Саясат • 01 Наурыз, 2023

Астананы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астананы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, реновациялаудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу туралы баяндады.

Сонымен қатар Астана қаласының әкімі жаңа тұрғын үйлерді іске қосу болжамдары, үлескерлердің проблемаларын шешу жөніндегі шаралар, ЖЭО-3 және газ жылу станцияларын салу, ауыз су өндіру үшін сорғы-сүзгі станциясын іске қосу, алты қосалқы электр станциясы мен ірі кәріз-тазарту нысанын жобалау туралы хабардар етті.

Елорда әкімі автожолдарды салу және жөндеу (30 жоба), Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірде көлік қозғалысын іске қосу, автобус паркін жаңарту (+400 автобус), LRT жобасын іске асыру, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер (24 мектеп), басқа да медициналық және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін ашу жоспарлары туралы айтып берді.

.

Әлихан Смайылов елордада тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынын сақтап, озық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Бұл ретте Үкімет басшысы құрылыс салушы компаниялардың бекітілген нормалар мен жалпы заңнаманы сақтауын бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталды.

Премьер-министр Астананы көгалдандыру шараларына баса көңіл бөліп, жыл сайын ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынын арттыру керектігін айтты.

Кеңесте инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, энергиямен, жылумен, сумен және газбен жабдықтауды дамыту, сондай-ақ заңсыз үйілген қоқыс полигондарын жою туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова және энергетика вице-министрі Әсет Мағауов баяндама жасады.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр мемлекеттік органдарға өз бағыттары бойынша  Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді сапалы орындауды тапсырды.