Мирабоның көпірінің астымен
Сена баяу ағады,
Бірге ағады махаббатым жаралы,
Мұңның бұлты айықты,
Қуанышым көлге салды қайықты.
Түн келеді, иен ғалам,
Күн кетеді, мен қалам.
(Ғалым Жайлыбай аудармасы)
Сірә, «махаббат ақыны» деген сирек атақ берілер болса, Аполлинерге берілуге тиіс. Оның әр жылда жүрек инесінен өткен ғашықтары, сүйіктілерге арналған бұрқасын жырлар кісіні елітпей қоймас. Әсіресе майдан шебінде, зеңбірек уілінің астында жүріп Луға жазған хат-өлеңдері жанды өртейді. Өмір мен өлімнің ортасында отырған ақын ғашығына соңғы арзуын, жан күйі кешкен тұмса сезімдерін баян етеді. Сұлулықтың алдында сәбидей еңбектеп, сарабдал сөзін сабақтайды.
Егер де мен ажал құшсам отты
майдан шебінде,
Луым менің, өксік буар күні бойы сені де.
Жалқы жадым ұшар бейне келіп
бейғам мерзімі,
Ал жарылған зеңбіректің жалқын оғы әріде
Нәзік гүлге айналар-ау лағыл шашып өмірге!
Ақын өмірі қым-қиғаш бұрылысқа, соны түйіндерге толы. Мәселен, ақынның майданға өзі сұранып баруы ерлікке барабар. Өйткені еліне ұлтжанды болмысын танытқысы келген-тін. Ал Моно Лизаның картинасын ұрлаған күдіктілердің ішінде болып, 1911 жылы абақтыға жабылуы жеке хикая. Ақынмен бірге аңызға айналған Пабло Пикассо түрмеге тоғытылған болатын. Алайда тергеушілер Аполлинердің ұрлықпен еш байланысы болмағанын, зәредей кінәсі жоқтығын анықтайды. Моно Лиза картинасын ұрлаған Лувр қызметкері италиялық Винченцо Перуджа болып шығады. Ол танымал суретті Флоренция базарына саудаламақ сәтінде қолға түскен.
Эрих Мария Ремарк жазған Бірінші дүниежүзілік соғыс алқабы – ажал иісіне қамалған мезет. Өндіре жазған майдан шебінен Аполлинер ауыр жарақат алады, зеңбірек жарықшағы басын жарадар етеді. Дәрігерлер қаншама тырысқанымен денсаулығы толықтай сауыға алмайды. Жарақатқа қарамастан ол шығармашылыққа бас қоюдан танбайды. Айналасын қаумалаған жас ақындармен пікір алысып, достарымен бірге театрлық қойылым жазады. Сюрреализм бағытында «Тиресей кеудесі» атты пьесасын жарыққа шығарады.
Аполлинерге дүбірлі даңқ көзі тірісінде-ақ келіп жетті. Пьер Реверди «Ол біздің игілігіміз үшін, беделіміз үшін қызмет етті» десе, Жан Кокто «Аполлинер мен Пикассо есімі ажырамайтын қос ұстын. Ешкім де Пикассо сынды сурет сала алмайды. Ешкім де Аполлинерден артық жыр жаза алмайды» деп жоғарғы пікір білдірді. Иә, ол шынайы, паң жазады. Жеті қабат аспанды төндіріп, жеті құрлықты теңселтіп жазады. Ол – Еуропа поэзиясының алтын жүзігі.
Ақшыл көк аршагүлді үздім...
Бұл мүрдесі шығар жолымызда өлген
күздің.
уақыттың бейнесін көремін
сол қызғылт көк бұталардан үзілген.
Жаныма батады
енді мүлде жолыға алмайтынымыз
біздің...
Бірақ, сені күтетінімді ұмытпа!
(Марлен Ғылымханның аудармасы)