25 Маусым, 2014

Жойқын

371 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
0532_001Жарыстарды жандырып, айызыңды қандырып жазатын спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов туралы естелік Бұл естелік-эссенің жазылуы­на «Өнер» баспасының директоры, жазушы, журналист Әшірбек Көпішевтің ойда жоқта теле­фон соққаны себеп болды. – Бөке, Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз жайлы естеліктер кітабын шығару ойда бар еді. Сіз қазақ журналистикасына Сейдағаңдардың ізін қуалай келген толқынның өкілісіз ғой. Ол кісі «Лениншіл жасқа» алғаш редактор болғанда, сіз оған орынбасар болып бірнеше жыл қызметті бірге істедіңіздер. Сол кез туралы, өзіңіз білетін жайлар туралы жазып берсеңіз, – деді. Мен ойланып қалдым. Сейда­ғаңмен алғашқы жақын танысқан, кейініректе қызметті бірге атқарған сағым жылдар еске оралды... КазГУ-дің бірінші курсына түс­кен кезімнен жастар газетінің редакциясын жағалағандардың бірі болдым. Бірінші курсты бітіруге таяғанымда «Лениншіл жас» газе­тінде «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақалам жарияланып, ол Орталық партия комитеті тарапынан «ұлтшылдық сарында жазылған» деп ауыр сынға ұшырап, баспасөз бетінде біраз айқай-шу, дүрбелең туғызған. Өздері қатты ұрыс естіп, ескерту алса да, газет редакциясындағы азаматтар мені шеттете қоймай, қайта бауырларына тарта түскен. Екінші курста оқып жүріп, редакцияға тағы бір барғанымда сондағы барлық бөлімдердің қызметкерлері түгел дерлік сыйысып, сығылысып отыратын ең үлкен бөлменің терезе жақ қана­тының орта шеніне жайғасқан Сейдахмет ағамыз менің барлығына берген ортақ сәлемімді жылы ұшырай қабылдап: – Болат, өзің келгенің жақсы болды. Іздетейін деп отыр едім. Әне бір орындықты ал да, маған жақындап, мына бір жерге келіп жайғас, – деп, үстелінің жанынан орын нұсқады. Алдында газеттің спорт бөлімін басқарған Сәкең ол кезде оқушы және студент жастар бөліміне меңгеруші болып ауысқан. Оның бұл сөздерін естіген бойда: «Мақала жазу жөнінде тағы бір тапсырма болатын шығар», деген ой қылаң берген. Бірақ бұл жолғы мәселе одан әлдеқайда салмақтырақ, ауқымдырақ болып шықты. – Мәселе былай, – деп бірден негізгі әңгімеге көшті ағамыз. – Редак­циядағы белгілі бір бөлімнің жанынан штаттан тыс бөлім құру жөніндегі тәжірибе қазір кейбір орталық газет-журналдарда бар. Осы орайда маған да «Лениншіл жас» газеті жанынан штаттан тыс студент-жастар бөлімін құрсақ деген ой келген еді. Сол бөлімді сен басқарсаң. Жазылатын мақалалар, көтерілетін тақырыптар жөнінде мықтап ойланып, жоспар жасағанымыз жөн. Бөлімге кімдерді мүше етіп тартамыз, бұл да жақсылап талқылауды қажет ететін мәселе. Бұл ұсынысқа қалай қарайсың? – деді Сәкең менің жүзіме зер сала, барлай қарап. – Сізге уәде беріп алып, қолымнан келмей жүрмесе, – дедім ойымды бүкпестен. – Ең бастысы – адамның ішкі талпынысы мен ынтасы. Егер сен бұл іске барлық ынты-шынтыңмен кірісер болсаң, қолыңнан келетініне сенемін. Қажеттігіне қарай біздің бөліммен, менімен ақылдасып отырасың ғой, – деді өздерінің бұл іспен айналы­суда мені жалғыз қалдырмай, демеп, сүйемелдеп, қажет кезінде ақыл-кеңес беріп, көмектесіп отыратынын аңғартып, күмән-күдігімді сейілтіп. – Бөлімде өзіңнен басқа да бірнеше адамдар болғаны жөн. Мақала жазуға, ой айтуға, ұсыныс-пікір білдіруге қауқары бар дегендей... Қатар жүргендердің, өзің білетіндердің ішінде сондайлар бар ма? – деп маған және бір сұрақ қойды. Мен курстас досым Мәткерім Әкімжановты, бізден бір курс жо­ғары оқитын Нұрмахан Ораз­бе­ковті, өзімнің жерлесім, Ауыл ша­руа­шылығы институтында оқығ­а­­нымен әдебиетке әуес Әлихан Оразымбетовті атадым. – Сен онда үшеуімен сөйлес. Егер ықыластары бар болса, штаттан тыс бөлімге тартамыз. Кейін сенің де, олардың да дайындаған мақалаларың газетке шыққанда, астына фамилияларыңмен бірге штаттан тыс бөлімнің қызметкерлері деп жазамыз, – деді Сәкең. Оның бұл айтқаны бірден қызықтырып, қиялымды көсеп-көсеп жібергендей болып, қамшылай түсті. Бір сәтке «Лениншіл жас» газетін, оның бе­тін­дегі көрнекті болып шыққан ма­қаланы, оның астындағы өзімнің, Мәткерімнің, Нұрмаханның, Әлихан­ның фамилия­лары мен «штаттан тыс студент-жас­тар бөлімінің қызмет­керлері» деген сөздерді көзіме анық елестеттім. Бұдан арғы әңгіменің тізгінін Сәкең түгелдей өзінің қолына алып, біраз жайларды маған түсіндіріп, айтып кетті. – Штаттан тыс бөлімнің алғашқы мақалалар топтамасын «Стипендия алған күні...» деп атасақ. Өзің де білесің, жастар арасында жағымсыз әдет бар. Ол – сол күні бірігіп рес­торанға бару. Арақ ішеді. Әртүрлі оқиғаларға душар болады. Мұның өзі келе-келе жағымсыз әдетке айналып, етек алып кетпеуін ойласақ. Ал бөлімнің мүшелігіне Алматыдағы өзге де жоғары оқу орындарының ком­сомол ұйымдары хатшыларының ішінен іріктеп, ойланып, тағы бірер адамды өзіміз қосармыз. Штаттан тыс бөлімнің жұмысы осылайша басталған еді. Мәткерім екеуміз институттардың комсомол комитеттерінің секретарьларымен бірге алғашқы мақалаға материалдар жинаумен айналыстық. Жинап болған соң бірге отырып, әжептәуір көлемді мақаланың алғашқы нұс­қасын жазып шықтық. Одан соң оны Сәкеңнің қолына бергенбіз. Сәкең мақаланы тағы өңдеп, кекілін күзеп, құйрық-жалын тарап дегендей, шырайын одан сайын келтіріп, құлпыртып, тақырыбының астына мақаланың мазмұнын ашатын, жұрт назарын бірден аударатын: «Кәрім неге сүрінді? Жомарттықтың да жөні бар. Ретсіз той-топыр» деген қысқа сөйлемдерді ірі әріптермен қоса тергізіп, 1960 жылғы мамыр айының екінші жартысында жарқ еткізіп, «Лениншіл жастың» бетіне шығарды. Астына «Бұл материалды редакция жанындағы штаттан тыс студент-жастар бөлімі ұйымдастырды» деген сөздер қара әріптермен теріліп беріліпті. Газеттің сол күнгі дүңгір­шектерге түскен сандары әдеттегіден әлдеқайда жылдам тарап кеткендей көрінді бізге. Сәкеңнің өзімен сөйлескенімізде ол мақаланың сәтті шыққанын, жұрт назарын аударып жатқанын, мақаланы дайындауға біраз адам атсалысқаны ескеріліп, бұл жолы астына ешқандай фамилия қойылмай, осылай берілгені жөн деп танылғанын айтты. «Жоспарға өзің ұсынған екінші мақалаға кіріс енді. Бұдан былайғыларын астына авторының аты-жөнін көрсетіп береміз», – деді ағамыз. Студенттер өмірі күнде кө­ріп, біліп жүрген ортамыз ғой. Штат­тан тыс бөлімнің жұмысын жоспарлағанда екінші мақаланы «Пәтер көрген жерің бар ма?» деп атасақ деген ұсыныс айтқанмын. Оны Мәткерім екеуміз бірігіп жазатын болып келіскенбіз. Бұл проб­лема, бұл қиындық біздерге жақсы таныс еді. Өйткені, екеумізге де жатақханадан орын тимей, пәтер іздеудің, пәтерде тұрудың барлық азабын бастан кешкенбіз. Ол жылдарда Алматының 6-ақ пайызы қазақтар, байырғы тұрғындарының 80-90 пайызы негізінен орыстар, содан соң өзге ұлттардың өкілдері болатын. Зейнетке шыққан орыстың кемпірлері мен шалдары өздерінің әуелде уақытша деп салынған нашар баспаналарын да бұзып тастамайтын, солардың подвалдарының, кейде үйінің әр бөлмесіне үш-төрт қазақ студенттерін жіберіп, ақша табатын. Сөйтіп, алған стипендияңның жартысы немесе одан көбірегі пәтерақы төлеуге кететін. Қысқасы, ол кезде студенттер жалдаған пәтерлерінде қалай тұрып жатыр деген мәселеге ешкімнің басы ауырмайтын. Және оқу орындарының комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдары да назар аудармайтын. Суық бөлмелерде тұрамыз деп студенттер кейде ауруға ұшырайтын. Осындай жайларды негізге алып жазған, астына: «Б.Бодаубаев, М. Әкім­жанов, штаттан тыс студент-жас­тар бөлімінің қызметкерлері» деп қол қойылған мақаламыз Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне қатты ұнапты. Бұл мәселені олар кезекті бір отырыстың күн тәртібіне шығарып, барлық оқу орындарының партия, комсомол ұйымдарының секретарьларын, шаруашылық жөніндегі проректорларын шақырып, үлкен әңгіме өткізгеніне, оларды студенттер пәтерде тұратын барлық үйлердің тізімін алып, сондағы қыз-жігіттердің хал-жағдайын біліп тұруға, пәтерде тұратын, ата-анасы, сүйеушілері жоқ кейбір студенттерге материалдық көмек көрсетуді ойластыруға міндеттегеніне біз де қуандық. Одан кейін мен өз атымнан жазған тағы бір мақаланы мектеп оқушыларын еңбекке баулудың шешілмеген проб­лемаларына, олар­дың тек аттестат қана емес, белгілі бір мамандықты да қоса алып шығуы қажеттігіне, мұның өзі өмір талабы екендігіне, осы мәселедегі жетістіктер мен кемшіліктерге арна­ғаным есімде. Сол кездерде жастар газеті бетінде штаттан тыс студент-жастар бөлі­мінің қызметкерлері КазГУ-дің студенті Нұрмахан Ораз­бе­ковтің, ауыл шаруашылығы институтының комсомол ұйымының секретары Әлихан Оразымбетовтің де сүбелі материалдары жарияланған еді. Бәрімізді газет жұмысына атсалысуға тартқан, баулыған, құлшындырған, жұмылдырған сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің жап-жас бөлім меңге­рушісі, талантты, алғыр журналист Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз болатын. Оның редакциядағы өзі басқаратын бөлім жанынан штаттан тыс бөлім құруы рес­публика газеттеріндегі, тіпті, мұқым Қазақстан баспасөзі тарихындағы алғашқы тәжірибе еді десем, мұның өзі шын­дыққа қиянат бола қоймас. Газет басшылары бізге риза еді. Кейінірек университеттегі оқуымызды бітір­ген соң мені де, Мәткерімді де, Нұр­маханды да редакцияға жұмысқа шақырғанда біздердің штаттан тыс бөлімдегі еңбегіміз де ескерілген болуы керек. *** Сейдахмет ағамызбен менің жолым 1970 жылғы қазан айының басында қайта түйісті. Мен ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары едім. Мәткерім жауапты хатшы болатын. Редакторымыз Шерхан Мұртазаев жаңадан шыға бастаған «Жалын» альманахына бас редактор болып ауысты да, орнына «Қазақстан пионері» газетінің соған дейінгі редакторы Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз келді. Сәкеңнің орнына пионерлер газетіне редактор болып соған дейін «Лениншіл жастың» Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істеген Фариза Оңғарсынова барды. Газетті Шерхан аға басқарған, біздер онымен бірлесіп қызмет істеген сол жылдарда «Лениншіл жастың» тиражы әуелдегі 65-70 мыңнан шарықтап өсіп, 245 мыңнан асқан болатын. Газет бетіндегі комсомол жұмысының іс-тәжірибесіне арналған «Сырлас», ауыл жастарына арналған «Дала дидары», студент-жастар өмі­рін көрсететін «Арай», мәдени-тұрмыстық мәселелерді сөз ететін «Маздақ», эстетикалық тәрбиеге арналған «Аққу», археологиялық қазбаларды елге жеткізетін «Күмбез», аңшылық тақырыбына арналған «Саят», әскери-патриоттық тәрбиені жазатын «Қаһарман» клубтарының материалдары, әйгілі, арқалы ақындардың жаңа өлеңдері газеттің жарты бетін алатындай етіп берілетін «Мүшайра», «Тұсаукесер», «Балауса» деген айдарлармен топтап берілетін жас ақындардың өлеңдері, «Жар қадірі – ар қадірі», «Әдет – әдет емес, жөн – әдет», «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды», «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сияқты әртүрлі өзекті тақырыптарға арналған, нөмірден нөмірге жалғасып жататын қызықты пікірталастар газет беделін көтере түскен. Басылымда бұл кездері Әнес Сараев, Рәшит Рахымбеков, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев, Төлен Қаупынбаев, Кәрібай Ахмет­беков, Ырым Кененбаев, Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досы­мов, Құрманғазы Мұстафин, Қуа­ныш­бай Құрманғалиев, Жақау Дәу­ренбеков, Жанат Елшібеков, Жарылқап Бейсенбаев, Мағира Қожахметова, Әшірбек Көпішев, Марат Қабанбаев, Орысбай Әбділ­даев, Эрнест Төреханов сияқты талантты журналист қаламгерлердің жаңа толқыны қызмет атқарып жатқан. Байтұрсын Ілиясов, Ақселеу Сейдім­беков, Мерғали Ыбраев тәрізді облыс­тардағы меншікті тілшілеріміз де көпшілікке танымал, абыройлы болатын. ...Өткен жылы Сәкең туралы республикалық газеттердің бірінде басылған Қайнар Олжайдың материалы көзіме түскен еді. Сонда ол редактор ретіндегі Сәкеңнің жұмыс стилін дәл және дұрыс сипаттапты. «Сәкең газеттің бүкіл мақаласын не газеттен, не гранкадан, не беттен оқып көз майын тауысқан емес. Ол – сенімді орынбасар мен сауатты жауапты хатшының жұмысы болатын», деп жазыпты автор. «Лениншіл жасқа» редактор болып келген кезден бастап Сәкең газетке басшылық жасаудың осы тәсілін қолданған еді. Комсомол тұрмысы, оқушы, студент жастар бөлімі сияқты бірнеше бөлімдерге күнделікті жетекшілік жасау, материалдарын қарау – орынбасары маған жүктелген болатын. Бірер бөлімнің материалдарын жауапты хатшы Мәткерім қарайды. Әдебиет, адамгершілік тәрбие және спорт бөлімдерінің жұмысын Сәкеңнің өзі қадағалайды. Ол кісінің сол алғашқы кездерден қалыптасқан газетті басқару тәсілінің кейінгі редактор болған ұзақ жылдар ішінде де өзгермегенін Қайнар Олжайдың сол естелігінен оқып білдім... 1974 жылдың басында «Социа­листік Қазақстан» газетінің редакторы Сапар Байжанов өзіне қызметке шақырды. Әдебиет және өнер бөлі­мінің меңгерушісі қызметін ұсынды. Сол тұста Сейдахмет ағам ол жұмысқа барғанымды қаламай, жастар газетінде қала беруімді сұраған еді... *** Сейдахмет аға туралы ойлансам, оның өзгелерге ұқсамайтын біраз қасиеттері еске түседі. Ең әуелі ол ауыл өмірін, ел өмірін, халқымыздың салт-дәстүрін, шұрайлы тілін барынша жақсы білген, бала кезінен қанына сіңірген, қаламы қарымды, талантты журналист еді. Газетке баратын материалдарды қарағанда сөйлемдерге, сөздерге тиісе бермейтін, тек кей уақытта ғана сол қолына ұстаған қаламымен (Сәкең солақай еді) сыр дегізіп, тақырыпты белінен бір-ақ сызып, сойдақтата жазып, басқа тақырып қойып жіберетін. Және ол тақырыбы материалдың өңін кіргізіп, мазмұнын аша түсетін. Арнайы беттер, нөмірлер дайындаудан бөлімдер арасында жарыстар, жекелеген тақырыптар бойынша бір нөмірден келесі нөмірлерге созылып жататын пікір таластарын ұйымдастыруға барынша мән беретін. Сәкең бұрынғы «Лениншіл жас», кейінгі «Жас Алаш» аталған газетте 16 жыл редактор болды. Осы уа­қыт ішінде қазақтың бірнеше толқын, көптеген жас қаламгерлерін қанаттандырып, тәрбиелеп шығарды, биікке ұшырды. Бұл жылдарда жас­тар газеті журналист кадрларын тәрбиелеудің нағыз ұстаханасына айналған еді. Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ баспасөзінде спорт тақырыбын шын кәсіби деңгейге, биікке көтеріп, бағын жандыра жазуда нағыз шеберлік, үлгі-өнеге көрсеткен, өзінің мектебін қалыптастырған қаламгер. Баспасөздегі алғашқы қадамын журналист болып бастаған, жастар арасында спортты насихаттауға, қыз-жігіттерімізді спортпен айналысуға жұмылдыруға бар талантын, қажыр-қайратын аямай жұмсаған Сәкең кейініректе осы тақырыпты өндіре, қопара, тереңдете жазған қаламы қарымды, белгілі жазушыға айналды. Сейдахмет ағаның кейінгі ұрпақ­тарға қалдырып кеткен қымбат сыйы, асыл қазынасы – оның кітаптары. «Замандас сыры мен жасөспірімдер тіршілігі, спорт әлемі мен майдан өмірі, аға ұрпақ ерлігі мен жастық жалыны – оның шығармаларының өзекті желілері. Жазушы қаламы қай тақырыпқа салса да жүрдек, сезімтал, қайрат пен жігерге толы», деп жазған еді кезінде Сәкеңнің қаламгерлігі туралы халқымыздың аузы дуалы, ақылгөй, ақсақал жазушысы Әбділда Тәжібаев. Сәкең әлем халқы әркез қызыға көз тігетін футбол ойынына шын мәнінде ғашық еді. Оның қол-аяғын жерге тигізбей, 1966 жылы Лондондағы, 1970 жылы Мек­сикадағы футбол чемпионаттарына апарып, оқыған адамды бірден өзіне тартып, баурап әкететін ғажайып дүниелер жазуына спорттың осы түріне шын ғашықтығы себеп болған деп айтпасқа амалымыз жоқ. Кез келген журналист, қаламгер не нәрсені болмасын неғұрлым жан-жақты, терең зерттеп, біліп жазса, оның жазғандары солғұрлым тартымды, құнды бола түсері дау­сыз. Сейдахмет ағамыз өзі жазатын тақырыбын барынша терең меңгерген соң ғана қолына қалам алатын. Өткен ғасырдағы «Қайрат» командасының атақты ойыншысы Тимур Сегізбаевтың: «Футбол – тек ойнауға ғана емес, түсінуге де қиын өнер. Соған қарамай, Сейдахмет Бердіқұлов әлемдік футбол додасы жайлы тамаша кітап жазды. Бұл кітапты оқыған жан автордың теңбіл доп тылсымын жақсы білетініне таңданар еді... Сәкең, қазір «Қайрат» командасының ақылшы ағаларының бірі. Мен Сәкеңді футбол ойынының жан­күйері деуден гөрі, ұстазы деуге жақын тұрамын», – деп жазуы соның айғағы. Сәкеңнің бойында намысшылдық, өз ұлтына, қазағына деген шексіз сүйіспеншілік сезімі мол еді. Оның бұл қасиеттері өмірде де, спорт тақырыбына жазған материалдарынан, әңгіме, повестерінен, көркем шығармаларынан да айқын көрініп тұратын. Менің көз алдыма әр жылдардағы Сейдағаң елестейді. Өз кабинетіне газеттің спорт бөлімінің бастығы Несіп Жүнісбаевты шақырып алып: – Несіп, ана қазақтың баласы Ленинградта өткен бәсекеде 27-ші орын алыпты, сол жайлы газетте неге хабар жоқ? Ойбай-ау, отызыншы орын болса да қазақтың баласының атын атай берсеңші! Оны оқыған мың қазақ отбасының біреуі еліктеп, баласын сол спортқа берсе, ертең-ақ талантты біреуі әлем чемпионы болмай ма?! – деп ренжіп отырған «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдағаң (Н.Жүнісбайұлының естелігінен). 1986 жылы республика басшы­лығынан Димекең кетіп, Колбин келген кезде қазақ жастары алаң­ға шыққан  көтерілістен кейін республикаға КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі М. Соломенцев келіп, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінде жиын өткізгенде мінбеге шығып, Мәскеуден келген, лауазымы аса жоғары өкілге тайсалмай қарап тұрып «жастарды тек кінәлау тұрғы­сынан қорытынды жасауға болмайды» деп күйініп сөз сөйлеген Сейд­ағаң. Соломенцев сұқ саусағын көтеріп, сөзін бөлгенде іркілместен: «Вы, пожалуйста, свой указательный палец мне не показывайте. Этот указательный палец как раз портит все. Не надо угрожать вашим указательным пальцем, а надо уважать растущую молодежь, растущую национальную поросль», – деп кесіп айтып, тойтарыс берген Сейдағаң (Қ. Сұлтановтың естелігінен). 1994 жылы Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының пре­зиденті Несіп Жүнісбайұлы ауыр халде төсек тартып жатқан ұстазы Сейдағаңа келіп: – Аға, Манчестерден келдім. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан спорт журналистері атынан Халық­аралық спорт басылымдары қауым­дастығының VІІ конгресіне қатысып келдім, – дегенде жалт қарап, көзі от шашып, жайнап кетіп, «жеттік пе соған да, айналайын» деп ағыл-тегіл жылаған да Сейдағаң (Н.Жүніс­байұлының естелігінен). Күні кешегі жұрттың бәрінің делебесін қоздырған Лондондағы Олимпия ойындары кезіндегі жан беріп, жан алысқан әлемдік додалардағы сайыпқыран жігіт­тері­міз бен қыздарымыздың Қазақ­станның мерейін тасытып, 250 мемлекеттің ішінде 12-ші орынға қол жеткізген, еліміздің атағын, әнұранын асқақтатып, бүкіл әлемге танытқан жұлдызды сәтінде менің көңілімде сондай жарыстарды жандырып жазатын, айызыңды қандырып жазатын, спорт тақырыбына келгенде алдына жан салмайтын, қаламына құдірет, қанат бітетін Сейдахмет Бердіқұловтай асыл ағамыздың орны толмай үңірейіп тұрды. Шіркін, тәуелсіздік алған, әлем аренасына шыққан, сүйікті, егемен еліміздің дәл осындай жұлдызды сәтіне аман-есен жеткендей болса, Сейдахмет ағамыздың қаламынан қандай асыл дүниелер төгілер еді деген көгілдір мұң көкейде тұрды. Адам дүниеден өткен соң оның ұрпаққа, кейінгілерге үлгі болар шынайы қасиеттері асқақтай көрініп, келер буындарға бағыт-бағдар, жол-жоба нұсқап тұрары – өмір ақиқаты. Сейдахмет ағамыздың бойында еліктеуге, үлгі алуға тұрарлықтай алғырлық, асыл қасиеттер мол еді. Айтпақшы, кейінірек Сейдахмет ағамен менің жолым үшінші рет тағы түйісті. 1986 жылы жоғары басшылықтағылар мені балалар мен жастарға кітап шығаратын республикалық «Жалын» баспасы­ның директорлығынан «қазақ кітаптарының тиражы мандымай жатыр, өспей қойды, осы саланы көтеру керек» деп алдыма міндет қойып, кітап саудасының республикалық «Қазақкітап» бірлестігіне бас директор етіп жібергенінде, менің орны­ма «Лениншіл жас» газеті редак­торлығынан «Жалын» баспасына директор болып Сейдахмет аға келген еді. *** С.Бердіқұлов қазақ журналис­тикасында, көркем әдебиетінде өз есімін спорт тақырыбын, олимпиадалар тарихын, футболды, велошабандоздықты қопара жазған жойқын қаламгер ретінде өшпестей етіп қалдырып кетті. Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері. АСТАНА.