Үкімет • 02 Наурыз, 2023

Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада Алғыс айту күніне орай телекөпір ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңір­і­нен 40-қа жуық Достық үйлері онлайн қосылды. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкім­шілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов, этномәдени бір­лес­тіктердің өкілдері, ҮЕҰ мен ҚХА мүшелері және ерік­тілер қатысты.

Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Алғыс айту күні биыл елімізде жетінші мәрте тойланып отыр. Ме­ре­ке­нің мәні – кезінде тағдыр тәлкегімен Қа­зақ­станға қоныс аудар­ған түрлі этнос өкіл­дерін құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерген қазақ ұлтына деген елдегі 100-ден аса ұлыс ризашылығының көрінісі. Алайда кейінгі жылдарда бұл мере­ке­нің форматы өзгеріп, мән-мазмұны терең­дей түсті.

1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында қазір 350-ден астам ұлттық мәдени орталық бар. Бүгінде бұл ортаның бірлігі мен достығы, республиканың мемлекеттілігі мен тұтастығының сим­­волы ретінде қабылданады. Мұны ме­ре­кеге орай ұйымдастырылған телекөпірге қа­ты­су­шылар да баса айтты. Отырыста заманның жаңа сын-қатерлерін және конфессияаралық ке­лісімді нығай­ту­да­ғы ­нақты міндет­тер­ді талқылады.

Жиында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Сыр өңіріндегі құрғақ­шы­лық, Қостанай облысындағы орман өрті мен Павлодар облысындағы техногенді апат сияқты төтенше және табиғи жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен қазақс­тан­дық құтқарушылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтарға ризашылық біл­ді­ретінін айтып, қастерлі Отаны­мыз үшін аянбай еңбек еткен барша маман иелеріне құрмет көрсету керегін айтты.

– Алғыс айту күні мейірімділік пен достықтың жарқын мерекесі ретінде кеңінен аталып өтіледі. Елімізде алғыс айтудың өзіндік мәні бар. Іс-шараның ең негізгі мақсаттарының бірі – өске­лең ұрпақты толеранттылыққа, бір-бірі­не деген сыйластыққа тәрбие­леу. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, сипаты мен құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мере­ке­леу­дің форматын өзгер­ту қажет екенін айтқаны белгілі. Сон­дық­тан бұл мереке тұтас қоғамның құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісім­мен бірге айналамызда мейірім мен ізгі­лік­тің салтанат құруы аса маңызды, – деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің сөзін жалғаған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы төраға­сы­ның орынбасары – Президент Әкім­шілігі Қазақстан халқы Ассам­­блеясы хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов та жиналғандарға өз ал­ғысын білдірді. Ол көктемнің алғашқы күні – қазақстандықтарды өзара көмек, азаматтық жауапкершілік және еңбек культінің жасампаз құндылықтары негізінде топтастыратын алғыс атмос­фе­ра­сына толы мереке екенін атап өтті.

– Сіздер әрқайсыңыз еңбек­теріңіз­бен, қоғамдық жұмыс­тарыңыз­бен, қайы­рымдылық іс-шара­лары­ңызбен Қа­зақ­станның бейбітшілік пен келісім аумағы болып қалуы үшін еңбектеніп жүрсіздер. Біз Мемлекет басшысына және Ассамблея төрағасына сенімді саяси бағыт пен үлкен ауқымды ре­фор­малары үшін зор алғысымызды біл­діреміз, – деді ол.

Депортация жылдарында Қазақ­станға 800 мыңнан астам неміс, 18 мың корей, 507 мың тау халықтары және тәжік, дүнген секілді өзге де ұлт өкілдері жер аударылған екен. Содан бері қазақ халқымен етене болып кеткен диаспоралар бүгінде өзде­рі­нің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, дамытып бейбіт өмір сүріп келеді. Елі­міздегі қоғамдық келісімнің біре­гей үлгісін әлемдік қоғамдастық тарапы да жоғары бағалайды. Ал жалпы аймақтарда 12 облыстық, 7 қалалық, 13 аудандық Достық үйлері бар.

Мерекелік басқосуда тәжік этно­мә­дени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов та сөз сөйледі. Ол «Алғыс айту күні – өткен тари­хы­­мызға тағзым ету күні» дей келе, жиналғандарға мерекенің маңыз­ды­лы­ғын тарқатты.

– Адамзаттың бойындағы асыл қа­сиеттердің бірі – әлсізге қамқор, елге қайы­рымды болу, қолынан кел­­ген­ше жақсылық жасау. Сол ар­қы­лы қоғам мейірленеді. Осы күні ізгіліктің бәйтерегі гүлденіп, көктем­мен бірге жанымыз жадырап, жанымызда жүрген адамдарға алғысымыз артады. Сондықтан да 1 наурыз адамдарды жақындастырып, ел бірлігін нығайтатын мереке. Бұл еліміздің барша этностар арасындағы өзара сенім мен сыйластық деңгейінің жоғары екендігін, өзара түсіністік пен терең құрметті білдіреді. Бұл өзге этнос­тар­дың қазақтың рухани игілігі – кең пе­йіл­ділігі мен қайырымдылық дәс­түр­леріне терең тағзым белгісі бо­лып қалды. Мен мынау қазақ елінің қасиетті жерінде туып-өстім. Ата-анам да осы торқалы топырақта қа­зақ халқының қасиетті жерінде дүниеге келді. Алғыс айту күні барлық қазақ еліне құт­ты болсын, – деді Акбаржан Исмаилов.

Алғыс айту күнінің құрметіне өткен іс-шарада 10-ға жуық азамат Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі­­нің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи, «Оберег» украина қоғамы жастар қанатының төрағасы Юлия Лагуткино, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Әскер Пириев бар. Ал 8 адамға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі тапсырылды. Төс­бел­гі таққан­дардың қатарында Түр­кия елін­дегі зілзаладан зардап шеккен жан­дарға көмек көрсеткен құтқарушы Жанат Қаймерденов те бар.

– Мен 18 жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істеймін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз Түр­кияға барған құтқарушылардың екінші тобының қатарында болдық. Адам шығыны көп ауқымды апат аймағында бірінші рет іздеу-құтқару жұ­мыс­тарын жүргіздім. Бұған дейін қираған үйлерде, құбырларда жұ­мыс істеп көргенмін. Тәжірибем де бар. Түркияда құтқарушылар қиын­дық­тарға берілмей, шаршағанға да қарамастан, үздіксіз 12 күн бойы құт­қару жұмысының бел ортасында жүрдік. Осы уақыт аралығында біз­дің топ үш адамды құтқарды. Бас­қа тапсырмаларды да толық орындадық. Енді біз отбасымызбен жыл са­йын осы күнді тойлаймыз. Осы ретте барлық әріптестерімді Алғыс айту мерекесімен құттықтағым келеді, – деді Астана қаласы бойынша ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Жанат Қаймерденов.

Мұнан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі бү­гін­гі жастар үшін «еңбек адамының» үлгісі болған қарағандылық азамат, Костенко атындағы шахтаның кеншісі Даниэль Дильге және жүздеген ұл-қыздарды спортпен шұғылдануға ша­быт­тандырған кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Фируза Шариповаға да табысталды.

Телекөпір форматында ұйымдас­ты­рылған жиынға еліміздің әр өңі­рін­дегі 40-қа жуық Достық үйінен барлығы 400-ден астам адам онлайн қосылды. Сондай-ақ мере­келік отырыста дәстүрлі түрде өткі­зі­ле­тін «Қайырымдылық керуені» атты республикалық форумы бастал­ға­нын жариялады.