Үкімет • 02 Наурыз, 2023

Артық талап қысқарады

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды.

Артық талап қысқарады

Отырысты ашқан Үкімет басшысы мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен астамға, яғни жылына 25 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өсті. ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан бүгінде мұнайды ТОП-10 экс­порттаушының қата­ры­на кіреді.

«Жалпы, елімізде мұнай-газ саласы әлемдік трендтерге сай белсенді дамып келеді. Ол үшін өндірістің тиімділігін арттырудан бастап қайта өңдеу өндірістерін кеңейтуге дейін қажетті шаралар қабылданып жатыр»,  деді ол.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндамасында, геологиялық барлауға қосым­ша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрде­лі жобалар үшін реттеу­шілік және фискалдық префе­рен­ция­лар пакетін көздейтін Жақ­сар­тыл­ған модельдік келі­сім­шарт ен­гізілгенін атап өтті. 2023 жылы инвестиция көлемі 6 млрд доллар болатын осындай алғаш­қы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен 2 млрд долларды құрайтын тағы бір ке­лі­сім­шартқа қол қою пысық­талуда.

Бұдан басқа, салада элек­трон­ды аукциондар өткізуді оңай­­­лату жөнінде шаралар қа­был­данды. Осы жылы кен орын­­дарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдала­ну саласындағы рәсімдерді жеңіл­дету жұмыстары жалға­сады.

Мұнай-газ химиясы өнер­кәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау шеңберінде белсенді дамуда. Атап айтқанда, өткен жылдың соңында қуатты­лығы 500 мың тонна полипро­пи­лен өндіретін әлемдік дең­гейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қо­сылды, ол рес­пуб­ли­каның ішкі қа­жет­тілігін толы­ғымен жабуға мүм­кіндік береді. Қосымша 12 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвес­тиция сомасына полиэтилен, бута­диен және  полиэтиленте­рефталат өндіру бойынша тағы төрт ірі жоба іске асырылып отыр.

Алдағы уақытта Энерге­тика министрлігі ұлттық эконо­миканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Премьер-министр бұл қадам­дардың барлығын жеке заң­ның әзірленуін күтпей-ақ, заңға тәуелді актілер деңгейінде қа­былдау қажет екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысу­шылар салық салу, геологияны дамыту, экологиялық талаптар­ды сақтау, мұнай экспорты, жалпы саланың ашықтығын арттыру және басқа да бірқа­тар мәселені талқылады. Әр тақырып бойынша Энергетика министрлігі, Экология министр­лігі, Индустрия және басқа ведомстволардың басшылары жан-жақты түсініктеме беріп, пікірлерін білдірді.

Премьер-министр талқы­лау­ды қорытындылай келе, мұ­най-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін ма­ңызды үдеріс екенін атап өтті. Осы­ған байланысты ол қо­сым­ша ин­вестициялар тарту үшін Жақ­сар­тылған модельдік келі­сім­шартты қолдануды же­дел­дету және бизнеске әкім­шілік қы­сым­ды төмендету бойын­ша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

«Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жос­парланып отыр. Бұл шаралар биз­нес-қоғамдастықпен және «Ата­мекен» Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабыл­да­нып жатыр. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын»,  деді Премьер-министр.

Қорытындылай келе, Әли­хан Смайылов Энергетика ми­нистр­лігіне отырыста ай­тылған ұсыныстарды ескеруді және мемлекет пен жеке ин­вес­тор­лардың мүдделері арасын­дағы теңгерімді сақтай отырып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын табуды тапсырды.

Кеңес отырысына орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП төралқасы мен негізгі комитеттерінің басшылары, ірі салалық одақтардың, қауым­дастықтар мен жеке ком­па­ния­лардың өкілдері, Қазақ­стан кәсіпкерлерінің құқық­тарын қорғау жөніндегі уәкіл және т. б. қатысты.