Алға қойған мақсатыңды айқын білмесең, оған жетудің жолдарын сезіне алмасаң, табысқа жетуің қашан да қиын. Бұл – жеке адамға да, бүкіл халыққа да, тұтастай мемлекетке де бірдей белгілі ақиқат.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің келешегі туралы өз ойларын «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгілеген болатын. Еске алатын болсақ, біздің мемлекетіміз Кеңес Одағының ыдырауынан кейінгі ауыр дағдарыстан соң өзінің экономикасын қалыптастыра бастаған кезде осынау бағдарламалық құжатта көрініс тапқан еліміз Президентінің көптеген идеялары утопия секілді, ал мақсаттар осындай қысқа мерзімде орындалмайтын секілді көрінгені рас. Бірақ, кейде біздің ең батыл армандарымыз іске асатын алдағы күндер біз күткеннен де ерте келетіні бар. Халық өзінің Елбасына сенім артып, белгіленген мақсат-мұраттардың көпшілігіне айтылған мерзімнен едәуір бұрын қол жеткізе алды. Қазіргі кезде «Қазақстан-2030» Стратегиясының негізгі бағыттары табысты түрде іске асырылды.
Қазіргі кезде біз келесі маңызды мақсатқа – әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіруге қарай ілгерілеп келеміз.
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттердің бірі осындай. Жаңа Стратегияда Мемлекет басшысы еліміздің таяу онжылдақтағы даму келешегін айқындады. Елбасы Жолдауда атап өткендей, «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады». Еліміздің ХХІ ғасырдағы орнықты дамуына Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында осындай жоспар ұсынды.
2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясының ережелерін дамыта отырып, ұлт дамуының негізгі жеті басымдықтарына бөліп нақтылады. Ол ұлттық инновациялық индустрияландырудың, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру, ғылымға негізделген экономика қалыптастыру, агломерацияны, көлік инфрақұрылымын, энергетиканы қарқынды дамыту, қазақстандықтардың әлеуетін ашудың жаңа мүмкіндіктері, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік институттардың жұмыстарын жетілдіру болып табылады. Егер де «Қазақстан-2050» Стратегиясын бейнелі түрде Қазақстанның болашағына апаратын жол картасы деп алатын болсақ, еліміздің барлық саласын дамытуға арналған құқықтық негіз қалыптастыратын заңдарды алға қойылған міндеттерге жеткізетін күрежолдарға теңеуге болады.
Қазақстан Республикасының Президенті алға қойған міндеттерді іске асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде еліміздің Парламентіне негізгі рөл беріледі. Мемлекет басшысының саяси бағытын заңнамалық тұрғыда тұтастай қамтамасыз ету іргелі конституциялық-құқықтық негіздермен бекемделіп отыр, онда Президенттің Парламентке қатынастарындағы уәкілеттігі нақты белгіленген. Мемлекет басшысының шешімімен 20 жыл бұрын құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігіне ынтымақтастық және өзара қарым-қатынастарды қалыптастыруда ерекше рөл берілді.
Жолдаулардың басым ережелерін іске асыру үшін құқықтық жағдай қалыптастыратын заң жобалары еліміздің жоғары заң шығару органында шұғыл түрде қаралатынын атап өту керек.
Өткен сессияда, депутаттардың бір мезгілде төрт кодекспен (Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер) жұмыс жүргізгені оған айқын дәлел болды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап өтілгендей, оларды қабылдау «қылмыстық сот ісін жүргізуді және ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді». Жаңа тұрпаттағы бұл кодекстерді қабылдаудағы негізгі міндеттердің бірі заңнаманы одан әрі ізгілендіру қажеттігі болып отыр. Атап айтқанда, алғаш рет қателескендерге және халықтың әлеуметтік әлсіз қабатына жауаптылық барынша жұмсартылды, сонымен бірге, қылмыстың жаңа түрлерімен күрес үшін негіз жасалып, «қылмыстық әрекет» ұғымы енгізілді, қылмыстық қудалау аясына түскен азаматтардың құқықтарын қорғаудың елеулі кепілдіктері ескерілді.
Өз кезегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жаңғырту азаматтардың, оның ішінде, олардың еңбек құқықтарының қорғалуын арттыруға да бағытталған.
Сондай-ақ, жазалардың орындалу тетіктері жетілдіріліп, сотталғандар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде жұртшылықтың рөлі күшейе түседі.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталып, еңбекақыны, стипендияны, зейнетақыны, жәрдемақыны көтеру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын іске асыру үшін Парламент әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заң қабылдады, оған сәйкес биылғы 1 сәуірден бастап жәрдемақы мөлшері және әлеуметтік сипаттағы төлемдер 12 пайызға ұлғайды, ал 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға өседі. Заң, сондай-ақ, бала асырап алуға байланысты 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы ақша төлемін енгізуді көздейді.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлемнің барлық елдеріне тән әлеуметтік шиеленістің өсе түсуі секілді елеулі мәселе туралы айтты. Әлемдік экономикалық дағдарыс туындатқан басқа жағымсыз көріністердің қасында Қазақстандағы жұмыссыздық жағдайы дамыған еуропалық елдерге қарағанда жақсырақ көрінеді. Дегенмен, жаһандық қатермен санаспауға болмайды. Әлеуметтік шиеленістің арта түсуін ескертуге, атап айтқанда, «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заң көмектеседі. Ол жұмысшылардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін арттырып, әлеуметтік-еңбек дауларын алдын ала ескертетін болады.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, аймақтардағы еңбек нарығына әсер ететін көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Үкіметке осы саладағы жағдайды реттейтін тиісті заң әзірлеуге тапсырма берілді. Ол заң жобасы Парламентте қаралып, қабылданды. Оның мақсаты – еңбек көші-қонын заңдастыру, жеке адамдардың шетелдік жұмыс күштерін тартуына рұқсат беру тәртібін оңайлату, жеке адамдардың жұмысындағы көшіп-қонушылар кірістерінен қосымша жеке құн салығы төленуін енгізу болып отыр.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы әйелдерге ерекше қамқорлықпен қарау қажеттігіне, олардың құқықтарына шектеудің қандай түрі болса да жол бермеуге назар аударды. Бұл міндеттерді тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына қарсы іс-қимыл және одан зардап шеккен адамдарға жәрдем беру жөніндегі кешенді құқықтық шаралар мазмұндалған заң реттейтін болды. Ондай заң таяуда Парламентте қабылданды.
Бүгінде біздің еліміз Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін Астанада өткізуге әзірлік жұмыстарын қолға алды. Жаһандық ауқымдағы бұл оқиға Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. Парламент еліміздің өзіне алған міндеттемелерін орындауға және айтылған көрмені ұйымдастыру мен өткізу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған заңды қабылдады.
Азық-түлік қауіпсіздігі таяудағы он жылда жаһандық қатерге айналатыны туралы айта келіп, Н.Ә.Назарбаев біздің еліміз үшін бұл қатердің өзінде зор мүмкіндіктер жатқанын атап өтті. Қазақстан қазірдің өзінде әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың қатарына кіргені, бірақ біздің елімізде ауыл шаруашылығын ең жаңа агротехнологияға көшіре отырып дамытуда әлі зор мүмкіндіктер бар екені айтылды. Бұл мәселелерді шешуге, атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі қабылданған заң ықпал ететін болады.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру қажеттігіне ұдайы назар аударып келеді. Бұл мәселелерге Жолдауда да ерекше орын берілді. Парламентте шұғыл түрде қабылданған «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң бизнес құрылымдарға бюрократтық түрде кез келген өрескел араласудан қорғайтын кепілдікті бекітіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал етеді. Осы заңның аясында қазақстандықтардың өмір сүру қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензиялар ескертулерге ауыстырылды.
Этил спирті мен алкогольдік өнімдер өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге өзгерістер енгізетін заң тек экономикалық мүддені ғана емес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға да бағытталған. Олардың қатарында, ол алкогольді сатуға тыйым салынатын орындар кеңейтіліп, спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынатын уақыттың ұлғая түсетіні туралы ережелер бар.
Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң жүзінде инвесторларды ынталандырудың жаңа құқықтық топтамасы енгізілді. Оның басты негізі инвестициялық келісімдердің мүлтіксіз атқарылуы және осы саладағы заңнаманың тұрақтылығы болып отыр.
Депутаттық корпус, сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған жаңа заң жобаларын қарайтын болады.
Қазақстандықтарды «жасыл» технологияны белсенді түрде пайдалануға шақыра отырып, еліміздің Президенті жаһандық қатерлердің қатарында энергетикалық қауіпсіздікті де атады. Біздің еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі туралы заң энергияның балама көздерін кеңінен қолдануға, өнеркәсіп кәсіпорындары қызметінің экологиялық құрамын кеңейтуге құқықтық негіз қалыптастырады. Таяуда тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілетін болады.
Биылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт Парламентке күзде ратификацияға келеді. Бұл ықпалдастық жаһандық экологиялық жүйені тұрақтандыруда елеулі рөл атқарып, экономиканы дамытуда, үш ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруда келешегі зор кеңістік ашылатын болады.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының Жолдауларын Парламент тарапынан қолдау тек заң қабылдаумен ғана шектелмейтінін айту керек. Депутаттар республика аймақтарын ұдайы аралап тұрады, олар өздерінің сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Халық қалаулылары заң шығару қызметі туралы халықты хабардар етеді, қоғамдық ерекше маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың пікірімен танысады, Мемлекет басшысы Жолдауларының басым бағыттарын жұртшылыққа түсіндіреді.
Парламент дәл бұрынғыдай еліміз Президенті Жолдауларының ережелерін өмірге енгізуде белсенді жұмыстарды жалғастыра беретіні күмәнсіз. Еліміздің депутаттық корпусы осы стратегиялық құжатты іске асыруға лайықты үлес қосатыны туралы нық сеніммен айтуға болады.
Қайрат НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы.