмед Исаның тікелей қолдауымен Каир маңындағы «7 қыз» кешенінің аумағындағы тарихи орындарды қоқыстан тазарту қайырымдылық іс-шарасын өткізген. Бұл іс-шараны өткізуге ірі тазалау компаниясы «Bio Energy Egypt» (Mr.Mahmoud Galal), Hermes қаржылық холдингі (Mr.Karim Awad), «Arab Contractors» халықаралық құрылыс компаниясы (Mr.Sayed Farouk), «Edita» азық-түлік компаниясы (Mr. Hani Berzi), «EIPICO» фармацевтикалық компаниясы (Dr.Ahmed Kelani) сияқты елшіліктің мысырлық серіктестері өз үлестерін қосты.

Бұл қайырымдылық іс-шарасы Қазақстан мен Мысыр арасын­дағы қарым-қатынастың өзіндік символына айналған сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мысыр мен Сирияның XIII ғасырдағы көрнекті билеушісі, қазақ даласының ұлы сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы екі елдің мәдениет саласындағы қарым-қатынасында ерекше орын алатыны аян. Екі елдің үкіметі де Бейбарыс мешіті кешенінің аумағындағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға көп күш жұмсап отыр. 2007 жылы 20 қазанда қол қойылған Каирдегі сұлтан Бейбарыс меші­тін қалпына келтіру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан тарапы Мы­сыр тарапына 4,5 млн доллар бөлді.

«Әмір Қорқамыш» ке­ше­­ні аумағында өткізілген қайы­рым­дылық іс-шарасы бары­­сын­дағы құттықтау сөзінде Мысыр­дың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы доктор Мұстафа Уазири мұндай игі істердің Мысыр және Қазақ­стан қоғамының ортақ игі­лігі үшін маңыздылығын атап өтіп, Қасиетті Рамазан айы мен Ораза айтынан кейін, яғни сәуір айы­ның соңында Каирдегі сұл­тан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылатынын хабарлады.

Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шариф өз кезегінде сұлтан Бей­барыс мешітінің ашылуы бауырлас екі халықтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға болатынын, оның салтанатты ашылу рәсімі осы жылдың сәуір айында Ораза айт мерекесінен кейін Қазақстаннан келетін арнайы делегацияның қатысуымен өтетіндігін атап өтті. Сондай-ақ Бейбарыстың мерейтойын тойлау жылында екі ел аумағында Мәдениет күндері, мәмлүктердің Мысырдағы билік ету дәуірі тақырыбында сурет көрмелері, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер сияқты ірі бірлескен іс-шаралар жоспарланып отырғанын жеткізді.

 

АЛМАТЫ