Мектеп • 01 Наурыз, 2023

ІТ-лицейдегі айшықты істер

396 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» депті ұлы философ Әл-Фараби. Бүгінгі ұрпақ заманауи инновациялық техноло­гияларды меңгерген, цифрлық бағдарламаларды қарқын­ды дамыта алуы керек. Көкшетаудағы Әл-Фа­раби атындағы ІТ-лицей ел болашағының берік қалыптасуына үлкен үлес қосып келеді.

ІТ-лицейдегі айшықты істер

Көз ілеспес жылдамдықпен қарқынды дамып келе жатқан әлемдік өркениетке құлаш ұрған еліміздің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан жас ұрпақ­тың еншісінде. Жаратылыстану-матема­тикалық бағыттағы білім беретін ұлттық ІТ-лицейдің бас­ты мақсаты – ақпараттық технология мен ғылыми зерттеулер ар­қылы тұлғаны жеке және ғылыми техни­калық әлеуетін дамыта отырып, білім беру негізінде қалыптастыру. Осы орайда лицейде роботтехника, STEM, интеллектум, менталды арифметика бастауыш сыныптардан бастап жүргізілетіндігін айта кетелік. Бір ерекшелігі, әрбір оқушының өзіндік бағдарламалары күрделі деңгейдегі платформаларда жасалып отыр. Сәл таратып айтатын болсақ, цифрлық технология­лар аясындағы Polleverywhere, Learningapps, Wordwall, ThingLink Google қосымшалары қамтылған. Лицейдің тағы бір ерекшелігі жа­ра­тылыстану-математика бағы­тында оқушылардың цифрлық техно­логия­ларды қолдану арқы­лы білім сапасын көтеру және ІТ-маман­дығын таңдауға адастырмас бағыт-бағдар беру. Міне, сондықтан да аталған оқу орнында роботтехника, STEM қосымша сабақтарында әртүрлі lego mindstorms ev3, Lego WeDo 2, fischertechnik, arduino, Robotis STEM тә­різді құрастыру жиынтықтары қолданылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мә­жілісінің отырысында «Жал­­пы, бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гума­нитарлық мамандықтарға құ­мар­лықтың заманы өтті, техни­ка­лық мамандықтарға ба­сымдық беру керек. Біз инженерлер мен өнер­кәсіпшілердің жаңа буынын тәр­биелеуіміз керек», деген болатын, – дейді Әл-Фараби атындағы IT-лицей директоры Әйгерім Қо­шанова. – Өте орынды пікір. Бұл – заман талабы. Лицей түлектері ІТ мен инженер мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарына түсіп, кәсіби құзыреттілік ба­ғыттарын же­тілдіруде. Демек бо­лашақтың берік баспалдағы осындай білім ошақ­тарында жаса­ла­ды деп айтсақ, еш артықтығы жоқ.

Сөз арасында STEM қосымша сабақ­тары туралы да айта кете­лік. Оқушылар сабақ барысында жобаны ғылыми тұрғыдан жан-жақты, түбегейлі зерттейді, әр­түрлі бағдарлама жасайды. Те­рең­детілген сараптама әзірлеп, дайын өнім ұсынуға қабілетті. Қа­шық­тан оқыту кезінде оқу үрдісі бірнеше білім ресурстары Zoom, Google Сlassroom, Bilimland, Daryn online, Google Meet платформаларында ұйымдастырылыпты. Оқу орнында ерекше атап өтетін платформа – Tinkercad. Мұнда виртуалды жобалар жасалады. Тіпті олардың 3D мо­делін де жасауға болады. Тиім­ділігі де орасан. Айталық, қа­­шықтан оқы­ту немесе құрал-жабдықтардың жетіс­пеушілігін толайым қанағаттандыра алады әрі жасалған жұмыстың виртуалды нәти­жесін көруге, бағасын беруге де болады. Мұғалім платформада оқушылардың жылт еткен жаңалығын, алға ұмтылған жетіс­тігін қалт жібермей көре алады. Айт­пақшы, лицей оқушылары STEM бағы­тына негізделген «Volt STEM», «ІТ championship», AkmolaPower, «WRO» әлемдік роботтехника олим­­­пиадасы мен республикалық Robobalapan 6+, Kazrobotics сайыс­та­рының жүл­дегерлері атаныпты.

«Олардың арасынан жақсы білім дең­гейін көрсеткен Сәкен Дәуренбек, Бах­тияр Метаев, Маж­кен Ассадулах, Асылхан Қошанов, Арман Мақышев, Бауыржан Дар­хан тәрізді оқушыларды бөле-жара атай кетуге болады», дейді Әйгерім Бо­лат­­қызы.

Ендігі бір мәселе – оқу үде­рісінде ақ­па­раттық технологияларды игерудегі ағылшын тілінің рөлі. ІТ-саласында істейтін мамандар үшін ағылшын тілін жақсы білу – заман талабы. Шынтуайтында, әлемдегі жаһандық өзгерістер компьютерлерді білім беру сала­сында пайдалануға себеп болды. Бүгінгі таңда бұл тараптағы жетістікті статистика талдап, саралап, қолмен қойғандай көрсетіп отыр. Сол деректерге жүгінсек, әр жыл сайын ақпарат көлемі әлденеше есе өседі екен. Білім не­гізі де жыл сайын жаңарып, жаң­­ғыруда. Ендігі жерде жас толқынды заман талабына сай білім­мен қамтамасыз ету білім саласының алдында тұрған күрделі міндет екендігі даусыз. Соңғы жылдары, әсіресе төрткүл дүние­ні жаман тұмау жайлаған кезде қа­шық­тан оқыту күрделі мәселеге айнал­ды. Міне, осы уақытта компьютер тілін меңгерудің талабы өсе түсті. Ал бұл та­рап­тағы білім-білік, жасыратыны жоқ, ағыл­шын тілі арқылы жас ұрпақтың сүйе­гіне сіңіріледі. Кейінгі уақытта виртуал­ды мектеп ұғымы өзекті бола бас­тады. Дүниежүзілік ғаламдық желідегі сайттардың 57 пайызға жуығы ағылшын тілінде. Хат-хабардың 75 пайызы, телерадио бағдарламаларының 60 пайызы, баспа басылымдарының 50 пайызы ағылшын тілінде жазылып, таратылады. Міне, осы­ған байланысты ағылшын тілі қазір адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Білім ошағында ағылшын тілін үйрету оң жолға қойылған. Бұл істің бір артықшылығы, кез келген уни­вер­ситет те білім алуға мүм­кіндік береді. Сон­дықтан да ІТ-лицей 5-6 сынып оқушылары үшін English Literature үйір­месін құрып отыр. Бұл үйірменің бас­ты мақсаты – шетел әдебиеті арқылы лицей оқушыларының оқу сауаттылығын қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту, көпдеңгейлі әдістермен коммуникативті құзыреттілікті дамыту. Оқушылардың қызығу­шылығын арттырып, ағылшын тілін әртүрлі бағытта, оның ішінде ІТ-технологияларда және қазіргі уақытта аса маңызды рөл атқаратын жалпыға қолже­тімді ағылшын тілді платформа­лардан ақпарат алуға қолже­тім­ді ету. Математика және ең­бек пәнінің мұғалімдеріне де ағылшын тілін үйрену арқылы жаңа технологияларды, әрқилы тәсілді, тиімді әдістерді, маз­мұн­ды бағдарламаларды мең­геру дағдысын міндет етіп қой­ған. Осы­ған байланысты оқу орнында 2020 жылдан бастап педагогикалық кадрларға арналған Level up English курсы құры­лыпты. Оның мақсаты – ағылшынша тіл сындыру, сөй­леу және тыңдау дағдыларын жетілдіру. Бұл курсқа 13 мұғалім қатысып, бір жыл ішінде 25-ке жуық сабақ өткізген. Жыл соңында білім деңгейін анықтайтын тестіден өтіп, сертификаттарға ие болған.

Бір айта кетерлігі, ІТ-индус­трия өте қарқынды дамып келеді. Жылдам жүйт­кіген көштің алған ақпараты да күн өте келе ескірмек. Ескірген соң, әрине, мағы­насын жоғалтады. Лицей оқушылары заман ағысымен бірге жүзіп, заманауи технологияларды мұқият зерттеп жатыр. Жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдері STEM білім беру курстарын ұйым­дастыруда. Бір айта кетерлігі, бағ­дар­ламалық бөлімді меңгеру үшін ағылшын тілін білу қажет. Сондықтан лицей мұ­ғалімдері тек теориялық білімді ғана емес, іс жүзінде қолдануды да ұштас­тыра үйре­теді. Сәл ғана таратып айтатын бол­сақ, олар жобалардың ақпараттық бө­лігін жасап болған соң бағдарламалық кодын жазып, қорғауға кіріседі.

Лицейде 1-11 сыныптар ара­лығында роботтехника бойынша факультативтер енгізілген. Оқушылар өз білімдерінің нәти­жесінде қызғылықты жобалар жасап, түрлі байқауға қа­тысады. Бі­лім деңгейі осылай та­разы басына тар­тыл­ғанда анық­талмақ. Бір жақсысы, білім ор­дасының оқушылары ағылшын тілінде еш қи­ындықсыз оқи алады. Осы оқу жылынан бастап Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық орната бастады. Себебі бұл ел – ақпараттық техно­логияларды, әсіресе жасанды интеллектіні да­мытуға әлемдегі жетекші ел­дердің бірі. Өткен жылы лицейдің 13 оқушысы ағылшын тілін үйрену мақсатында Оңтүстік Корея­ның жазғы лингвистикалық лагерінде демалып қайтты. Оқу­шылар ІТ-технологияларды, роботтехника саласындағы білімді дамытуды, өзара тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

 

КӨКШЕТАУ