Спикердің айтуынша, Астананың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және ерекше бақылауда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында өткен жылы 27,5 мыңнан аса жұмыссыз адам әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Олардың арасында 12,4 мың адам жаңа жұмысқа тұрды, ал оның ішінде елорданың 8 362 тұрғыны тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 350 грант берілді. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқытудан 172 адам өтті, жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқытудан 64 адам өтті. Бұған қоса «Бастау бизнес» жобасы бойынша 4 320 адам, ал enbek.kz платформасында 598 адам онлайн оқыды.
«Астанада 40 513 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 35 981-і – тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамтылмаған халықты жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында 62 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысушылардың жалақысының мөлшері 30 АЕК-ке дейін артты. Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылды», деді С.Жаманбаев.
Сонымен қатар 2023 жылы елорданың 24 мыңнан аса тұрғынын, оның ішінде жастар арасынан 16,5 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы еңбекке араласуына жағдай жасау жоспарланып отыр. Бұл ретте 55 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Оның ішінде 10,3 мың орын Ұлттық жобалар аясында жүзеге асырылмақ.
«Электрондық еңбек биржасы порталында 1 674 жұмыс беруші 4 306 бос орын орналастырды. Сондай-ақ биыл бейінді басқарма жастарға 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде шағын несие берудің жаңа тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Елордада кәсіби біліктілікті тануға арналған бірреттік ваучерлер ұсынылмақ. Биыл 20 ақпаннан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз гранттар алудың бірінші ағымына өтінімдерді қабылдау басталды. Өтінімдерді қабылдау кезең-кезеңмен 4 ағымда, онлайн режімде, business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 132 азамат үшін гранттар көзделген. Жалпы, жұмыс іздеушілер үшін де, жұмыс берушілер үшін де көрсетілген барлық белсенді жұмыспен қамту шаралары enbek.kz электрондық еңбек биржасының порталында қолжетімді», деді спикер.