Ұлттық банктің түсіндіруінше, теңге курсының күшеюі «салық кезеңі» факторымен және шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарға кіруімен де байланысты болды. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айда шамамен 295 млн доллар болыпты. Айта кетейік, квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды дербес жүзеге асырады.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату ақпанда 590 млн долларды құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 23%-ды құрады және бір күнде 30 млн доллардан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сату дегенді білдіреді. Осы тәжірибе валюта нарығына Ұлттық қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық банк ақпанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жүзеге асырған. Оның жалпы сомасы 226 млн долларына шықты немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 9% болды.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау үшін наурызда 200-ден 240 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алынады деп күтіледі. Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты жария етуін жалғастыра бермек.
Наурызда Ұлттық қордан нақты сату көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттерді бөлуге арналған өтініміне байланысты болмақ. Қаржы министрлігінің қажетті трансферттердің сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарлары негізінде алдын ала Ұлттық банк теңге түсімдеріне қарай 750-ден 850 млн долларға дейін мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.
«Қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздік жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режімін ұстануды жалғастырады», делінеді ақпараттық хабарламада.
Айта кетейік, ақпанда Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізбеген.