25 Маусым, 2014

Үлпілдеген үкілі үміттер

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл күн мектеп бітіруші әр түлек үшін, әр мектеп ұжымы үшін салтанатты әрі қуанышты болып саналады. Ата-ана үшін бауыр еті – балапанының қанат қаққан, ұстаз үшін маңдай тері – шәкіртінің үмітіне үкі таққан тамаша сәті қандай ғанибет. Ал, бүкіл ел үшін – азаматқа үміт артқан тарихи мезет бұл, жас түлектің өмір баспалдағына жолдама берілетін күн. Облыс әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда облыс мектептерін бітіруші түлектердің «Жас түлек-2014» мерекелік салтанаты өткізілді. Жүректері лүпілдеп алып-ұшқан түлектердің жүздерінен қуаныш самалы еседі. Мектеп бітірушілерді салтанатты сәтпен облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтап, сөз сөйледі. – Жас ұрпаққа сапалы бі­лім және саналы тәрбие беруді Нұрсұлтан Назарбаев ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы «Қазақ­стан – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында «Жиырма бірінші ғасырдағы дамыған ел дегеніміз белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» екенін атап көрсетті. Сіздердің алдарыңызда толған мақсат, толған таңдау тұр. Сіздер тәуелсіз еліміздің ертеңі, «Мәңгілік Елдің» азаматтарысыздар. Егеменді еліміздің туы берік болуы сіз­дерге байланысты, – дей келіп Сара Нұрқатова облыстағы білім беру саласындағы қол жеткен жетістіктерді жіліктеп жеткізді. Мақсот Құсайынов атын­дағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат (112, 4 балл), қазақ-түрік лицейі (111,2 балл), облыстық физика-математика мектеп-интернаты (109,4 балл) сынды мамандандырылған мектеп-интернаттардың түлектері бұл жолы да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ақтөбе қаласы бойынша орташа көрсеткіш – 88,5 балл болды. Облыс орталығындағы мектептер арасында «Сымбат» жеке мектебі және №51, №32, №21 мектеп-гимназиялары ең жоғары нәтижелерді бағындырды. Сон­дай-ақ, Темір (91,2 балл), Хромтау (89 балл), Мұғалжар (82,2 балл), Ойыл (80,9 балл) және Қарғалы (80,9 балл) аудандары республикалық деңгейден жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Өткен жылы облысымыз бойынша «Алтын белгіден» үміткер түлектердің 42,6 пайызы шын мәнінде үздік екендіктерін дәлелдеп шыққан болса, биыл бұл көрсеткіш 49,7 пайызды құрады. «Алтын белгіден» үміткер 320 түлектің 162-сі ҰБТ-да өз білім деңгей­лерін дәлелдей алды. Мерекелік шара барысында 162 түлекке «Алтын белгі» аттестаты мен планшет сертификаты табыс етілді.Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 124 балл жинаған Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, үздік аттестат иегері Жанар Болатова мен «Сымбат» жеке мектебінің түлегі. «Алтын белгі» иегері Айдана Мұрат облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қолынан автокөлік кілттерін алды. Мектеп бітірушілер атынан сөз алған Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері Досжан Айтуғанов Елбасына, облыс әкімдігіне жастардың білім алуына жан-жақты жағдай туғызып отырғандары үшін алғыс сезімін жеткізді, бүгінгі мектеп бітірушілердің тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын азаматтар болып шығатынына сендірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.