Любляница өзенінің жағалауында жалауы желбіреген жарыста Рита Бәкішева (46 кг), Мария Севостьянова (57 кг), Самирхон Абабакиров (58 кило), Нұрбек Газез (63 кг) және Елдар Бірімбай (68 кг) барлық қарсыластарын сыпыра ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Көптеген аса ірі халықаралық додада ел намысын абыройлы қорғап жүрген Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Руслан Жапаровтан да (+87 кг) дәл сондай нәтиже күткен едік. Алайда жартылай финалда сүрінген сақа спортшыларымыз бұл жолы қола медальды қанағат тұтты. Сол секілді Айдана Құмартаева (46 кг), Ботакөз Қапанова (49 кг), Назым Махмұтова (62 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг), Әзірет Дүйсенбек (54 кг), Елжан Елшімбай мен Аманбол Бегимбетов (58 кг), Рахат Рақым (63 кг), Әлібек Ермекбай (68 кг), Нұрлан Мырзабаев (68 кг) және Бауыржан Қасенов те (87 кг) дәл сол межеден көрінді.
Ал ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Наргиза Қойшыбекова (46 кг), Виктория Кучина (57 кг), Жавохирхон Исламов (54 кг), Әділет Базарбаев (63 кг), Мақсат Орынбасар (68 кг) және Рақым Әділханов (80 кг) шешуші тұста ұтылып, күміс жүлдені еншіледі. Нәтижесінде, жерлестеріміз командалық есепте бірінші орынды олжалады.