Саясат • 02 Наурыз, 2023

Қазақстанда өндірілетін минералды ресурстардың пайдасын халық көруі керек - министр

501 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі шет мемлекеттердің елшілерімен кездесіп, ведомство құзырындағы салалар бойынша өзара ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда өндірілетін минералды ресурстардың пайдасын халық көруі керек - министр

Тараптар өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласындағы әріптестікті нығайту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ аталған бағыттарға сәйкес Қазақстанға инвестиция тартудың мүмкіндіктері пысықталды. Әсіресе ведомство басшысы биыл министрлік қатты пайдалы қазбалардың 25 кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукцион өткізетінін жеткізіп, оның онлайн форматта ұйымдастырылатынына баса назар аударды.

«Аталған аукцион онлайн режімде, яғни ашық түрде өткізіледі. Оған еліміз бен шетелдік инвесторлар қатыса алады. Жер қойнауын игеретін инвесторларға қойылатын басты талаптардың бірі – өндірілетін минералды ресурстар халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуі тиіс. Демек, бірінші кезекте жаңадан ашылатын өндіріс орындарында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуы қажет. Екіншіден, сол халықтың пікірін ескеріп, жергілікті әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысуы керек», деді министр. 

Сондай-ақ ведомство басшысы аукционға қойылатын пайдалы қазбаларға байланысты шағын ақпараттық материалдар дайындалғанын қоса айтты. Бұл арқылы әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы кез келген кен орнына қатысты мәліметпен танысып, соған сәйкес өзіне қажетті лотқа қатыса алады. Аталған ашық сауданың артықшылығы – адами фактордың орын алуына жол бермейді.

Кездесудің соңында тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын жеткізіп, экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.