Қоғам • 01 Наурыз, 2023

Қазақстан мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ынтымақтастықты дамытуда

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Ерлан Байдәулетпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz, СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ынтымақтастықты дамытуда

Қ.Тумыш Қазақстан жалпы халқы 1,7 миллиардтан астам Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті. Осы ретте, Қазақстан АҚИҰ құрудың бастамашысы бола тұрып, Ұйымның мүшелік құрамын кеңейтуге белсенді көмектесуге және осы бағытта жұмысты одан әрі жалғастыруға ниетті.

Сонымен қатар Министрдің орынбасары әлемдегі өзгермелі геосаяси жағдай мен азық-түлік қауіпсіздігіне жаңа қатерлердің пайда болуы аясында АҚИҰ әлеуетін толыққанды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Е.Байдәулет АҚИҰ жұмысының барысы мен ағымдағы қызметі, сондай-ақ Хатшылықтың 2023 жылғы жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті. Тараптар ұйымды одан әрі дамыту, оның ішінде ИЫҰ кеңістігіндегі өңірлік ұйымдармен және форумдармен өзара іс-қимыл шеңберіндегі мәселелерді талқылады.

Сұхбат барысында гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған жобаларды, оның ішінде Ауғанстанның азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын (AFSP) іске асыру, осы елге көмек көрсетуге бөлінген Қазақстан қаражатына Ауғанстанға гуманитарлық конвой жіберу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен бірге Қ.Тумыш Е. Байдәулетке жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға қазақстандық гуманитарлық көмекті жеткізу бойынша көрсеткен қолғабыс үшін алғысын білдірді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары түріндегі көмекті АҚИҰ басшылығы Алеппо қаласындағы Сирияның уәкілетті өкілдеріне Ливандағы ҚР Елшілігі мен Сириядағы ҚР Консулдығының көмегімен табыстады.

Тараптар АҚИҰ мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жөніндегі Хатшылықтың күш-жігерін Қазақстанның қолдауымен ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.