Таяуда James Webb ғарыш телескопы тың жаңалық ашып, ғаламның алыс түкпірінен ең көне алты бірдей галактиканы анықтады. Мұндай мәлімет бүкіл астрономды қызықтырып отыр. Көне галактикалар бұған дейін ғарышқа қатысты қалыптасқан ұғымды қайта қарауға итермелейді. Өйткені алты галактика «Үлкен жарылыстан» кейін көп ұзамай-ақ, қазіргі көзге көрінетін ғалам өз көлемінің 3 пайызына әрең жеткен кезеңде пайда болыпты. Әзірге телескоптың мәліметі соңғы әрі нақты деуге келмес. Әлі де тексере түсетін тұстары бар. Бірақ бұл жаңалық галактикалардың қалай қалыптасқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Ғалымдардың пайымдауынша, «Үлкен жарылыстан» кейін ғаламды қалың тұман басқан. Дүмпуден бөлінген мол энергия біртіндеп суынған. Миллиондаған жыл өткеннен кейін электрондар, протондар мен нейтрондар бірігіп, сутегі атомдарын құраған. Ғылыми ортада «ғаламның қараңғылық дәуірі» деп аталатын осы кезеңде гравитация күшімен атомдар бірігіп, материя құрауға кіріскен. Осылайша, тағы миллиондаған жылдан кейін алғашқы жұлдыз туып, ең көне галактикалардың іргетасы қаланған. Айтпақшы, ғалымдар «Үлкен жарылыстың» қалай пайда болғанын әлі күнге анықтай алмай отыр. Түрлі теория ұсынғанымен, әзірге ортақ ұстаным бойынша ғаламдық дүмпу жоқ жерден болған.
Ғалам мен Құранды байланыстырған Харун Якия немесе түрлі тәпсірші ғұламалардың орнын басуды көздемейміз. Бірақ Құрандағы кей аят ғаламның қалай пайда болғаны туралы ойға жетелейтіні рас. Мысалы, Фуссиләт сүресінің 11-аятында аспан әлемінің тұман секілді болғаны, содан кейін жер мен ғалам Алланың бұйрығына бағынғаны айтылады. Сондай-ақ Зарият сүресінің 47-аятында ғаламды Құдайдың жаратқаны және оның ауқымын ұлғайтып отырғаны келтірілген. (Газет оқылғаннан кейін түрлі мақсатқа пайдаланылуы мүмкін екенін ескеріп, аят мәтінін жазбауды жөн көріп отырмыз. Қалаған адам Халифа Алтайдың аудармасынан оқып алар деп топшылаймыз).
«Үлкен жарылыс» теориясына сәйкес ғалам әрдайым ұлғайып отырады. Мұны алғаш анықтаған Эдвин Хаббл есімді АҚШ ғалымы. Ол 1929 жылы астрономиялық бақылау мен есептеулер арқылы жер шарынан алыс жұлдыздар мен галактикалар үздіксіз алыстап бара жатқанын байқаған. Ұзақ есептеуден кейін шын мәнінде ғарыштың үздіксіз кеңейіп отыратыны туралы ортақ пікір қалыптасты. Сондай-ақ галактикалар бір-бірінен қашықтап бара жатса, уақытты кері айналдырғанда оның бәрі кері сығылады, яғни бір нүктеге жиналады деген қорытынды жасалды. Демек «Алла қаласа 18 мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызады» деген тәмсілдің растығына ғылыми тұрғыда көз жеткіземіз.
Бұдан бөлек, кейінгі кезде теоретикалық-физиктер арасында мультиғалам ұғымы да кең тарай бастады. Ғалымдардың пайымдауынша, әлемдегі бүкіл материя ішек тектес тербеліп тұратын элементтерден құралған. Көпшілік ортада String theory деп аталатын бұл ұғым Квант физикасы мен Жалпы салыстырмалық теорияны біріктіреді. Теоретикалық-физик Мичио Какудың пікіріне сүйенсек, аталған сала «қара құрдымдың» құрылымы, ғаламның қалай пайда болғаны секілді өте күрделі астрономиялық сауалдарға жауап табуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ғаламның жалғыз емес, бірнеше нұсқасы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мұны түсіндіру үшін М.Каку кәдімгі қарапайым радио толқынды мысалға келтіреді. Кез келген бөлмеде радионың толқыны таралады. Бірақ қабылдағышты іске қоспайынша, оны тыңдай алмаймыз. Жиілікті ауыстыру арқылы бір радиодан екіншісіне өтеміз. М.Каку мультиғалам дәл осыған ұқсас деп сипаттайды. Бір жиіліктен екіншісіне өтпейінше, басқасы бар екенін білмейміз. Сол секілді дәл қасымызда екінші ғаламның тұрғындары ғұмыр кешіп жатуы мүмкін, бірақ оны байқамаймыз. Қызығы сол, Құранда адамдар мен жындардың бірге өмір сүретіні айтылады. Бәлкім, біздің мультиғалам деп жүргеніміз осы шығар.
Бұдан бөлек, уақыттың әркімде әрқалай жылжуы, күн мен галактиканың қозғалысы секілді ұғымдар да қасиетті кітапта келетін аяттармен үндес шығады. Әрине, Құранда айтылғандардың тәпсірі осы деп айтудан аулақпыз. Олардың шынайы мәнін жіберуші тарап қана біледі. Бірақ ғаламға қызыққан сайын, дінге де көзқарас беки түсетіні анық.