25 Маусым, 2014

«Тасқынға тап болған ауыл қайта түледі»

707 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ел және Елбасы

DSC08271_2

2010 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында тасқын су болып, бірқатар ауылдарымызды су басып кеткен еді. Әсіресе, тілсіз жаудан Жәнтікей, Көкжыра ауылдарының тұрғындары көп зардап шегіп, тұрғын үйлері мен мал-мүлкінен айырылып, абдырап қалған болатын. Тарбағатайлық ағайынның басына түскен ауыртпалықтан арылуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей жәрдемдесті. Мемлекет басшысының қамқорлығымен сол жылдың күзінде апат орын алған ауылдарда жаңа үйлер салынды. Тарбағатай ауданы бойынша табиғат апаты шарпыған ауылдарға салынған үйлердің саны тұтас кентті құрайды. Мәселен, Көкжыра ауылында – 210, Жәнтікейде – 191, Ойшілікте – 7, Көктүбекте – 24, Қызылкесікте – 3 үй салынды. Жаңадан бой көтерген 443 тұрғын үйдің құрылысына мемлекет тарапынан 2 359,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Халықтың қамына қарай құрылыс жұмыстары бар-жоғы үш айға ғана созылды. Қысқа мерзімде бой көтерген сәулетті үйлер пайдалануға берілген кезде, тарбағатайлықтардың қуанышына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп ортақтасып, мерейімізді тасытқаны бүгінгідей көз алдымда. Халқының қуанышын бөлісуге алыстан асығып жеткен Елбасымызға ауыл жұртының атынан алғыс айту менің еншіме бұйырып еді. Сөзімнің арасында мен Үкіметке, облыс басшылығына алғысымды білдіре келіп: «Бізді осы апаттан «қойша тоғытып» тиеп, аман алып қалды», дедім. Нұрсұлтан Әбішұлы сәл ғана жымиып: «Ақсақал, үйіңіз қалай?» – деп көңіл күйімізді сұрады. Мемлекет басшысының елім деп еміренген жылы жүрегі мен дер кезінде қолұшын созған жақсылығының арқасында біз осындай ауыртпашылықты жеңе білдік. Бүгінгі күні ауылымыздың ахуа­лы жақсы. Үкімет тарапынан пайызы төмен жеңілдетілген несие беріліп, ауыл тұрғындары өз кәсіптерін жалғастыруда. Былтыр Көкжыра, Жәнтікей, Ойшілік ауылдарының тұрғындарына су құбыры тартылды. Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жоспарланған жұмыстар орындалды. Қамқорлығын тікелей көрген халық ретінде Президентіміздің ел қамын тереңінен ойлайтын ірі тұлға екенін айтқым келеді. БАҚ арқылы парасатты шешімдері мен жаһандық саясаттағы салмағына да үнемі куә болып келе жатырмыз. Біздің балаларымыз, немерелеріміз – тәуелсіз мемлекеттің азаматтары! Біз, жасы ұлғайған адамдар, бейбіт те бақуатты тұрмыс-тіршілігіміз үшін Жаратушыға тәубе, Елбасыға рахмет айтамыз! Қазіргі кезде жастар саналы түрде туған ел-жұрты мен Отаны үшін мақтана алады. Жедел өркендеп, жаңа табыстарымен әлем назарына ілігіп отырған елімізді жарқын үміттерге толы болашаққа жетелеп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына тарбағатайлықтардың атынан айтар алғысымыз шексіз. Қазыбек ДЕМЕУБАЕВ, Социалистік Еңбек Ері. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылы.

«Мемлекет басшысы – шебер құрылысшы»

Жолдыбай Ендібаев 001Жолдыбай ЕНДІБАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы, еңбек ардагері: Жасыратыны жоқ, кейде кейбір кісілер еліміздегі атқарылып жатқан жасампаз істерден ілік тауып, Елбасымызды да іліп-шалып жамандағысы келеді. Ондай адамдар, әсіресе, кеңестік кезеңнің кейінгі жылдарында басшылық қызметтерде істеген, егемендік алған­нан кейін уақыт талабы­на, нарықтық жүйеге ілесуге шамасы жетпей, өздері де құлшыныс танытпай қалғандар арасында көбірек. Сон­дай-ақ, «алма – піс, аузыма – түс», «әлде­кімдер әкеліп берсе» дегендей жаты­п­ішерлік пиғылдағылардан жиірек естіледі. Шынымды айтайын, өз басым сон­дайлардың қай-қайсысына да қарсы шы­ғамын. Кешегі мен бүгінгіні салыстырамын. Көршілес, алыс-жақын елдерді мы­сал етіп келтіремін. Әр үйден шығып жата­тын екі-үш, тіпті, одан да көп көліктерді айтамын. Көркейіп, көріктеніп бара жатқан Шымкентімді, аудандардың орталықтарын, ауылдарды көз алдарына елестетіп көрсеткендей күй кештіремін. Әйтеуір, әлдебір кілтипандарды ғана тіз­белеп, өздері де кірбің жиып, кіржиіп жүре­тіндердің көздерін ашуға тырысамын. «Көшбасшымыз Нұр­сұл­тан Назарбаев – көре­ген құрылысшы!» дей­мін әлгіндей адамдарға мақ­танышпен. Астанамызды айтамын. Алматымызды айтамын. Бүкіл байтақ еліміздің құрылыс алаңына айнал­ғанын айтамын. Шынында да, Шымкенттің өзінде «Қол­жетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан көпқабатты 84 үйдің 47-сі облыс бюджеті есебінен қаржыландырылуда. Оның 24-і биылдың өзінде пайдалануға беріледі. Үйлердің басым көпшілігі ең алдымен әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға ар­налған. Республикадан да трансферт көлемі көбейтіледі деп күтілуде. Шым­кент қаласының әкімдігі мен сәулет және қала құрылысы басқармасы көпқабатты үйлер салуға басымдық берілуіне байланысты жаңаша ізденістер жасауда. Мен байырғы құрылысшы ретінде Елбасымыздың тапсырмасымен өзге өңірлерде және өз облысымызда атқа­рылып жатқан игі істерді үнемі назарымда ұстап, талдап-таразылап жүремін. Индустриялық аймақ та республика бойынша Оңтүстік өңірде алғаш ашыл­ғаны аян. Облыс орталығында, ірі қала­ларда басталған арнайы аймақтар қазір жеті ауданда да құрылды. Индус­трия­лық аймақтардан басқа тағы да агроин­дустриялық аймақтар құру да қарқын алуда. Оларда жылыжай кешендеріне үлкен басымдық беріледі. Шымкентте салынатын сауда-логистикалық орталық – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айрықша атап көрсеткен шырайлы шаһарымыздың үшінші қала болуына жасалар бетбұрыстың бір ғана белгісі. Жаңадан салынып жатқан құры­лыс­тарды көрсем қуанамын. Айнала-төңі­регімізде, шағын аудандарымызда, алыс­тағы ауылдарда, көптеген көшелерде көбінесе жаңа үйлер салынуда. Тіпті болмағанда жөнделіп, жаңартылып, жаңғыруда. Осының бәрі – еліміздегі еңбек­сүйгіштіктің, тұрақтылықтың, татулықтың, Көшбасшымыз көреген­ді­гінің нәтижесі. ШЫМКЕНТ.

«Біздің замандас – Нұрсұлтан»

DSC_0225-1Әби САРҚЫНШАҚОВ, теміржол саласының ардагері, облыстың құрметті азаматы: Әлі есімде, 1980 жыл­дың сәуір айында «Қазақ­стан теміржолының» Павло­дар­дағы бөлімшесінің басшысы ретінде Алматыға келдім.  Сол кездегі Орталық комитет хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіп, автокөлік және коммуналдық шаруашылық салаларына жетекшілік ететін  есеп беру жиынына мен де қатыстым. Салаға байланыс­ты маған да бірнеше сұрақ қойды. Бұдан соң да бір-бірімізбен Мәскеуде өткен КОКП-ның 27-ші съезінде, басқа да пар­тия­лық және шаруашылық жиын­дарында кездесіп, жолымыз түйісіп жүрді. Сол жылдары  Нұрсұлтан Әбішұлы жұ­мыс сапарымен облысқа кел­ген кезде, теміржол сала­сы­ның мәселелері жөнін­де әңгімелестік. Біздің қала­дағы қазіргі Бірінші Май көше­сіндегі көпқабатты тұрғын үй сол кісінің қолдауымен бой көтерді. Екіншіден, Елбасы  Ақ­су – Дегелең (Курчатов) ба­ғы­тындағы Семей арқылы Алматыға баратын тікелей теміржолдың ашылу жиынына қатысты. Бір кезде мінбеде сөйлеп тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы сәл кідірді де: «Дос­тық» стансасын және Қы­таймен араға теміржол желісін салуды алғаш айтқан мына кісі», деп көп ішінен мені нұсқап көрсетті. Бертін облыс орталы­ғын­дағы электролиз зауытының ашылуына келді. Бір кезде көптің арасынан тағы да мені көріп қалды. Амандасып, кә­дімгідей, денсаулық, отбасым, жұмыс барысы жайлы сұрады. Мені Елбасының қара­пай­ым­дылығы таңғалдырады, бізді өзімен замандас көрген өткен күндерге деген сыйла­сым­дылығына рахмет. Ілтипатына қарап жаның жадырайды. Жуырда 80 жасқа толдым. Елбасы өз замандасын  құттықтап, Алғыс хат жолдапты. Мерейленіп қалдым. Иә, біздер, біздің заманымыздың  Нұрекең сияқты адамдары  құрыштай шыныққан жандармыз ғой, қазіргі жастар соны түсінсін. Егемен ел үшін еңбек етсін. Кереку өңірінде тұратын Әби Сарқыншақов деген байырғы теміржол ардагерін ұмытпай, ілтипатты көңіл білдірген замандасқа амандық,  ұзақ ғұмыр тілеймін. Павлодар.

«Елбасы іргесін қалаған елорда – келешегіміздің мәңгілік символы»

13x18Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Астана қаласының бас жоспарына жарияланған халықаралық конкурс (1998) қазылар алқасының төрағасы: «Біз Алматыға сыймай кеткен жоқпыз, біз оны қимай-қимай кеттік». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзін оқи отырып, ел астанасын көшіру кезіндегі қауырт жұмыстар ойға оралады. Бүтін бір мемлекеттің астанасын «...географиялық тұрғыдан алғанда орта тұсына, экономикалық тұрғыдан алғанда оңтайлы мекенге» жылжыту айтар ауызға оңай, ойлар ойға ғана жеңіл. Көштің қадір-қасиетін қазақтан артық түсінетін халық кемде-кем шығар, содан да болар, «Кедей болсаң көшіп көр», «Көш жүре түзелер» сияқты мақалдары көші-қонның оңай жұмыс емес екенін көрсетеді. 1997 жылы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен ел астанасы Ақмолаға көшірілетін болды. Көш бой түзеген жылы қыс қаталдық танытты. Бұл да бір сынақ болды деп айтсам, артық кетпеймін, себебі, астананы көшіру тақырыбы көп әрі қызу талқыланып, оны жақтаушылардан гөрі күдікпен қараушылар басым еді. Әйтпесе, солтүстіктің үскірік аязы дәл сол жылы бірінші рет соққан жоқ қой. Жаңалық барлық кезде қуанышпен қабылдана бермейді, оның секемі мен сенімсіздігі қатар жүреді. Оны жеңу – уақыт пен істің талабы. 1998 жылдың наурыз айында мені сол кездегі Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаевтың қабылдауына шақыру хабары күтпеген жерден болды. Мемлекеттік қызметте болмасам да, мемлекет үшін жұмыс істеп жүрген қазақтың бірімін, сондықтан Үкімет тарапынан берілген тапсырманы қабыл алдым – ел астанасы Ақмола қаласының сәулеттік келбетін жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 11 наурызындағы №199 қаулысы бойынша ұйымдастырылатын халықаралық конкурстың қазылар алқасының төрағасы болдым. Бұл жерде менің еңбек жолым мен жобалау ісіндегі тәжірибем ескеріліп, ел болашағының келбетін жасау жұмысына араластырғаны көңілімді марқайтты. Конкурсқа халықаралық сипат беру үшін дүниежүзінің түкпір-түкпірінде жүрген елшілеріміз арқылы бұл шара туралы ақпарат тарату жұмыстарын дереу ұйымдастыру керек болды. Жарты жыл мұндай дәрежедегі конкурстар үшін тым тар, алайда Үкіметтің басшылығында отырған азаматтардың арқасында, Нұрсұлтан Әбішұлының әлем тарихында сол кездің өзінде танылып қалған беделінің арқасында алты айдың ішінде конкурс туралы хабарымыз әлемді шарлап кетті. Сол хабар арқылы жер-жерде Қазақстан туралы, оның жаңа астанасы туралы жаңа ақпарат тарады – еліміз бұрынғыдан бетер таныла бастады. Халықаралық сипат алған конкурсты өткізу талаптары да комиссия құрылғаннан кейін жа­салды. Францияның мем­лекет қайраткері, пре­мьер-министрі және Бесінші республиканың пре­зиденті болған Жорж Помпидудың басшы­лығымен 1969 жылы өткізілген халықаралық конкурсты үлгі етіп ал­дық. Бұл байқау Еуропадағы ең үлкен мәдени кешенге жарияланған болатын. Осындай келелі жұмысты үлгі етіп, конкурстың ережесі жасалды. Қазылар алқасы төрағасының орынбасары болып қазақ құрылыс ісінің аса мықты мамандарының бірі, сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Фарид Галимов тағайындалды. Елімізге және басқа мемлекеттерге сәулет туындылары кеңінен танымал, республикамыздың бетке ұстар сәулетшілері Т.Ерәлиев, Р.Сейдалин, Н.Қойшыбеков, С.Баймағамбетов, С.Мордвинцев, Америка Құрама Штаттарынан Нэлс Холл, Ресейден академик, сәулетші Е.Г.Розанов, Түркиядан Бехруз Чинчи сынды еліміз бен шетелдердің белгілі сәулетшілері қазылар ретінде шақырылды. Уақыттың тарлығына қарамастан, қара қылды қақ жарып шығар небір жақсы жұмыстар жиналды. Оларды сараптап, үздігін табу жаңылмас таңдауды талап етті. Әрине, қазылардың әрқайсысы өзіндік көзқарастары мен өнерге деген талап-тілектері қалыптасқан талантты бірегей жандар еді, олар әр жобаны талқылап-талдап, қатал талғамдарынан өткізіп отырды, өйткені, таразы басында тәуелсіздігін енді алып, әлем сахнасына жаңа ғана шығып келе жатқан еліміздің жаңа астанасының келбеті тұр еді. Талқыдан өткен жобалардың ішінен конкурс ережесі бойынша үш компанияның жобалары таңдап алынды: «Сәулетші Кишо Курокава және әріптестері» (Жапония), «Ақ орда» жобалау-құрылыс компаниясы (Қазақстан) және Ресей Сәулет және құрылыс академиясының жанындағы Орталық жобалау және қала салу ғылыми-зерттеу институты. Бұл үш жобаны Мемлекет басшысының қарауына ұсынып, осылардың ішінен Жапония сәулетшісінің жобасы таңдалды. Бұл саяси әрі шығармашылық мәні бар шара еді. Келешегін молынан ойлайтын Басшымыздың арқасында еліміз сәулетшілер әлемінде де танымал болды. Ел­дің астанасы, гимні, гер­бі – сол елдің символы болып табылады. Спорт­шыларымыз жүл­делі орындар алып, көк бай­рағымыз өзге елдің көгінде желбірегенде туын­дайтын кеуде керер мақтаныш сезімі бүгін­гі Астананың әлем сахнасындағы рөлін дүниежүзі мойын­да­ғанда тағы бір жалындап кетеді. «Астана – ең алдымен азаматтығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тари­хының шынайы шежіресі, қарқын­ды дамуымыздың, қол жеткен та­быс­тарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі», деп атап өткен Нұрсұлтан Әбішұлының ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешімінің ақиқат астарын бүгінгі Астананың асқар асуларынан көріп отырмыз. Ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру талас тудырмайтын ең дұрыс шешім болды. Алматыны дамыту барлық кезде тиімді бола бермейді, өйткені, бұл аумақтың желдетілмейтін ерекшелігі, жер сілкінісі сияқты шектеу тудыратын жақтары бар. Сейсмика Алматыны көп мүмкіндіктерден айырады – халық неғұрлым көп шоғырланған сайын, қаланың микроклиматы нашарлайды, сәулеттік шешім жағынан да сол себепті көсіле шаба алмайсың. Ал Астанада – кең жазиралы далада құлашыңды кеңге жая алатын үлкен мүмкіндік бар. Бұл сәулетшілердің талаптарына қанат бітіріп, өнер көгінде еркін самғауына кеңдік береді. Бұл жағынан да Астананың берері мол. Халықтың ел астанасының маңына көш түзеуі еліміздің әлеуметтік, ұлттық және саяси әлеуетін арттырары сөзсіз. Осыны көрегендікпен бағдарлай алған Елбасымыздың бұл шешімінің дұрыстығын бүгін көзіміз көріп отыр. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі қабылданған тәуелсіз шешімдердің ішіндегі ең жауаптысы әрі ең маңыздысы осы болды. Елбасымыздың елге деген, оның шекарасы мен халқының бүтіндігін, тұтастығын сақтауға деген қамқорлығынан туындаған батыл бетбұрыс елімізге абырой алып келді. Қазір бізді Астанамызбен таниды, Астана арқылы халқымыздың байлығын бағалайды. Дүниежүзіндегі ел астаналарының ішінде біздің Астанамыздың келешегі мол, даму әлеуеті үлкен, сәулеттік келбеті бірегей деп айта аламыз. Елбасы іргесін қалаған елорда – келешегіміздің мәңгілік символы деп айтуға толық қақымыз бар. АЛМАТЫ.