Римдегі Санта-Чечилия консерваториясын фортепьяно аспабы бойынша тәмамдаған, Рим университетінде заңгер мамандығын бітірген, Милан, Неаполь, Париж, Токио, Будапешт театрларында, сондай-ақ Лучано Паваротти, Джузеппе Саббатини, Катя Ричарелли, Паата Бурчуладзе, Винченцо Ла Скола, Даниэла Десси, Фабио Армилиато сияқты керемет опера жұлдыздарымен қатар өнер көрсеткен италиялық дирижер кім деп сұраса, ә дегеннен «Бұл біз танитын Марко Боэми ғой» деп таңдайы тақ ете қалатын көрермен бізде жетеді. Өйткені оның шеберлігіне былтыр қазанда көз жеткізіп қойған жайымыз бар. Маэстро «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры әртістерімен бірге «Аттила» спектаклін қоюға атсалысқан еді. Ел астанасына бұл жолғы сапарында ол шеберлік сыныбын өткізіп, жас әртістердің вокалдық өнерін шыңдаумен айналысты. Төмендегі сұхбатта дирижер, пианиношының өмірі мен өнеріне қатысты қызықты оқиғалар әңгіме өзегіне арқау етіледі.
– Бала кезде адамның бәрі арманшыл, қиялшыл болып келетіні рас-ау. Бір кездері қол жетпес биікке баланған сол асқаралы шыңның өзіне айналып кеткен тұлғаның бірісіз. Музыкант болуға сізді кішкентай кезіңізде ата-анаңыз үгіттеді ме, жоқ әлде оны өзіңізге Құдайдың тартқан сыйы деп қабылдадыңыз ба?
– Бұл жайындағы әңгіме тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Ал, мен көп сөзге құмар жан емеспін. Қысқаша ғана айтатын болсам, бұл өзі бір айтарлықтай қызық оқиға еді. Төрт жасымда анамды отырған жерінде шалқасынан құлата жаздаппын. Балабақшадан үйге енген бойда оған: «Мен пианинода ойнағым келеді!» деп бойымда музыкаға ерекше бір құштарлық сезімі пайда болғанын байқатқанымда, үйдегілер тегіс таңғалыпты. Балалық шақтың барлық картинасы есте сақталып қалмағанмен, дәл осы сәттегілер жадымнан біртіндеп өше бастапты. Бірақ та бізге сонда музыкадан жасы егде тартқан әйел кісінің сабақ бергені есімде. Ал отбасымызда пәлендей музыкант атанған ешкім болмағанымен анамның сөзімді жерде қалдырмай, өтінішімді орындағаны әлі күнге дейін жанымды шуаққа бөлейді. Міне, содан бері пианинода ойнап келемін. Тіпті, бұл жақын серігіме айналып кетті. Мен үшін ол дүниедегі ең қасиетті музыкалық аспап саналады. Мұны сүю арқылы мен өзімді дүниеге әкелген абзал анама құрмет көрсетіп жүрген сияқты боламын.
– Танымал адамдардың бәрінің алдына тосатын бір дәстүрлі сұрақты сізге де қойсақ па деп едік. Тағдыр сіздің жолыңызды мүлде басқа арнаға бұрып әкеткен жағдайда дирижерліктен басқа қай мамандықты қол көрер едіңіз?
– Мұны ешбір адам дәл айтып бере алмайды. Алайда, адам қабілетінің шексіз екенін бір жерден көзім шалып қалған еді. Айталық, менің құқықтану саласында алған дәрежем бар, себебі музыкант болғаныммен, кейін бұл мені біреуге тәуелді етіп жүрмей ме деген күдік жоқ емес. Жастықта адам бар мен жоқтың айырмасын көп сезіне бермеуі мүмкін. Сол сияқты бүгін менің тапқан дүниемнің ертеңгі өміріме толық жететінін, не жетпейтінін тап басып айту тағы қиын. Мұнда да ата-анама борыштармын. Олар музыканы үйренумен қатар қосымша басқа бір мамандықты қатар меңгеруіме кеңес берді. Мен ол кісілердің сөзін жерге тастамадым. Тәртіпті ұл болдым. Міне, соның арқасында әжептәуір дәрежем бар қазір.
– Мамандықты дұрыс таңдай білген қандай жақсы. Ал, сіз өзіңізді өмірден өз орнын тапқан адамға жатқызасыз ба?
– Құқықтану мамандығын не үшін меңгергенімді айтайын. Себебі, мен емін-еркін көсіле сөйлеуге шебермін. Ал құқықтану саласы адамға пікірталасты, әңгімені қалай жүргізу керектігін, мәселені қалай шешуді үйретеді. Бұл мамандықты құлай сүйдім десем, әрине, өтірік айтқан болар едім. Құқықтануға көңілім соншалық ауып тұрмағанмен, осы салада қызмет істейтін адамға лайық біршама білімім бар. Тіпті, қазір сіз тағы таңдау түсе қалған жағдайда қандай мамандықты серік ететінімді сұрап жатырсыз. Бәрін басынан қайталау қажет болса, менің айналып келіп тірелетінім осы сала болуы еш ғажап емес. Мінезі қызық адамға жатамын. Маған салса, көптеген нәрсемен қатар айналысқанды ұнатамын. Жалпы жаңа нәрсеге жақын жүремін. Әуесқоймын. Уақыт, ғұмыр жетіп жатса, көп нәрсені игергенге әрине, не жетсін! Бірақ таңертең кеңсеге 9-00-де кіріп, кешкі алтыда шығатын, үнемі бір ырғақпен қайталанып жататын сүреңсіз тіршіліктің әуеніне бас игім келмейді.
– Адамдардың екі түрлі сорты кездеседі. Уақытының көбін жұмысқа жұмсайтындар және кәсібін тек күнкөріс көзі деп есептейтіндер. Сіз үшін не маңызды?
– Мен өмірімді жұмысымсыз, айналысатын сүйікті кәсібімсіз көз алдыма елестете алмаймын. Және осы ойымды жүрген жерімде қайталап айта беруден жалыққан емеспін. Біз дәрежесі ерекше адамдар санатына жатамыз. Өз деңгейіңнің өсуіне де, төмен түсуіне де алдымен өзің жауаптысың. Халыққа, өнерге сіңірген еңбегіңді жалпы жұрт қадірлеп, лайықты бағасын беріп жатса, әрине, оған қуанасың. Бірақ барлық уақытта және барлық жерде мұндай құрмет көрсетіле бермеуі мүмкін. Өз бағаңды өзің біле жүр деген тұжырым содан келіп туады. Менің миымда жұмыста шаршау деген ұғым мүлде жоқ. Табанынан шаншылып тұрып істейтін 10-12 сағаттық дамылсыз еңбекке өзімді аямай жеге аламын. Әрине, бұл оңай соқпайды. Бірақ ләззат сезіміне бөлейтін жұмыстан келетін шаршау дегеніміз басқа бейнеттен әлдеқайда тұщы және адамды жігерлендіреді, шабыттандырады. Адам, мысалы, алма ағашын отырғызып, баптап, мәпелеп, бір күні жемісін өзі татып көргенде, ауыртпалықтан ашыған алақанын ұмытып кетпей ме? Сол сияқты өз жұмысынан рахат табатын адамдар бақыттырақ. Бірақ та, өмірде мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Маған құдіретті өнерді сыйлаған Жаратқанға не үшін мың мәрте құлшылық жасауға дайынмын... Білесіз бе? Тамаша, таза, таңғажайып әлемді тарту еткені үшін!
Атақ-мансап маған әуелі пианинода ойнаудан келе бастады. Қанша сағат бойы бас алмай жаттығу жасап, жұмыс істеуге тура келді. Бірде өнердің бұл түрін жаныммен соншалық жанастырмайтын, қабыстырып әкете қоймайтын бір түйсік пайда болды. Кейде бір нәрсенің адамға әуелгіде ұнап, бірте-бірте әлгіден өзінің алыстап бара жатқанын сезбей қалып жататын жағдайлар кездеседі. Пианинода ойнағанды өте жақсы көремін. Бірақ таңдауға тосқауыл, талғамға дауа жоқ дегендей, дирижерліктің маңдайыма жазылып тұрғанын іштей қабылдаған сәттен бастап жаным нұрланып бара жатқанын сездім. Дирижердің жұмысы пианиноға қарағанда жеңілірек екен деп ешкім ойлап қалмайтын шығар. Мысалы, менің табиғатым өз аспабымен оңашада көбірек қалып қоятын пианиношымен үйлеспейді, қайта керісінше қалың нөпірмен мидай араласып жатқанды қалаймын. Қазір міне, 24 сағат бойы жұмысым өзіммен бірге тыныс алып, өзегіме айналып кеткен деуіме болады. Оның үстіне қосымша тағы да бірталай нәрсемен қатар айналыса аламын.
– Қойылымдардағы түрлі кейіпкерлермен, рөлдермен біте қайнасып кеткен кезіңізде олардың ішінен өзіңізге жақын, ұқсас тағдырларды көрген жоқсыз ба? Мұны театр тілімен айтқанда, жан дүниесі қойылыммен егіз деп жатады. Шын мәнінде, солай ма?
– Барлық нәрсе адамның мінез-құлқына, жаратылысына байланысты болғандықтан, оған «иә» не «жоқ» деп кесімді сөз айту өте қиын. Расын айту керек, қойылымның бәрі таңдай қақтыра бермейді. Ал, енді кейде өзің соның ортасында тұрып, не болып, не қойып жатқанына аса мән бермей өте шығатын кездерің болады. Осы тұрғыдан қарасаң, күрделі мәселе деп айтар едім. Өйткені, өзің ойлаған нәрсені жүзеге асыруға жанталасып бағасың. Жігер-күшіңді сенімді ақтауға жұмсайсың. Үнемі солай. Мысалы, «Астана Опера» театрында «Аттила» қойылымын әзірлеген кезімізді алайық. Бұл жалпы осы ғасырдағы айтулы үлкен бір жобалардың біріне айналды. Жойқын рухты, таңғажайып қойылым басқа сахналардағы нұсқаларға ұқсаған жоқ, себебі, ол сәт қоюшы Пьер Луиджи Пицци үшін шалқар шабыттың бір шалқыған, шарықтаған кезі еді. Әлемдік деңгейдегі режиссерді жұрт салиқалы, салмақты туындылары үшін керемет бағалайды. Оның сондағы қойылымы мені терең иіріміне батырып әкетті. Шығарма мен кейіпкерлер, мұндағы шығармашылық адамдары егіз дүниеге айналып кетеді деген сөзге сонда барып құлақ астым.
– Достармен қосылып ән шырқайтын кештер қандай ғанибет. Досы көп адамсыз ба, жеке басыңыздың бақытына уақыт бөлесіз бе?
– Мұнсыз өмірдің сәні кіре ме? Әрине. Достарым өте көп. Өзім Римде тұрамын, дос-жарандарыммен жарқын кездесулер, сырласулар сол жерде өтеді. Біреуімен түс әлетінде бас қоссақ, енді бірімен түс ауа немесе кешке қарай кездесемін. Жақын достарымның ортасында емін-еркін демалғанды жақсы көремін. Жаңа достар тапсам қуанамын. Қазір «skype», «whatsapp» арқылы қай жерде жүрсең де, өзің жақын тұтқан адамдарыңмен байланысты үзбей, хабарласып тұруыңа мүмкіндік мол, мен де сол әдісті жиі қолданамын. Себебі, олар – өмірімнің ең көп бөлігіне жатады.
– Астанаға келген қонақ онымен ақжарқын досқа айналады. Сізге қандай әсер қалдырды?
– Астанаға тағы бір дос адам табылды деп ойлаңыз. Мені жалпы жағрапияға әбден тәуелді жан десең болады. Өйткені, 130 елдің ішінен 110-ына табаным тиген және олардың астаналарын жақсы білемін.
– Мұнда сырттан келген қонақтың сүйіспеншілігін туғызатын қандай тамашаларға қанықтыңыз?
– Шынын айтқанда, қазақстандықтарды түрлі кездесулерден жиі ұшырататынмын, бірақ мұнда алғаш рет келуім. Өкінішке қарай, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен жақын танысуға әлі уақыт жетпей жатыр. Аз мерзімде олай болуы әсте мүмкін бола қояр ма екен? Жұмыс бастан асып жатқанда, негізгі істен басқа нәрсеге көңіл бұруға уақыт таппайсың. Әйтсе де, қай жерде жүргеніме қарамастан, сондағы барлық тамашаны қалт жібермеуге тырысамын. Мені мұндағы дүниенің бәрі қызықтырады. Мынау, анау деп оларды жеке-жеке бөле көрсетудің еш қажеті жоқ. Мысалы, халықтың ұлттық тағамынан бастап, қалай тамақтанып, қалай тынығатынына, сауық-сайран құратынына дейін білсең, Құдай-ау, оның өзі бір басыңа теңдессіз байлық емес пе? Бір топ адаммен Намибияға барған сапарым есімнен кетпейді. Соңғы күні ғажап бір ұмытылмас оқиғаға тап болдық. Бәріміз сол жердің адамдары жейтін негізгі тағамнан дәм татпақ болып ұйғардық. Мен ресепшнге түстім де, қонақүйдің қызметкеріне біздің топ ерекше әрі өзгеше тағам жегісі келетінін айттым. Ол, егер ерекше бір нәрсе жегіңіз келсе, қуырылған құрттың дәмін татып көру керек деді. Сол кезде топтағылардың барлығы қарсы болып, жемеді. Мен тәуекелге бел буып, дәм таттым. Тіпті бір жерлерде қолтырауынның, жыланның етін жедім. Меніңше, барып отырған еліңнің тағамынан аздап болса да дәм татып көру дүниені әсте өзгертіп жібермейді.
– Әлгінде әр нәрсеге әуестігіңіз кетіп жататынын айтып қалдыңыз. Бұл тікелей сіздің негізгі жұмысыңызға кері әсерін тигізбей ме?
– Кейде демалысқа шығар алдында әріптестеріммен алдағы жоспарым жайлы бөліссем, олар маған: «Жұмыс кестең өте тығыз екен. Мұның бәріне бір мезгілде қалай уақыт табасың? Мұнан гөрі теңіздің жағасында үш апта демалып көсіліп жатпайсың ба?» дейді. Шынын айту керек, мұндай тып-тыныш жерде 3-4 күннен кейін ішім пысып кетеді. Биіктігі 6 мың метр болатын алып жанартауға адамның өрмелеп шығуы мүмкін бе? Мені сондай адам өміріне қауіп төндіретін табиғаттың тылсым иірімі тартып тұрады. Мұндай өте күрделі сапарларда сені тек қалай аман қаламын деген бір ғана сұрақ мазалайды. Бұл ой мидың қатпарларын тазартады. Демалыстың осы тәріздес түрі, әрине, шаршатып, естен тандыруы мүмкін, есесіне, кейін өзіңнен керемет сергектікті сезесің. Өзім осындай демалыстың жұмысыма көп пайдасын тигізетінін байқап жүрмін. Өйткені, шығармашылық жұмыспен, яғни ой еңбегімен айналысатын адамдар үшін мұндай қатерлі шешімдер аса қажет деп ойлаймын. Мысалы, өте тез ойлап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Аяқ астынан адам түрлі жағдайға тап келіп жатады, сондайда естен танып, не істеріңді білмей, абдырап қалмау үшін ол сабақ, үлкен мектеп. Өйткені ешкім ертеңгі тамаша өміріне бақытты билетті сатып алып қойған жоқ.
Көп адамға қызық болып көрінер, мысал үшін Германия театрларында арнайы дайындық (репетиция) атымен жоқ, себебі ежелден жүйелері солай құрылған. Онда тек фортепианомен ғана дайындық жасалады. Ал қойылым туралы әңгіме мүлде бөлек, ұшақтан түскен бойда тура театрға барасың да, спектакльді алдын ала дайындықсыз бірден оркестрмен дирижерлік етіп кете барасың. Осыдан он жыл бұрын Германияның жетекші театрларының бірінде «Тұрандот ханшайым» қойылымына дирижерлік еткен болатынмын. Сонда алғаш рет дайындықсыз жұмысқа күмп беріп қойып кетудің машақатын бастан кешкенмін. Қатты қиналдым. Бірақ, енді таңғаласыз ба, жоқ па, сол жолы «Тұрандот ханшайым» қойылымы өте жоғары деңгейде орындалып шықты. Әрине, қалай болар екен деп іштей намысқа тырысып баққан еңбегімнің едәуір септігі тигенін жоққа шығармаймын, алайда, адамға бұл үшін қаншама қажыр-қайрат, күш қажет десеңші. Онда өзіңді саған сенген, иек артқан жұртты қиын апаттан аман-есен алып шығу үшін жанталасқан жандай сезінесің. Соның соңынан 10 күн бойы Солтүстік Мұзды мұхитта каякингпен айналыссаң, миың жаңғырып, жас баланың санасындай тазарасың. Мұның бойдағы ауыртпалықтан арылып, рухани қуат жинаудың, шабыттанудың өзінше бір тәсілі екеніне көзім әлдеқашан жеткен.
– Актер болғыңыз келген жоқ па?
– Өмір – сахна, ал адамдар өз рөлдерін ойнап жүрген актерлер деген қағида жиі айтылып жатады. Кейде рас, белгілі бір рөлді ойнай тұруға тура келеді, ол бірде көңілді, енді кейде көңілсіз рөлдер болуы мүмкін. Сонымен қатар жақсы психолог болып кететін кезіміз де аз емес. Себебі, өзіңмен бірге жұмыс істейтін адамдардың психологиясы мен көңіл-күйін білмейтін болсаң, жетістікке жетуің қиынға соғады. Табиғатым біреуге бұйрық беруге жаратылмаған адаммын, себебі өзім дирижермін. Маған бәрі бағынады десем, тағы қате айтқан болып шығамын. Сондықтан шындыққа адамның көзін жеткізуге тырысамын, өз ісіне сенім ұялата алсам, ұтқаным деп есептеймін. Бұл өзім әрдайым қолдайтын дұрыс әдіс. Сол үшін жақсы психолог болу адамға артықтық етпейді. Бастан кешкен тағы бір оқиға ойыма түсіп кетті. Ресейде бір атақты опера жұлдызымен жұмыс істеуге тура келіп қалды. Дирижерге жүктелетін міндет айқын. Бас кезінде дайындыққа бара алмай, орныма көмекші ассистентімді жіберіп жұмыс істетуге тура келді. «Лучия Донна» деп аталатын өте күрделі қойылым еді. Сөйтсем, менің жіберген көмекшіме примадонна мүлде құлақ аспай қойыпты. Айтқан өтініштерін орындаудан бас тартқан соң, ол маған хабарласып, «Не істейін? Әнші айтқанымның бірде біреуін орындаған жоқ. Менімен жұмыс істеуден түбегейлі бас тартып отыр» деді. Сосын мен: «Жарайды, мұндай мәселеге басыңды қатырмай, қалған жұмыстарыңды пысықтай бер» деп тапсырма бердім. Көп ұзамай өзім де жеттім. Бәрі алаңдап мені күтіп отыр екен. Әлгі примадонна барынша сыпайылық танытып, менімен өте жылы шырайлы амандасты. Расын айтсам, мұндай кездесулерден тәжірибе жинақтаймын. Өзіме тән жұмыс тәсілімен оның көзінше басқа солистермен дайындық жасауға кірістім. Бір арияға, сұмдық-ай, тұтас бір сағат жұмсаған кездер болды. Примадонна қызыға көз тігіп отыр. Ал оның өзіне кезегім келгенде мен концертмейстерге әншінің қалауын мүлтіксіз орындауды өтіндім. Яғни, оның осыған дейінгі орындау мәнеріне еш өзгеріс енгізгім келмеді. Кенет бір арияны орындап біте сала, маған «қашан тоқтатып, түзетер екен?» дегендей біраз дамылдап тұрып қалды. Ал мен оның ариясының соңын күтіп болдым да, «Уау! Маған сізді ұлы әнші деп айтып еді, алайда сіздің талантыңыз одан да асып түсетін керемет әнші екенсіз!» дедім. Әншінің көздері жайнап кетті. Алғысын білдіріп жатыр. Осы арада мен оның бұдан да тамаша шырқау мүмкіндігі бар екенін сездіріп, ол үшін біраз жерін өзгертсек қайтеді деп ұсыныс жасадым. Егер соншалық жаныңызға жат деп ұйғарсаңыз, олай істемеуімізге де болады дедім. Ол таласып жатпады, келісе кетті. Міне, сол уақыттан бастап әнші барлығын менің айтуым бойынша орындайтын болды, менің ұсынысымды талассыз атқаратын адамға айналды. Қазір сол әншімен ажырамас жақын доспыз. Сахнада кіммен, қалай жұмыс істеу аса маңызды іс емес, мәселе өзің бірге жұмыс істейтін сол адамның тілін, ділін таба білуде, оларды өз жұмысыңның дұрыстығына сендіре алуыңда деп ойлаймын.
Досым Ренато Бузо атақты баритон дауысты әнші. Бірақ мінезі өте күрделі, себебі ол үнемі жұрттың бәрімен сөз таластырып, қырғи-қабақ болып жүреді. Ал ол екеуіміз қаншама опералық туындыны, концертті дайындауға қатыстық, бірақ, тіпә-тіпә, ешқашан бір-бірімізбен керісіп, арамызда кикілжің туындаған емес. Бұл онымен менің қалай сөйлесуді жақсы білетіндігімнен.
– Жалпы өмірде не нәрсені өте жоғары бағалайсыз? Құрмет тұтар құндылықтарыңызды білуге бола ма?
– Дүние күйіп кетсе де, досымды сатпаймын. Шындықты, достықты, соған қоса әуелі өз ісіңе сену керектігін өте жоғары бағалаймын. Мен үшін осы үш құндылық биік тұрады. Одан кейін адамдармен қарым-қатынасты құрметтеймін, осыған үнемі сенемін. Меніңше, адамдар бір-біріне адал болса, аянбай еңбек етсе, қалған дүниелер көзге ілінбес молекулалар шығар деп пайымдаймын. Музыка жолы ешкімге оңай болған емес, бірақ бір өкінішті жағдай осы салада екіжүзділер жиі кездесіп жатады. Бұл жерде бірақ бірге жұмыс істейтін әріптестеріңе адал болсаң, өнердегі жолың өздігінен түзу арнада дөңгелеп кетеріне күмән жоқ. Әңгіменің басында көп адамға ұқсай бермейтінімді ескертіп өткен сияқтымын. Тағы қайталаймын. Мені мысқылшыл, қызыққұмар жандар көбірек қызықтырады. Бәрін бұрынғыша өзгертпей ескі күйінде қалдыруға қасарысып бағатын консерваторларды жаным сүймейді. Мұндайлар жұртқа жаңадан пайдалы бір нәрсе табады деп ойламаймын. Жаңа нәрсені дүниеге келтіру арқылы кісі алдымен өзін, содан кейін өмірдегі өзінің орнын табады. Өзгеріске, жаңашылдыққа бейімделе алмайтын жандардан алшақ жүремін. Сондықтан бойында жігер оты лапылдаған, құлшынысы мол жастарды қызығып, өзіме тартамын. Өзімнен қаншама жас кіші іні-қарындастарыммен, достарымның балаларымен шүйіркелесіп тез арада тіл табысып кетемін. Арамызда ә, дегеннен мықты түсіністік пайда болады. Осы жас ұрпақтан әлі біз көп кереметті көретінімізге кәміл сенемін.
– Алдағы уақытта тағы қандай биіктерді межелеп отырсыз?
– Қашанда қызық нәрсеге жақынмын. Демалысымда Килиманджароға өрмелеп, Солтүстік Мұзды мұхитта каякингпен, джунглиде треккингпен айналысатынымды айта берсем, қызық таусылмайды. Жұмыс барысында өзім бұрын табаным тимеген елдерді барып көргенді ұнатамын. Бейтаныс адамдармен қызу араласа кеткенді жақсы көремін. Мысалы, өткен жылы Сан Паулоға барып, бір кешке дирижерлік еттім. Жас оркестрмен жұмыс істеуге тура келді. Сонда сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет бір тәжірибені бастан кештім. Мені ондағылар оркестрдің бас дирижері болуға шақырды. Шынын айтайын, менің мұндай жұмысты ұнатуым қиын, өйткені өмір бойы немесе бір жерде табан аудармай ұзақ жылдар тұрақтап қала алмаймын. Әлемді кезіп, саяхаттай бергім келіп тұрады. Енді сәл күннен кейін қайталап Сан Паулоға барамын, сосын Кореяға, Мексикаға жиналамын, бұл біте бере Колумбиядағы супержұлдыз Даниэла Дессимен бірге «Турандот ханшайымға» дирижерлік етемін. Оған мына жақтан Жапонияның өте көп көлемдегі жетекші солистерден құралған оркестрімен бірге жұмыс істеуге тура келіп тұрғанын қосқанда, жұмыс бастан асады. Дирижер ретінде мені күтіп отырған Италия, Германия жұртшылығы бар. Ал Арена ди Веронадағы гала-концерт тамашасы өз алдына бөлек тұр. Мұның бәрін жинағанда, үлкен оқиға болып саналады. Біз тағы болашақта осы театрмен қосылып біраз қойылымдар әзірлеуге келісім жүргізіп жатырмыз. Хельсинкидегі өзім қатысқан «Дон Паскуале» жаңа қойылымы керемет әсер қалдырды. Оларға мен қатты ұнап қалдым. Тағы шақырып жатыр. Ф.И. Шаляпин атындағы фестивальға келмей қалған кезім сирек. Швейцария мен Германияның әлемдік деңгейдегі театрлары мені жетекші дирижер болуға талай рет шақырғанмен, бұл ұсынысты не үшін қабыл алмайтынымды жоғарыда жеткілікті түсіндірген сияқтымын. 2014 жылдың екінші жартысындағы жұмыс жоспарым өте тығыз, әсіресе, атбасын тірейтін елдерімнің саны көбейіп кетті. Жұмысымның маған ұнайтын жағы осы және де сол елдердің бәрінде өнер көрсетуге жазсын деп тілеймін. Алдағы уақытта «Астана Опера» театрына тағы да келу мүмкіндігі туып жатса, қуанамын, әрине.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.