Қазақстан • 01 Наурыз, 2023

Болгарияның ең ірі жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады

398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның Болгариядағы елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охридски атындағы София университетінің ректоры Анастас Герджиковпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Болгарияның ең ірі жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады

Кездесу барысында София университеті мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді әріптестікті арттыру бойынша нақты бастамалар қаралды. Атап айтқанда, 2018 жылдың қазан айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестік келісім негізінде құрылған әл-Фараби ғылыми-білім беру және мәдени орталығының қабырғасында қазақ тілін оқыту тәжірибесін одан әрі ілгерілетуге әңгімелесушілердің ерекше назары аударылды. Сонымен қатар қазақстандық дипломат университет басшылығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, болгар студенттері арасында қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанына және осы пәнді «Түркология» факультетінің оқу жоспарына енгізгеніне ризашылығын білдірді.  

Сонымен қатар жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі мемлекеттік мақсатты орындауға қосқан үлесі тұрғысынан В.Темірбаев Болгария университетінің ректорын 2023 жылдың күзінде Астана мен Алматыда өтетін «International Education Fair» халықаралық білім беру көрмесіне қатысуға шақырды.

Жиында В.Темірбаев ҚР Парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліс және жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына егжей-тегжейлі тоқтала отырып, мемлекеттік билік институттарын қайта жаңғырту шеңберінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер жайлы ақпарат берді.

Соңында тараптар кездесу барысында белгіленген барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.