Айт-Ман ақын тұрпаты – дәуірлер демін жұтқан, заманалар хикметін сімірген кешегі хас бабаларды, кемеңгер жырауларды еске түсіреді. Тереңнен керуен тартқан көмескі үн емінтіп, еліктіріп, іш жиғызады, қандағы арқар күшін оятады. Шежірелі тарихы самсаған қазақтың қамын жеп, қабағын баққан, оң-терісін бағамдаған шайырдың сойы бөтен, тұрқы бөлек.
Ақпан айының ақырғы күнінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын Светқали Нұржанмен «Ай таранған түн» атты кездесу кеші өтті. Аталған кездесуді өткізуге бастамашы болған ЕҰУ қабырғасындағы «Кәусәр» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай ақынның шығармашылық ғұмырнамасынан үзінді келтірді.
«Жалынды жырларымен елдің рухын көтеріп жүрген маңғыстаулық ақын Светқал Нұржанды Айт-ман дейді. Ол енді Әбіш Кекілбаевтың қойған аты. Жуырда «Қазақ шайырлары» атты кітабының Анкарада тұсаукесері өтіп, түркі әлемінде сенсацияға айналды. Елге түркі әдебиетінің алтын медалін тағып қайтты. Өзі де аудармашы ретінде өндіртіп жұмыс істеген Светқали Нұржан француз, ағылшын, неміс, румын, грузин, украин, орыс ақындарын, шығыстан араб, парсы, түрік, түркімен ақындарын тәржімалап, қазақша сөйлеткен», деп ақынның ғұмырбаянын тарқатып, бүгінге дейін 22 кітабының жарыққа шыққанын, сондай-ақ өлеңдерінің ЮНЕСКО-ның алты тіліне аударылып басылғанын атап өтті.
Кездесу барысында университет студенттері ақын шығармашылығынан өлең оқып, арнау жырын жұртқа паш етті. Оқырман тарапынан келген алуан түрлі өзекті сауалдарға Айт-Ман ақын рух күшімен, жүрек түбімен маңызды жауап қатты.
– Қазақ тілінің жағдайынан басқа қайғымыз жоқ қазір. Бұл – айтсаң ауызың күйетін, айтпасаң иманың күйетін мәселе болып тұр. Қазақ балабақшасына баратын балалардың тілі бөтен тілде шығып кетіп отыр. Маңғыстау мен Шыңғыстауда бір орысы жоқ балалардың тілі орысша шығып жатыр. Егер тілімізді қорғап қала алмайтын болсақ, мына даланы 300 жыл несіне қорғадық?! Кешегі Кенесары Ақмоланы шапқанда Қараөткелдің қабірстанындағы 200 ақшейіт не үшін қанын төгіп, не үшін жатыр астананың қақ ортасында? Егер тіліңнің қасиетін мемлекетіңнің басында отырғандар сезіне алмайтын болса, онда не үшін керек мына тәуелсіздік?» – деп толғанды ақын.
Айт-Ман поэзиясында жан-жақты жанрлар, тоғыз торапты ізденіс іздері көрінеді. Соның ішінде баллада жанрында жазылған жырлар көптеп танылады. Ақын көпшілік қауымға сыршыл махаббат лирикасымен сабақтасып, адамдық асыл құндылықтарға, терең жауһарларға суарылған аспанкөк жырдан шашу шашты. Көпшілік қауымның рухы көтеріліп, халық сұрауы бойынша біршама жырлар оқылды.
Мұнан соң сөз алған белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы ақынның адуын қуатына қол соғып, ақжарма тілегін білдірді.
– Өлеңдеріңізді оқимыз, әңгімелеріңді тыңдаймыз. Біздің айта алмаған, айтуға жүрегіміз жетпеген дүниелерді батыл айтып жүрсің. Әбіш ағамыздың ізін басқан інісісің, істей алмаған, айта алмаған дүниесін өзің атқарып келесің. Ол кісі саясатпен айналысып, көп дүниені айта алмады. Ол кісімен де кезінде әңгімелескен едім, – деді Қаржаубай Сартқожаұлы.
Рухани ұлағатқа толы кеште мәңгілік құндылықтар мәселесі, Жаратушыға жету мен өз-өзіңді тану, кітап оқудың мәні мен маңызы, адамзат алдында тұрған өткелдер туралы құнды жайттар қозғалды.