Таным • 02 Наурыз, 2023

Нәзік жандыларға гүл сыйлау тарихы қайдан шыққан?

632 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атаулы мереке сайын ерлердің әйел адамдарға гүл сыйлайтыны белгілі. Бір құшақ гүл нәзік жандыларды қуанышқа бөлейді. Бұл дәстүр қайдан шықты? Нақты жауап жоқ, алайда бірнеше нұсқа бар.

Нәзік жандыларға гүл сыйлау тарихы қайдан шыққан?

Нәзік жандылар гүл тілінде сөйлескен. 

Көне заманда сөйлеу және жүзін көрсету құқығынан айырылған Шығыстың әйелдері бірде-бір сөзі жоқ тіл ойлап табады. Олар ішкі сезімдері мен көңіл-күйлерін дәл осы гүлдердің көмегімен жеткізуді үйренеді. Гүл – үнсіз әңгімелердің символына айналады. Кейінірек бұл дәстүр Еуропада кеңінен тарап, танымалдылықтың шыңына жетті. Гүл шоқтарының көмегімен адамдар айтуға батылы бармаған сөздерді, яғни біреуге деген сүйіспеншілігін, ішінде жатқан ойлары мен тілектерін жеткізіп жүрді. Уақыт өте арнайы хабарламасы бар гүл шоқтарын дайындайтын «флористер» пайда болды. Қазір бұл тіл танымалдылығын жоғалтты. Десе де гүл шоқтарын жасайтын кейбір ережелер әлі күнге дейін қолданылады.

Адам ата мен Хауа ана

Кей аңыздарға көз жүгіртіп қарасақ, жұмақ тұрғындары Адам ата мен Хауа ана таңғажайып гүлдер өсетін бақта өмір сүрген. Құдай күнә жасағаны үшін Адам атаны жазалаймын деген оймен бақты қиратады, ал ондағы өсімдіктер қурап қалады. Адам ата мен Хауа ана жазаланып, Жерге жіберіледі. Хауа ана жұмақтағы сәттерін аңсап, гүлдердің иісін сағынады. Ол кезде жер беті теп-тегіс шөл дала еді. Адам ата Хауа ананың қиналғанын көріп, оған жұмақты есіне түсіретін бір шоқ гүл сыйлағысы келеді. Ол гүл іздейді, бірақ еш жерден таппайды. Содан соң үмітін үзген Адам ата тізерлеп отырып жылайды. Нәтижесінде ер адамның көз жасы аққан жерден әдемі гүл шоқтары өсіп шығады. Қуаныштан басы айналған ол гүлдерді теріп алып, Хауа анаға сыйлайды. Содан бері әйел адамдарға гүл шоқтарын беру дәстүрге айналып кеткен деседі.

Мұнда бұл дәстүрдің шығуына қатысты барлық нұсқаны қарастырмадық. Маңыздылары – осы. Алайда бұл гүл сыйлау дәстүрінің шығу тарихы дәл осылай болды деген сөз емес. Бұл дәстүр барлық елде кең таралған. Десек те, гүл беру – ер адамдардың әйелдерге деген құрметі мен махаббатын білдірудің негізгі жолдарының бірі болып қала береді.