Үкімет • 28 Ақпан, 2023

АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын түпкілікті қолдайды

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізге алғаш рет ресми сапармен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларымен бірге С5+1 форматындағы министрлер кездесуіне қатысты. Астанада өткен алқалы жиынның күн тәртібінде өңірлік ынтымақтастық пен Орталық Азияның АҚШ-пен серіктестік мәселелерін одан әрі дамыту, экономика, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.

АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын түпкілікті қолдайды

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Сыртқы істер министрі Мұх­тар Тілеубердімен С5+1 фор­матындағы министрлер басқосуынан кейін БАҚ өкілдерімен кездесті. Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ресми сапарын қорытындылаған Э.Блинкен бүгінде жаһанда орын алған түрлі мәсе­ленің шешімін табу жолын­да Қазақ­стан ерекше рөл атқа­­рып, еліміздің әлемдік аре­на­да өзіндік орны бар екенін атап көрсетті. «Соның ішін­де, ядро­лық қарудың таралуын тоқ­та­ту, бітімгерлік опера­ция­лар­ға қатысу, сондай-ақ ғарыш ке­ңіс­тігін зерттеудегі үлесі мол», деді Э.Блинкен. Сон­дай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық игілігіне бағытталған рефор­ма­ларын қолдайтынын жеткізді.

– АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әр­қашан қолдайды. Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қа­тыс­ты жүргізіліп жатқан ре­фор­малардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезегінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвестиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр, –деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де АҚШ-пен өзара әрекеттестік кеңей­тіл­ген стратегиялық серіктес­тік рухында дамып келе жат­қа­нын атап өтті. Бұл өз кезегін­де сая­си диалогтің, сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ынтымақтастық жан­дануы­ның кепілі.

Сыртқы істер министрлігі мәліметіне сәйкес Қазақ­стан мен АҚШ арасын­дағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Ондағы экспорт көлемі 1,15 млрд дол­ларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.

– АҚШ – Қазақстан экономика­сын­дағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жыл­дың алғашқы үш тоқсанында Америка инвестициясының көле­мі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті.

Қазақстанда АҚШ капиталының қа­тысуы­­мен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс іс­тейді. АҚШ компаниялары Қазақ­стан на­ры­ғына жоғары қызығу­шылық танытып келеді. Қазақстан Амери­ка Құрама Штаттарының Орталық Азия ай­ма­ғы­мен ынтымақтастықты нығайтуға бейіл­ділігін жоғары бағалайды, – деді министр.

Сондай-ақ Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер министрлерінің С5+1 форма­тын­­дағы министрлер кездесуінің аяқтал­ғанын айтып, оның маңызына тоқталды.

– Кездесу күрделі халықаралық жағдайда өңірлік байланысты нығайтуға бағытталған ортақ саяси күш-жігерімізді айқын көрсетеді. Біздің мемлекетіміз өзінің дипломатиялық басымдықтарына сәйкес көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатын жал­ғастырып келеді. Орталық Азия мен Америка Құрама Штаттары біздің негізгі серіктестеріміз болып қала береді. Бұл қабылдаушы тарап ретінде біз үшін С5+1 форматын аймақтық ынтымақтастық­тың өзекті тетігіне айналдырады. С5+1 тетігі өзін Орталық Азиядағы эконо­микалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды ілгерілетудегі тиімді аймақтық дипломатиялық платформа ретінде танытты. Іс-шара барысында азық-түлік қауіпсіздігі, терроризммен күрес, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда кең ауқымды мәселелер талқыланды, – деді М.Тілеуберді.

Сондай-ақ министр АҚШ тарабына екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға деген ниеті үшін алғыс айтты.

– Астанаға алғашқы ресми сапарымен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді елдің Сыртқы істер министрлігінде қабылдауға ризамын. Мен онымен осы уақытқа дейін әртүрлі халықаралық іс-шараларда және Вашингтонда кездескенмін, телефон арқылы бірнеше рет сөйлестік. Ал бүгін Блинкен мырза Астанаға ресми сапармен келді. Кездесуге дейін АҚШ делегациясымен өте нәтижелі кездесулер өткіздік. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында да болды. Достық және сындарлы сипатта өткен келіссөздер барысында екіжақ­ты және көпжақты күн тәртібіндегі өзек­ті мәселелер, сондай-ақ Қазақстан-Америка ынтымақтастығының перспективалары талқыланды, – деді Сыртқы істер министрі.

Сондай-ақ министр С5+1 форматына қатысушы елдердің делегациясын осы жылдың 8-9 маусымында өтетін «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.