25 Маусым, 2014

Өркендеген өндірісті өңір

351 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
01-12.jpg-24-06

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын оң бағалады

Спорт кластері сүйсіндірді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, өңір жұртшылығымен жүздесті. Елбасы Өскеменде соңғы жылы салынған ауқымды спорт кластерімен танысып, ондағы жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика манежі және орталық жүзу бассейнін аралап көрді. Шығысқазақстандықтардың игілігіне берілгеніне әлі бір жыл бола қоймаған жекпе-жек сарайында күрес, бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары бар. Кешенде 1114 адам жаттыға алады. Көрермен залының сыйымдылығы – 650 орын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде салынған нысанның жаттықтырушылар құрамында бүгінде 45 адам еңбек етеді. Ал 350 адамға арналған жеңіл атлетика манежі жүгіру, сырықпен және биіктікке секіру, көпсайыспен шұғылдануға мүмкіндік беретіндігімен ерекше­ленеді. Халықаралық талаптарға сай салынған жабық жүзу бас­сей­нінің есігі қазіргі кезде қала тұрғындарына ашық. Орталық жүзу бассейнінің сыйымдылығы 747 орынға есептелген. Онда 10 жүзу жолағы, 2 және 5 метрлік трам­плиндер, жаттығу және сауық­тыру залы, тағы басқа спорт­­шы­ларға қажетті жағдайлар жасалған. – Экономикалық дамудың арқасында біз әлеуметтік, оның ішінде спорт саласындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Бүкіл еліміз бойынша спорт нысандары қалпына келтіріліп, жаңадан спорт кешендері салынуда. Атлеттеріміздің нәтижелері де барлық бағыттар бойынша жақсарып келеді. Осының бәрі ұлт саулығын нығайтуда маңызды мәнге ие болып отыр, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Президент өңірдегі спорт саласы ардагерлерімен әңгімелесіп, оң өзгерістерді атап өтті. Елбасы сондай-ақ, спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және өңірдегі білім, жастар сая­саты саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен  таныс­ты. Президентке өзекті әлеу­меттік мәселелерді шешуге, атап айтқанда, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналған «Мейірім» акциясы, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуді көз­дейтін «Әлемге ашылған терезе», орта және жоғары оқу орын­дарының түлектерін жұмысқа орна­ластыруға жәрдемдесуге ба­ғытталған және меценаттыққа бай­ланысты түрлі жобалар туралы баяндалды. Құс етін өңдейді Сапар барысында Елбасы Өс­ке­мендегі «Айтас МП» кәсіпорнында болып, зауыттың құс еті өнімдерін өңдеу және өндіру жұмыстарымен танысты. «Айтас-МП» ЖШС былтыр тамыз айында іске қосылған болатын. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге. Шұжық өнімдерін, деликатестер мен жартылай дайын өнімдер шығаратын кәсіпорынның өндіріс көлемі жылына 6 мың тоннаны құрайды. Швейцария, Германия және Польшаның жаңа технологияларымен жабдықталған зауыт өнімінің сапасы жоғары, тұтынушылар арасында қазірдің өзінде сұранысқа ие. 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отырған зауыт қызметкерлерінің орташа еңбекақы көлемі 114 194 теңгені құрайды. Кәсіпорын жетекшілері 2020 жылға қарай жоба қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев құс етін өңдеу зауытының өңірдегі ірі және маңызды жобалардың қатарында екенін атап өтті. Зауыт өнімінің 40 пайызы экспортталатынына көңілі толатындығын жеткізді. Сондай-ақ, зауытта Мемлекет басшысына Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кеше­нінде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндалды. 05-1.jpg-24-06 Жүздесу жылы әсер қалдырды Мемлекет басшысы бұдан кейін өңір активімен, шағын және орта бизнес, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Ертістің сол жағалауында орналасқан Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұра­жай-қорығындағы ақшаңқан киіз үйде өткен жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін шығыс өңі­рі­нің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығынан бастады. – Шығыс Қазақстан облысы – республиканың ірі өндірістік орталығы. Өңірде «Қазцинк», Үл­бі металлургия зауыты, титан-магний комбинаты және тағы басқа ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Еліміздегі титанның, маг­нийдің, атом стансасы отынының барлық көлемі, мырыштың 90 пайызы өндіріледі. Аталған өнім түрлері бойынша облыс кеңес­тік уақытта да жетекші рөлге ие болатын. Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасына облыста көңіл бөлінген. Үлкен қаржы игеріліп жатыр. Соңғы уақытта 200 миллиард теңгеге 37 жоба іске қо­сылды. 8,5 мың жұмыс орны ашылды. Шығыс Қазақстан еліміздегі майлы дақылдардың төрттен бір бөлігін өндіреді, сүт пен ет өндіруден елімізде бірінші және екінші орынды иеленеді. Сондықтан облысқа көңіл бөлу – Қазақстанның өндірісін өркендету болып саналады. Өңірде ғылым, жаңа технология, әлеуметтік шаралар жөнінен көптеген шаруалар жасалып жатыр. Мен бүгін облыс орталығында іске қосылған спорт кешендерін көрдім. Мұның бәрі халыққа жасалып жатқан жақсылық болып саналады, – деді Мемлекет басшысы. Президент елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлініп отырғанын, экономиканың бұл бөлігінде шығарылатын өнім көлемі екі жарым есеге артқанын атап өтті. – Халықтың үштен бір бөлігінің шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуы өте маңызды. Біз құрған ірі кәсіпорындар үлкен қаржы мен кіріс көзі екені белгілі. Бірақ ірі өнеркәсіп көптеген жұмыс орнын құра алмайды. Алып өнеркәсіп орындары жұмысшы санын азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға күш салады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік 5-10, 50 маман істесе де  адамдарға жұмыс береді. Сондықтан біз шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барлық жағдайды жасаймыз, – деді Президент. Елбасы өңірде денсаулық сақтау мен білім беру мәселесіне көңіл аударылып отырғандығын, оған дәлел ретінде облыс тұр­ғын­дарының өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін жетіп, бала туу көрсеткішінің 41 пайызға артқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – адамдардың өмір сүру деңгейі жақсарғанын білдіреді. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта бизнес қаржысы есебінен бой көтерген медициналық орта­лық, жекпе-жек сарайы, хоккей орталығы, жеңіл атлетика ма­нежі, орталық бассейн сынды нысандардың барлығы тұр­ғын­дардың денсаулығына қызмет ететінін ерекше атады. Әрине, Өскеменде экология мәселесі бар. Мен бұл мәселені үнемі назарда ұстап отырамын. «Қазцинк» және «Қазақмыс» компаниялары экологияның оңалуы жолында бірқатар шаруа атқаруда, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Өске­менде уран кені өңделетінін, Ре­сеймен әріптестік шеңберінде экспортқа шығару жоспарланып отырғанын айта келіп, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Шығыс Қазақстан кәсіпорындарына көрші елдің нарықтық кеңістігіне шығуға жақсы мүмкіндік туып, кедендік алымдар мен кедергілерсіз сауда-саттық жасауға, бәсекелестікке түсуге болатындығын жеткізді. – Бұл ретте өнімдеріміз бәсе­кеге қабілетті бола ма деген сауалға жауап табылады. Мен облыста жағымды алға жылжу бар деп есептеймін. Халықтың өмір сүру деңгейі өсіп, экономикасы дамуда. Әлеуметтік жұмыстарға жеткілікті назар аударылады. Дегенмен, алда әлі де жұмыс көп. Мен жақында айттым, біз тағы да бизнеске, инвесторларға еркін жағдай жасадық.  Жаһандық экономиканың ахуалында құл­дырау үдерісі байқалады. Әлемдік және еуропалық инвестициялық  ресурстар жабылып жатыр. Мұндай жағдайда біз ішкі қаржы есебінен ішкі сұранысты арттырып, экономиканы көтеруіміз, жұмыс орнын ұсынуымыз қажет. Мемлекеттің оған мүмкіндігі бар. Осыған байланысты экономикаға 1 триллион теңге бөлінді. Аталған қаржы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысы, индустриялық-инновациялық нысандар құруды одан әрі жалғастыру және экономиканың басқа да секторына арналатын болады, – деді Елбасы. Осыдан кейін Елбасыға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы жөнінде баяндады. – Аса қадірлі Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы! Сіздің: «Қандай қиын­шылықтар болса да экономиканың даму қарқыны өткен жылдан төмен­демеуі тиіс, халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсаруы керек», деген тапсырмаңыз бүгінде толығымен орындалуда. Былтыр ішкі жалпы өнім 2 триллион теңгеден асты. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылғы көрсеткіштер мен республикалық көрсеткіштерден төмен емес. Өндіріс өнімдеріне сұраныстың төмендеуі, бағаның құлауына қарамастан өнеркәсіп саласында тұрақты ахуал байқалады, – деді облыс әкімі. Өңір басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің өсімі 8 пайызды құрап, 53 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. 100 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көбейіп, 117 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының негізгі азық-түлік түрлеріне бағаның негізсіз өсімін болдырмау тапсырмасы орындалды. «Қазцинк», «Қазақмыс» сынды кәсіпорындар Қазақстанға сырттан тасымалданатын тауарларды өндірумен айналысатын ұсақ кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Бүгінде олар өңір мен еліміздің басқа да аймақтарындағы кәсіпкерлермен 800-ге жуық келісімшарт жасасты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы үш жылдың ішінде 37 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде ағымдағы жылы 9,70 млрд. теңге бөлінді. Үш жылда 40 мыңға жуық жаңа жұ­мыс орны ашылса, биыл 7 мың жұмыс орны ашылмақ. Әсіресе, шағын несие ұйымдары ауылдағы кәсіп­кер­лікті дамытуға себін тигізіп отыр. Шығыс Қазақстан шекаралық өңір болып саналады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, облыс Ресей Федерациясының субъектілерімен, Белоруссияның Могилев облысымен интеграциялық әріптестікті жолға қойды. Кеден одағының  құ­рылуы арқылы тауар айналымы өткен жылы 4,10 пайызға ар­тып, Ресей мен Белоруссия ара­сындағы тауар айналымы 1 млрд. долларға жуық қаржыны құра­ды. Бұл көрсеткіш ағымдағы жыл­дың төрт айында 400 млн. долларға жуықтады. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын 290-300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бес айдың ішінде 113 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Бұл ретте мемлекеттік қаржы көздерінен бөлек кәсіпорындардың мүмкіндігі де пайдаланылуда. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 4 жоба енгізіліп, 3,5 млрд. тең­геге жуық қаржы бөлінді. Бұл моно­қалалар экономикасын жекелеген кәсіпорындарға тәуелділіктен құтқаратын болады. Жаһандық нарықтағы өзге­ріс­тердің өңір экономикасына тигіз­ген кері әсерін жою үшін қосымша экономикалық өсімді арттыру көздері қарастырылуда. Бұл ретте жұмысы тоқтап қалған немесе толық қуатында жұмысын жүргізбей отырған кәсіпорындар мен интеграциялық тетіктерді іске қосу, «Ақтоғай» тау-кен байы­ту комбинаты мен «Азия Авто» АҚ жаңа зауытын салу жоба­лары көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруа­шылығындағы бос жер­лер­ді игеру қолға алынды. Төрт жылда жүр­гі­зілген түгендеу жұмыс­тары­ның нәти­жесінде егістік алқаптары жылына 60-70 мың гектарға артып келеді. Баяндаманы ден қоя тыңдаған Елбасы облыста оң істер атқарылып жатқанын атап өтіп, десе де тау-кен саласындағы түсті металдар қорын игерудің баяу жүргізіліп жатқанына назар аударды. «Қазцинк» ЖШС президенті Никола Попович, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, «Үлбі метал­лургиялық зауыты» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов Ел­басыға түсті металл өндіру сала­сындағы жағдайды баяндады. «Қазақмыс» басшысының айтуынша, кәсіпорын бүгінде ірі кен байыту комбинатының құрылысын жүргізуде. Өнімділігі 30 млн. тоннаға жететін комбинаттың өн­діріс көлемі жылына 100 мың тоннаны құрайтын болады. Инвес­ти­ция көлемі 1 млрд. 700 млн. тең­ге. Кен орнында 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жобаның бірінші кезегі 2015 жылы іске қосылмақ. Үлбі металлургия зауытының жетекшісі Юрий Шахворостовтың айтуынша, уранның шикізат қорына қатысты ешқандай проб­лема жоқ, алайда отын таблеткаларын өткізуде қиындықтар туындап отыр. – Бүгінде біз өнімдерімізді Қы­тайға шығарамыз. Ол жақта француздық компаниямен келісім жасалған. Бірақ бұл жобалар аса белсенді іске асып жатқан жоқ. Қазір уранды конверсиялау бойынша канадалық компаниямен жұмыс істеудеміз. Жапонияда болған апаттан кейін әлемдегі бірқатар атом стансалары жұмысын тоқтатып, уранға деген сұраныс күрт азайды. Соның салдарынан уран бағасы екі есеге арзандап кетті. Мұның бәрі жоспарлаған жобаларды жүзеге асыруға салқынын тигізбей қоймайды, – деген Юрий Шахворостов бүгінде өскемендік зауыт тантал шикізатының тапшы­лығын бастан кешіріп отырғанын да жасырған жоқ. – Ядролық энергетика дами береді. Біз де ядролық әлеуетті пайдаланамыз. Жапония, Еуропа елдері де оған оралады. Сондықтан бұл тарапта жұмыс істеуге әрқашан дайын болуымыз керек, – деді Елбасы. Тау-кен саласын дамытудың тағы бір көзі – биылдан бастап гео­логиялық барлауға бөлінген қаржы екі есе көбейді. Оның 2 млрд. теңгесін мемлекет, 3 млрд. теңгені «Қазцинк» бөліп отыр. Мемлекет басшысы барлау жұмыстарын жіті жүргізуді тапсырды. Елбасына өңірдегі Индус­трия­ландыру картасы аясында атқа­рылған жұмыстар жөнінде облы­с әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді. Бүгінгі таңда Индустрияландыру картасы аясындағы 37 жобаның 21-і елуден жүз пайызға дейін қуатында жұмыс істесе, 10-ы елу пайызға дейін, 4-еуі өткен жылдың соңында енгі­зілгендіктен өнім өндіруді жоспарламаған екен. – Кез келген жобаны бастамас бұрын оның тиімділігін, сұранысқа сай келетінін анықтап алған дұрыс. Қолданысқа енгізілетін нысандар толық жұмыс істеуі, өндіретін тауарларына сұраныс болуы тиіс. Әйтпесе, қыруар қаражат жұм­салған жобалардың толық қуатпен жұмыс істемей тұрса ешқандай пайдасы жоқ. Осы жағын есте ұстау керек, – деген Мемлекет бас­­шысы Нұрсұлтан Назарбаев аудан­дарда «ҚазАгро» ұлттық басқа­­рушы холдингі арқылы несие алып, ауылшаруашылық өнім­дері­нің көлемін ұлғайту, мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңіл­діктерді тиімді пайдалану қажет­тігін ескертті. 02-7.jpg-24-06 04-3.jpg-24-06 Әлеуметтік сала ахуалы Елбасы әлеуметтік саланың да ахуалын сұрады. «Апатты» аталып кеткен, яғни, бүгінгі күннің талабына сай емес өңір мектептерінің жағдайы туралы Президентке облыс әкімінің орынбасары Жақ­сы­лық Омар ақпарат берді. Ол тиісті орындармен жүргізілген тексе­рулер нәтижесінде аймақтағы мектептердің арасында қазіргі уақыт талабына сай келмейтіндері анық­талғанын, олардың орнына жаңадан ғимараттар салынып жат­қанын, биылғы ҰБТ-да шығыс­қазақстандық түлектердің жинаған орташа балы 78-ді құрағанын, бұл – республикада сегізінші көрсеткіш екенін жеткізді. Мемлекет басшысы білім беру нысандарының білім беру бағы­тында қолданылуы қажеттігін атап айтты. Кездесуге қатысушылар арасында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың профессоры Лилия Столярова Елбасына шығысқа кел­ген әр сапарының өңір тұрғын­дары үшін қуаныш сыйлайтынын айта келе, «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының маңыздылығына тоқталды. – Құрметті Елбасы, Сіз­дің «Қазақстан-2050» страте­гия­лық бағдарламаңызды шығыс­қа­зақ­стандықтардың 96 пайызы қолдайды және қол­дап қана қоймай оны жүзеге асы­руға қолдарынан келгенше үлестерін қосуда. 1992 жылы Қазақстан халқының 1 форумында сөйлеген кезде мен: «Біздің Президентіміз металлург, ерекше қорытпаның құпиясын біледі. Ол қорытпаның атауы – «Қазақстан халқы». Бүгін бұл енді құпия емес, нақты белгіленген, болашағы айқындалған «Дамудың қазақстандық жолы» атты бағдар­лама. Бүкіл жаћан жұрты қазір осы бағдарламаға қызыға қарайды. Сіздің Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұ­рақтылықты сақтауға үндеген, татулық пен келісімді насихаттаған парасатты бастамаларыңызды әлем елдері қызу қолдап отыр. Бұл ретте Сіздің ядролық қарудан бас тартқан маңызды шешіміңіз баршаға үлгі, – деді профессор. Лилия Столярова, сондай-ақ Елбасының бастамасымен Еура­зиялық экономикалық одақ­тың құрылуы да тарихи оқиға екенін жеткізді. Этноауылдың төрінде орна­лас­қан ақшаңқан киіз үйдегі алқалы жиынның соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бергі елімізде жүзеге асырылған стратегиялық бағдарламалардың жемісі, осы уақыт ішінде қол жет­кізген жетістіктер, сырттан құйыл­ған шетелдік инвестициялар және басқа да толағай табыстар туралы айта келе ендігі алда тұрған үлкен міндет – дамыған 30 елдің қатарына ену екенін нақтылады. – Қазір Еуропа елдерінде инвестиция көздері азайды. Түсті металға деген сұраныс та артып тұрған жоқ. Бізге табиғи бай­лық­тарымызға иек артып, арқаны кеңге салуға болмайды. Бізге индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруда ширақтық таны­туымыз керек. Бұл – оңай бағ­дар­лама емес. Десе де еліміздің болашағы мен тұрақты, жедел дамуы үшін осы бағыттан таймауы­мыз керек. Индустрияландыру зауыт салумен шектелмейді, ол зауыттың өнімі заман талабына жауап беретіндей, жоғары сұ­ранысқа сай болуы тиіс. Біз индус­трияландырудың алғашқы бес­жылдығын сәтті аяқтадық, енді ке­зекте инновацияға негізделген екінші бесжылдық тұр. Осы орайда Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделінің арқасында Дүниежүзілік банк бізге қомақты қаражат бөлуге келісті. Сол сияқ­ты Еуропалық банк, Ислам банкі, Азиялық банк сынды алпауыт қаржы институттарының бар­лығы қаражат бөлуге дайын. Бұл қара­жат алдымен индустрия­лан­дыру бағдарламасын жүзеге асы­руға, содан кейін шағын жә­не орта кәсіпкерлікті қолдауға ба­ғыт­­талады, – деді Мемлекет бас­шысы. Президент жаһандық эко­но­ми­каның шарықтауы мен құлдырау кезеңдерінде тұрақтылықты сақ­тап тұру үшін ұлттық қор құрылғанын, қа­зір онда 100 млрд. доллар кө­ле­­мін­де қаражат жиналғанын жет­кіз­ді. Мемлекет басшысы Шығыс Қа­зақ­станда жақсы ғылыми-ағар­тушылық база бар екенін, бірақ оның нақты сектормен өзара іс-қимылын күшейту керектігін атап өтті. Бұл ретте өндіріс орын­дарының дуалды оқыту бағдар­ла­ма­сын күшейту қажеттігін атап өтті. – Ғылым еңбек өнімділігін арттыруға қызмет етуге тиіс, ин­но­вацияның мәні де осында жатыр. Жаңа технологиялар әлемде қарқынды түрде енгізілуде, біз де қалыспауға тиіспіз, – деген Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық салаларда – бизнес жүргізуде, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруда, тұрғын үй құрылысында, оқуда, медицинада, мәдениетте теңдессіз шарттар ұсынылып отырғандығын атап өтті. Тек тұрғындар тарапынан баста­машылық қажет, ол үшін тиімді түсіндіру жұмыстарын жүр­гіз­ген жөн. Елбасы облыс орталықтарында медицинаның әлеуеті күшейгенін, жылына 15 мың жүрек науқасына ашық ота жасалатынын, трансплантация қызметінің дамығанын атап өтті. Сондай-ақ, елімізде өтіп жатқан ірі шаралардың бар­лығы қазақстандықтардың тәуел­сіздік жылдары қол жеткізген толе­рант­тылығының, елімізде қалыптасқан тұрақты саяси-экономикалық дамудың нәтижесі екенін жеткізген Мем­лекет басшысы облыстың табыс­ты дамып келе жатқанын, осы қарқынды әлі де үдете түсу қажет­тігін атап көрсетті. – Бүгінде жұмыс істеуге, әл-ауқа­тымызды арттыруға барлық жағдай бар. Тек талмай, тынбай еңбек ету керек, – деді Нұрсұлтан Назар­баев. Елбасы жиын соңында барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігіне еңбек етуге шақырды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.