БҰЛ ӨҢІРДЕ, НЕГЕ ЕКЕНІН ҚАЙДАМ, ТАҢ АЛАКЕУІМІНДЕ ҚЫЗДАРДЫҢ СЫҢСЫП САЛҒАН СЫРЛЫ ӘУЕНІ ЕСТІЛІП ТҰРАДЫ...
Таң ағараңдай бастаған сәт қарсы алдыңнан аңқылдай соққан самалға кеуде кере түскенде жонның ұшар басында қыздар салған сырлы әуен естіледі деседі...
Тау өзені күркіреп ағады. Аңғар табанынан естілген әдемі сарын әуені алақаттанып көрінген өңірді әлдилей түсетіндей. Ауыл ортасындағы тас жолмен келдік те қырды бетке алып жалғыз аяқ жолмен төтелей тарттық.Төбеге көтерілер беткейдегі жол қадам аштырмастай екен. Қарлы таудың беткейінен арагідік ұйытқи соққан жел үрлеп жонның басын теп-тегіс қалыпқа келтірген дерсіз. Қырқа басындағы жалғыз түп қараағашты меже санап ілгері адымдай түсемін. Сол қараағашқа жетсем, айнала түгел көрінердей мені ынтықтырған әсерлі сурет өзіне жетелейді. Әйтсе де, биікке көрерілген бұралаң жол жоғарылаған сайын ентіктіріп тастайды. Күні ертең құбылып тұрып соғатын аңызақтың лебін сезетіндей, тас екеш тастың өзі тістеніп алғандай. Аяқкиімнің ебедейсіз табанына әзер дегенде дес береді. Беткейдегі жалғыз аяқ жолдың сүрлеуіне көз қиығымен бір қарап қоямын. Азғантай үйлі ауыл тым төменде қалыпты. Әр жер-әр жерден көтерілген көкшіл түтін тіршіліктің тынысын танытқандай екен.
Шіркін, жалғыз түп қарағаш жеткізер түрі жоқ. Тасты беткеймен бір құлатып, бір тұрып қанша жерге жеткеніңді де білмейсің. Алыстан көз қарықтырған мұзарт шыңдар бағанағыдай емес, тым биіктей түскендей, бір қарағанда тым жақындай түскендей. Ал етектегі ирелеңдеп жатқан тау өзенінің күркірі еміс-еміс естіледі. Сонда ғана білесіз, ауылдап алыстап қияндағы биікке көтеріліп шығандап кеткеніңді сезінесің, беткейге өрлеген сайын, маңдай тірер қарағаш әлі де әудем жерде екені мысыңды басардай сезіледі, дегенмен, діттеген жерге жетпей қайтуға болмайтындай. Алға ұмтылып тырмыса бересің. Қайбір жылы Өгем тауына қос атпен жол тартқанда қия беткейдегі сүрлеумен келіп, асудан әупірімдеп асып, жақпар тастарға кезіккенде бір тыныс алғанбыз. Аңғар табанындағы бұлақ басында шөл басып отырғанда қолын шошайта таудың жақпар тастарын көрсетіп тамсана әңгіме бастаған. Сұлу табиғаттың керім келбетіне қызығып, байқамағанбыз-ау, Қара шал сұқ саусағын бағыттаған тұсқа назар аудардық. Алдымен жасыл беткейде шошайған жартастар оқшаулана көрінді.
– Сол шырақ, – деді сосын тұқшыңдап жан қалтасынан әлденені іздеп әлек болды да қалды. – Жаңа кемпірі түскірге сөйлеп жүріп ұмыт қалдырдым ба екен, а. Қайда кете қойды.
Біз аң-таң күйде қара шалға бұрылдық.
– Не болды, ақсақал?!
– Е... е, мына қуысқа түсіп кетіпті ғой, шақшамды айтам да, – ақсақал өз қылығына өзі күлді. Кеңк-кеңк еткен күйі қоңырқай тартқан шақшаны алақанына ұрғылап, үш-төрт түйір насыбайды асықпай саусағымен бір жерге жинады. Әлден уақытта баппен ерінінің астына тастады. Ақсақалдың әрбір қимылын қалт жібермей қараймыз. Қайдан келе қойдық деген де ой келді. Алма ағашының көлеңкесінде орталыққа кеткен көлікті күтіп қала берсек болмас па. Әп-сәтте аттарды ерттеп әкелген күйі жүр-жүрдің астына алған. Тауды көрсетем де қайтып келеміз дегеннен кейін үзеңгіге аяқ салғанбыз. Енді насыбайға елтіген шалдың жүзіне қарап отырысымыз мынау.
– Бұл өзі қызық, шырақ, кәдімгі жартас деп қарайсың ғой, – деп бір қойды, – осы жерден бағамдап көрші, құдды қыздың кейпі, әні, дұрыс айтып отырмын ба?
Ақсақал көз ұшындағы жартастарға назар салған сәтімізде әңгімесін асықпай жалғады.
– Қыз дейсіз бе, қайдағы қыз?! – сауалымызды күткен жоқ-ау, содан бұл өзі не деген адамдар деді ме, екілене қызып кеп берді.
– Шырақ-ау, қайдағы қыз дейсің, әне аңғара қарашы, жалғыз емес қой. Қырық қыз. Ертеде, бағзы бір заманда осы таудың қойнауын жайлаған бейқұт ауылды тұтқиылдан жау шабады. Әп-сәтте азан-қазан болып, арындаған аттылылардың ойранынан шаңырақтары ортасына түскен ауыл тосыннан келген жаудың табанына тапталып шыға келеді. Ұзын сәскеде тау беткейіне гүл тере шығып серуендеген қырық қыз қас-қағым сәтте қыран-топан қырғыннан күлі аспанға шыққан ауылын көреді. Даланың бұла өскен ерке сұлулары не істерін білмей абдырап қалады. Тобыр жауға қылар дәрмен жоқ. Шаңырағы құлап, керегесі сынған ауылға қимастықпен қарап жанарларына жас алды. Қызылды-жасылды киініп, әсем беткейді әспетке бөлеген қырық қызды байқаған жау екпіндеп ендігі кезекте жапа-тармағай бетке алады. Қыздар ауылға қарай түсіп, жауға қарсы келсе күң болатындықтарын біледі. Опат болған ағайын-бауырды сыңси жоқтаған күйі өрмелеп, тау басына қарай қашады. Қаныпезер жау жақындап қалады. Қанды қол арамзаларға арын сатқаннан, адал, пәк күйінде тас балып қалғандарын тілейді. Сол ақ тілектері орындалып, әрқайсысы жеке-жеке тас болып қалған деседі. Қырық қыз... қырық жартас... Беткейге өрмелеген кейіпте құлпырған қыздардай киінген түсте көз арбаған қырық жартас мәңгілікке тау басында қалып қойыпты. Жарықтық, желді күні жота басында сол қырық қыздың мұңая, сыңси салған әні естіліп тұрады деседі...
Қара шал орнынан түрегелді де қиыршық тас арасынан қайнап шығып жатқан бұлақ суына қолын шайып, алақанымен көсін алып бір ұрттады. Біз де бағанадан отырып шөліркеген таңдайымызды жібіттік. Сосын, аттарды осы жерге қалдырып, құз беткейіндегі сүрлеу сұлбасымен жота басына қарай өрмеледік. Ақсақал айтқан аңыздың әсері ме, жасыл беткейде қырық қыздың сыңси салған сағыныш әуені құлаққа үздік-үздік талып жететіндей.
Қара шалдың сондағы айтқан әңгімесі дәл бүгінгідей ойға оралады.
Жасыл жотаның басына таяп қалғанымды білдім. Діттеген қараағаш қол созым жерде тұр. Өгем таудың да төбесі көрінді. Алатаудың аппақ мұзарт шыңдары кербез келбетімен көз арбайды. Сол сырбаз кейіпке жасыл шыршалардың әдемі өрнегі өзінше сән бергендей. Таулы өңірдің керім суреті сұлулықтың тылсым әлеміне ынтықтырып барады. Асқар шыңның қалқасынан күн көтеріліп келеді. Табиғаттың жанар қарықтырған әсем көрінісі нұрлы шуаққа малынып, бұрынғыдан бетер құбылады. Ен сұлулықтың арасынан Өгем тауын іздедім. Әне, әне қараңыз, шошақ жартастар сәукеленген қалпы бастары қылтияды. Алға қарай ентіге адымдадым. Жота басындағы қараағашқа жетсең алақандағыдай анық көрінері айқын. Асыққан сайын құлаққа беймәлім бір ызың келетіндей. Жүзіңді салқын леп аймалайды. Жел көтерілгені ме, құдай-ау,үздігіп алтынкүрек соғады ғой. Лекіген самал әкелген ызың ба, құлақ тұсымда белгісіз әуен тұрып алды. Жота басына жеттім, қарсы алдымда еңселі қараағаш тұр. Мың-сан бұтақтары желмен тербеле билеген қараағаш; көгілдір аспан астында нарттай қызарып бой тіктеген жартастардың өзгеше көркіне қуана толқыған қараағаш; жота басында жападан жалғыз тұрып, сидиған бұтақтары бірін-бірі түрткілей сыбдырлап, өзімен өзі сыр бөліскен қараағаш дерсіз.
Қол созым жерде Өгемнің қия беткейінде аптыға алға ұмтылғандай таңғажайып сымбатымен тізбектеліп Қырыққыз бой түзейді. Қоңырқай қызғылт көйлектер киіп жасанған қалпы тойға асыққандай Қырыққыз көлбеңдейді.
НЕГЕ ЕКЕНІН ҚАЙДАМ, ЖОТА БАСЫНДА ӘЛДЕҚАЙДАН СЫЗЫЛТЫП САЛҒАН БЕЙМӘЛІМ ӘУЕН ЕСТІЛЕДІ ДЕСЕДІ...
Қырыққыз...
Қараағаштың түбінде тұрып, жанар арбаған Қырыққыздан назар алмаймын. Тас екен деп ойламайсыз. Түрлі кейіпке түскен қырық қыздың қылықты бейнесі. Мына жерден қастарындағы сандықтас, дастарқан, әшекей кейпіндегі тас мүсіндерді аңғару қиын. Қай жылғы қара шал қамшысымен түртпектей жүріп көрсеткен сандықтас, дөңгелене жайылған дастарқантас, шебердің қолынан шыққандай өрнектелген әшекейтас көз алдыңа келеді. Оларға қарап ел аузында жүрген және бір аңызды әңгімелеп еді:
«Тау қойнауындағы ауылдың дәулетті шаңырақ иесі жалғыз қызын сән-салтанатымен күйеуге ұзатқалы жатыпты. Сүйген жігітін күтіп, өзінің құрбыларымен той жабдығын ықыласпен таныстыра бастайды.
Күйеу жігіт келетін уақыт болды-ау дегенде қырға шығып байқап көрейік деп тау басына көтеріле бергенде тұтқиылдан шапқан жаудың қоршауында қалады. Тауды тербеткен әдемі әуен мен сыңғырлаған күміс күлкі сап тыйылады. Сүйгеніне ұзатылғалы отырған бекзада бойжеткен жанындағы отыз тоғыз нөкерімен қосылып сыңсығанда тосын үннен абдырап қалады. Сыңсып тұрып бөтенге күң болғанша тасқа айналып кеткендерін тілейді. Жаны таза, көңілдері пәк, сүйгеніне адал қыз құрбыларымен бірге сол күйінде тасқа айналған деседі...».
Қырыққыз...
Табиғаттың әдемі әспетіне әсерлі сипат берген тас мүсін қырық қыздың кескінін жеткізген қалпында сыр ақтарардай. Бағзы күннің мақамды баянын үзбей бүгінге адал махаббаттың, өшпес ерліктің мәңгілік рухын бейнелеген тас ескерткіштері асқақтата көрсетіп тұрар еді. Күн сәулесімен Қырыққыз тас мүсіндерінің қызғылт бояуы алаулап, құдды құлпырған қырық қыздай көз жауын алады.
Қырыққыз...
Тау аңғарынан аңқылдай соққан алтынкүрек желі тас мүсіндердің арасынан Қырыққыздың жұмбақ сырын ұрлаған күйі үзіп-үзіп жеткізетіндей, әуезді үн құлақ түбінде тұрады. Оған жота басындағы жалғыз түп қараағаштың мың-сан бұтақтарының сыбдыры қосылады.
БӘЛКІМ, ШЫНЫМЕН-АҚ; ЕРТЕМЕН ТАҢҒЫ АУАНЫ КЕЗІП ӘЛДЕҚАЙДАН ЖОТА БАСЫНДА ЕСТІЛЕТІН СЫҢСЫҒАН СЫРЛЫ ӘУЕН СОЛ ШЫҒАР ДА?!
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Қазығұрт ауданы.