Тарихта ұлтымыздың ұлттығын сақтау үшін аянбай тер төккен хас батырлардың бірі – Жәнібек Бердәулетұлы. Ел қорғаудағы ерен ерліктеріне қарай батырдың есімінің алдына «Ер» атауы қосылып, тарихта «Ер Жәнібек» атымен қалған ардақты есім Абылай заманындағы Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр, қаз дауысты Қазыбек, қу дауысты Құттыбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай, Райымбек секілді ірі тұлғалар есімімен қатар аталады. Жоңғарға қарсы соғыста саптан табылып, елінің жоқшысы болған батырдың туғанына биыл 300 жыл толып отыр.
Қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында бар өмірін сарп еткен, Абылай ханның бас батырларының бірі болып, оның оң тізесінен орын иеленген азаматтың есімі әрқашанда биік. Шараның басы бірнеше күн бұрын Бейбітшілік және келісім сарайында ақындар айтысымен басталып, кеше ғана айтулы білім ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын тапты. Алдымен Күлтегiн ескерткiшiнiң түбiнде отандық және алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, «Ер Жәнiбек – ұраным» әнi оркестрмен шырқалды. Содан соң ЕҰУ-дің проректоры, профессор Диқан Қамзабекұлының жетекшілігінде батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Шарада Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың жолдаған құттықтауын Мәжіліс депутаты К.Бұрханов оқып, Мәжіліс депутаты А.Тұртаев құттықтау сөз сөйлесе, тағы бір Мәжіліс депутаты Б.Смағұл жырдан шашу шашты. «Мәңгiлiк Ел» ұлттық идеясы мен мәнiн батырлар рухын ұлықтаумен байланыстырған конференцияда Қазақстан мен шетелдерден келген қазақ ғалымдары қазақ жерiн азат етуде ерен ерлiк көрсеткен баһадүр Жәнiбек Бердәулетұлының ерлiгi мен XIX ғасырдағы тарихи кезең жайлы ғылыми-зерттеулерден баяндамалар жасады. Тұрсынбек Кәкіш бастаған қазақ зиялылары батыр туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Мерейтой аясындағы шаралар Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында Ер Жәнібекке арнайы ас пен спорттық, мәдени шараларға ұласты. Қоянды ауылының орталығында, батыр аттас саябақта орнайтын батыр ескерткішінің іргетасын қалау рәсімі жібін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков пен республикалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев кесті. Ал Парламент депутаттары, Ақмола облысы әкімдігінің, Денешынықтыру және спорт агенттігінің өкілдері, әлем чемпиондары, ғалымдар мен жазушылар, шетелден келген қонақтар салтанатты шараларға бастан-аяқ қатысты.
Ер Жәнібектің есімін ұлықтау шараларының басы-қасында жүрген «Ер Жәнібек» халықаралық қорының басшысы Мақсұт Темірбайдан игілікті істің мән-жайын кеңірек ашып беруді сұрағанбыз. Ол баба есімін ұлықтау, ел жадында жаңғырту ісі 2006 жылдан басталғандығын жеткізді. «Қазақстанда Ер Жәнібектің насихаты төмен, көп жерде біле бермейді. Бұл істің бастауында Қытайдағы қандастарымыз тұр. Елімізге оралған соң Ер Жәнібектің аты шыға бастады. Сол жылы алғашқы конференция да өтті. Бабаның жатқан жері нақтыланып, Қалба тауда шақшақ Жәнібек емес, Ер Жәнібек Бердәулетұлының жерленгендігі анықталды. Семейдің меценат азаматы Қанат Сүлейменов 300 мың доллар қаражат бөліп, Қалба таудың басына үлкен ескерткіш орнаттық. Бұл 2009 жылы болатын. Басын көтердік. Бұдан кейін де бірқатар баспасөз мәслихаттары өтіп, ғылыми баяндамалар жинақталып, кітаптар шығарылды. Батырдың туған жылына орай, 300 жылдығы қарсаңында 2014 жылға көп шаралар жоспарланды. Биыл Ер Жәнібекке байланысты үш кітап жарық көрді. Бұл – тарихшылар мен қазақ әдебиеті институтымен жасалған тығыз байланыстың нәтижесі. Институт басшысы Уәлихан Қалижан өте көп көмек көрсетті. Қытайдан келген 290-нан астам кітаптың барлығын зерттеп, Жәнібек Бердәулетұлына қатысты тың деректермен толықтырылған кітап шықты. Моңғолиядағы қандасымыз, Сұлтан Тәукей есімді ағамыз «Ақыр Жәнібек» атты роман жазып шықты. Еуропада, атап айтқанда, Берлинде батыр баба есімі насихатталды. Ал жарияланған кітаптардың көпшілігі тегін таратылды», деді ол.
Жыл соңына қарай Қалба тауда бабаға арналып үлкен ас берілмек екен. «100-ден астам үй тігіледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің қолдауларымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, пошта маркасы шығарылмақ. Мемлекет қаржы бөліп, үлгісі бекітіліп қойды», деді тағы да М. Темірбай. Ал батырдың жетінші ұрпағы Сағадат Мырзахметұлы мерейтойға қатысты өткізіліп отырған шараларға келгеніне қуанышты екендігін жеткізді. «Абылай ханды жау қолынан құтқарғанда берген ту біздің сандығымызда тарихи жәдігер ретінде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Бабаға қатысты 2006 жылдан бастап атқарылып келе жатқан шаралардан қалған емеспін. Батыр бабамыздың аруағы қолдап жүрсін! Той мерейлі болсын, егемендігіміз жасай берсін, қазақты бірлігінен айырмасын», деп жиналғандарға бата берді. Киелі ту салынған сандық туралы сұрағанымызда, ол құнды жәдігерге ие болып отырған аға-інілерінің бар екендігін кейін елге әкелуге болады деген ойын жеткізді. Ал батырдың саптыаяғы Алматы мұражайында тұрған көрінеді.
Шараның ауқымдылығын, маңыздылығын шағын мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ас беріп жатқан ауылдың қызықтары өз алдына. Аспан айналып жерге түсетіндей ыстыққа қарамастан, мерейтой қызығына берілгендердің бір тобы ән салып думандатса, екінші бір шетте белдескен жастар көрінді. Оны ұйымдастыру ісінің ортан белінде жүрген Жәди Шәкенұлы, мерейтойдың бастапқы идеясы қазақты тұтастыру екенін айтудан жалықпаған профессор Т.Кәкіш және басқа да азаматтарға елі риза. Дәйім бірлігімізден ажырамайық, деген оймен тойдан разылықпен қайттық.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».