Қазақстан • 02 Наурыз, 2023

Мүлік иелерінің бірлестігін тіркеуге арналған онлайн қызмет таныстырылды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Astana Hub алаңында «МИБ тіркеу және дауыс беру» жаңа онлайн қызмет түрі таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүлік иелерінің бірлестігін тіркеуге арналған онлайн қызмет таныстырылды

Іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова, Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының, сондай-ақ Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері қатысты.

Аталған тың тетікті ойлап тапқан «Управ.дом» мобильді қосымшасының әзірлеушілері айтқандай, енді елімізде мүлік иелерінің бірлестігін смартфондағы батырманы басу арқылы тіркеуге болады. Бұл үшін жоғарыдағы қосымшаның көмегімен қажетті өтінішті онлайн түрде тапсырса жеткілікті. Тұрғын үйдің иелері мен жалға алушылар цифрлы ID жүйесі мен электронды цифрлы қолтаңба арқылы анықталады. Нәтижесінде МИБ тіркеп, оның төрағасын сайлау  жөніндегі қорытынды мәлімет бірнеше күнде смартфонға жіберіледі.

«Осы іс-шара МИБ құру кезеңдерін цифрландыруға арналған қосымша жайлы ақпаратты халыққа жеткізуге бағытталған. Дауыс беруден бөлек бұл платформада тұрғын үйдің  басқа да мәселелерін шешуге септесетін қызметтер де бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған бастаманы қолдайды. Өйткені мұндай ақпараттық жүйелер мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланып, тиісті рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді», деді Д.Щеглова.

Өз кезегінде «Управ.дом» жобасын әзірлеушілердің бірі Олжас Ақбаев жаңа қызмет түрінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сай келетінін және одан өткенін куәландыратын аттестаттың бар екенін атап өтті.

«Аталған қызметті дайындауда қазақстандықтар үшін дауыс беру мен МИБ-ті тіркеу процесін барынша жеңілдетуді көздедік. Адамдар мұндай мәселелерді тез және ашық түрде шешу тиіс. Сондай-ақ дербес деректер туралы заңнамаға сәйкес жеке мәліметтердің құпиялығын сақтап, бақылау сервисі жолға қойылған», деді О.Ақбаев.