Ұстаз • 03 Наурыз, 2023

Оқытушылардың жаңа бейнесі

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nazarbayev University-де «Бағдарлы тілдік білім: Интеграция. Инновация. Технология» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар аяқталды. Он күнге созылған мазмұнды іс-шараны Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі, Nazarbayev University, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті ұйымдастырды.

Оқытушылардың жаңа бейнесі

Оған жоғары оқу орындарының қазақ тілі оқытушылары, докторанттары, магистранттары, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары мен ғылыми институттардың қызметкерлері мен болашақ тіл мамандары қатысты. Семинардың мақсаты – қазақ тілін жоғары оқу орындарында практикалық және кәсіби оқытудың өзекті мәселелерін талдау, тәжірибемен бөлісу, қазақ тілін шетелдік азаматтарға оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.

Nazarbayev University Қазақ тілі жəне түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Эльмира Оразалиеваның айтуынша, іс-шараның ерекшелігі – мектеп пен жоғары оқу орындары, сондай-ақ шетелдегі қазақ тілі оқытушыларының ынтымақтасқан айрықша бір моделін жасау. Бұл қазақ тілі оқытушысының жаңа бейнесін ғана емес, тұлғалық өсуін сомдайды.

«Қазақ тілі оқытушысының жаңа портреті немесе тұлғалық өсудің мәні зор. Өйткені ол дәстүрлі жолмен жаңа технологияны сабақтастырып, заман талабына сай біліктілігін дамытады. Сондай-ақ пәнаралық байланыста қазақ тілін жаңа ғылым кеңістігіне алып шығады. Сондықтан ондай оқытушыны сегіз қырлы, бір сырлы деп айтуға болады. Біздің мақсатымыз – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің бойындағы сан түрлі ерекшелікпен қоғамдағы жаңа бір келбетін сомдап шығару», дейді профессор.

Офлайн және онлайн форматта өткен семинар «Тілдік білім беру және кәсіптік бағдар», «Тілдік білімді бағалаудың әдіс-тәсілдері», «Сөйлеу әрекетін дамытудың тиімді жолдары», «Қазақ тілі – ғылым тілі: әдістемелік сабақтастық» және «Филология: ғылыми зерттеулер сабақтастығы» деп аталатын бес бағыттан тұрғанын атап өтейік.

Кеңесте қазақ тілі оқытушыларының өз кеңістігінде қалып қоймай, өркениетті елдердің тәжірибесін алып, оны сабақ барысында ұтымды пайдалана білу сияқты мәселелер қозғалды. Осы тақырыптарда білікті мамандардың дәрістері тыңдалды.

«Біз семинар тақырыбын уақыт талабына сай алып отырмыз. Өйткені оқытушылар ықпалдастық арқылы тіл оқытудың технологияларын меңгеріп, қазақ тілін ғылыми кеңістікке шығарудың жолын білуі қажет. Қазір қазақ тілін ғылым тілінде дамытуды жиі айтамыз. Мысалы, семинарға ғарыш саласының білікті мамандары келіп дәріс оқыды және олар «Ғарыш саласы қаншалықты қазақ тілінде сөйлейді?» деген мәселені көтерді. Сондай-ақ нақты ғылымдар саласында да қазақ тілінде толыққанды ақпарат алып жүрміз бе? Бұл да ойландырады. Шын мәнінде, қазақ тілінің интеграциялық көрінісі – пәнаралық сабақтастықта. Сонымен бірге ғылымаралық байланыс болуы керек. Сол кезде қазақ тілінің кеңістігінде ықпалдастық қанат жаяды», деді Э.Оразалиева.