Ақтөбе қаласындағы орталық мешіттің ашылуына орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Ханафи мәзһабы – Орталық Азияның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Аталған конференцияның мақсаты – қазіргі замандағы Орталық Азия халықтарында қалыптасқан дәстүрлі діни қатынастар мен оның өзекті мәселелерін талқылау, Орталық Азия аймағындағы діни ахуалдар дамуының негізгі үрдістері мен тетіктерін ашып көрсету, Ханафи мәзһабының қоғамға беретін рухани-өнегелік құндылықтарының рөлін дәріптеу, діни ағартушылық жұмыстарын жүргізу арқылы экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу, діни салада туындаған талас-тартыс мәселелерін шешу жолдарын іздестіру.
Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов ашып, жүргізіп отырды. Ол өңірдегі діни ахуал, Ханафи мәзһабы туралы әңгімеледі. Дін өкілдері, теолог ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары және басқа зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиында Қазақстан Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров, Ресейдің Мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Дамир хазрет Мұхетдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры, теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Қазан қаласындағы Ресей Ислам университетінің ректоры Рафик Мұхаметшин, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан Ханафи мәзһабының шығу тарихы, оның қоғамдағы рөлі, қазіргі таңдағы діни ағартушылық жұмыстарды жүргізудің жәйі мен бағыттары, дін мен қоғамның байланысы, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, жастардың жат ағымдарға бой ұруына қарсы күрес мәселелері хақында баяндап, өзекті мәселелерді шешу туралы ойларын ортаға салды.
Конференция барысында еліміздегі азаматтардың діни сауаттылығын жетілдіру мақсатында Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Қазан қаласында орналасқан Ресей Ислам университеті мен Ақтөбе облысы «Дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі жанындағы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында қашықтықтан білім беру бойынша екіжақты келісімшартқа қол қойылды.
Конференцияға қатысушылар «Пікірталастан шешімге», «Діни сана және рухани азық «Діни ағартушылық – экстремизмнің алдын алу факторы» атты секцияларға бөлініп, жұмыс істеді, күн тәртібіндегі мәселені тереңірек талқылады.
Содан кейін олар Ақтөбе қаласындағы 111 жылдық тарихы бар қалалық орталық мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы, бұл мешіттің іргетасы 1901 жылы қаланып, 1903 жылы пайдалануға берілген екен. Араға 111 жыл салып аталмыш мешіт күрделі жөндеуден өтіп, 8 есеге үлкейтіліп отыр. Күрделі жөндеуден деген аты ғана, мұны тың жерден салынған жаңа мешіт десе де болады. Ғимарат үш қабаттан тұрады, құлшылық ету залдарының сыйымдылығы 2800 адамға арналған. Бірінші қабатта 2300 адамдық ерлер намазханасы мен әкімшілік бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта 500 кісілік әйел адамдар намазханасы, неке залы, оқытушылар бөлмелері мен оқу аудиториялары бар. Төменгі қабатта 150 адамға асхана, дәрет алу орындары орналасқан. Күрделі жөндеуден өткен ескі мешіт ғимараты болашақта музей болады деген ұйғарым бар.
Мешітті күрделі жөндеу-жаңарту жұмыстарына ұлтжанды азамат Есімхан Есенбаев басқаратын «Ғасыр нұры» қоғамдық қоры ұйытқы болды. Имандылық үйінің әшекейлеу, әрлеу және безендіру жағының сәулеттік жобасын Қазан қаласындағы «Құл-Шариф» және Ақтөбе қаласындағы «НұрҒасыр» мешіттерінің авторы А.Саттаров жасады. Жаңа мешіт құрылысын, сонымен бірге, ескісін жаңғырту жұмыстарын «Интерстиль» ЖШС жүргізді. Серіктестік құрылыс жұмыстарын екі жылда бітірді. Ақтөбе қаласындағы орталық мешіттің жаңа ғимаратын салуға және ескісін жаңғыртуға 680 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Осыншама қаржыны тек қана демеушілер мен меценаттар салған көрінеді. Мұнда негізінен сапалы құрылыс материалдары пайдаланылды. Алтын жалатқан және көркемделген ұсақ арнайы әйнектер Италиядан, тұтас жайма кілемдер Түркиядан, сәнді әрі қымбат аспалы шамдар Чехиядан, күмбезді қаптайтын материалдар Челябіден, граниттер Алматыдан жеткізілген.
Күрделі жөнделіп, жаңартылған Ақтөбе қаласындағы орталық мешіттің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров қазір елімізде мешіттердің көптеп салынып жатқанын, адамдардың дінге бет бұра бастағанын атап өте келіп, мұның барлығы еліміздің егемендігімен келген игіліктер екенін еске салды. Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров та бұл шаруаның жамиғат үшін жасалып жатқанын айтып өтті, имандылыққа ұйитын ұл – қыздарымыздың көбейе беруіне тілектестігін білдірді.
Жаңа мешітте құран оқылып, жамиғат жұма намазына жығылды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров діни уағыз айтып, жиналғандарды ислам қағидаттарына қанықтырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.