25 Маусым, 2014

«Адам боп қалу көп қиын»

580 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Кындыбай 01Елі үшін елеулі еңбек сіңірген құқық қорғау органының ардагері, полковник Ілияс Дәркенбайұлы Қындыбайды көпшілік рухы биік намысшыл, қашанда әділетті іске араша түсуге жақын тұратын турашыл азамат деп біледі. Олай дейтініміз, Ілекең көп жылдар халық байлығы мен меншігінен қарпып қалуды әдетке айналдырған жемқор, алаяқ, алыпсатар сияқты заңсыз жолмен пайда табуға құныққандармен күресуге ғұмырының көбін сарп еткен кісі. Нақтысын айтқанда, кеңестік кезеңде ОБХСС саласына ұзақ жылдар мінсіз қызмет көрсеткен құқық қорғаушы. Бұл қызмет қанжардың екі жүзіндей өткір, аса байыппен, он ойланып, жүз толғанып барып, мұқият шешім қабылдамасаң, оның екінші жүзі өзіңді осып түсетін жұмыс еді. Ол үшін қай жағынан да сауатты, ой-өрісің кең, ақыл-айлаң мығым, сенімің мықты болуы керек-тін. Ілияс Дәркенбайұлының көп жыл еңбегі сіңген бұл қызмет орны ол кезде социалистік экономикалық меншікке қол сұғушылармен күрес деп аталатын. Бүгінгі Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі осы органның мұрагері десек те болады. Ілияс Дәркенбайұлы өткен ға­сыр­­дағы 70-жылдардың басында Алматыдағы халық шаруашылығы институтын бітірді. Алдымен Мемлекеттік жоспарлау комитеті, одан соң Әділет министрлігінде бес жылдай қызмет атқарды. Турашыл, шын сөйлеп, ақ жүруді өмірлік серігі еткен оның темірдей берік ұстамдылығы, талапшылдығы Ішкі істер министрлігіндегі кадр басшыларына қатты ұнады. Сөйтіп, олар алғыр жігітті мемлекеттік меншікке қол сұғушылармен күрес бөліміне қызметке шақырды. Ілекең өзіне табысталған құқықтық қызметті өте әділ, уақытында мұқият орындап, әріптестер ортасында жоғары беделге ие болды. Өзін майлы ішектей айналдырғысы келгендерге дес бермей, тек шындықтың жолымен жүрді. Шындықтан таймайтын, келісуге илікпейтін, қандай құқықтық іс болсын, тек әділ шешім қабылдауды берік ұстанған турашылдығы кейбір менменшіл басшыларға ұнамады. Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізе алмаған олар, реті келсе Ілекеңді сүріндіріп, тіпті, жала жауып қызметтен кетіруге әркез даяр тұратын. Өз ісін аса сақтықпен, біліктілікпен атқаратын Ілияс Қындыбаевқа ниеті дұрыс емес­тер қай жағынан кінә тағарын білмей жүргенде «Желтоқсан оқиғасы» олар үшін қолайлы сәт тудырды. Ілекеңе жала жабуды өзі қызмет істейтін министрліктегі социалистік мүлікті талан-таражға салуға қарсы күрес басқармасы бастығының орын­­басары А.Дружинин шебер ұйым­дастырды. Осы қатерден қалай аман қалғанын Ілияс аға былай еске алған еді. – Халқымызда «Жала күйдірмесе де, күйесін жағады» дейтін мәтел бар. 1987 жылдың наурыз айында мені КГБ-дағы кураторым мен Токарев деген подполковник шақырып алып, машинкаға басылған, үш адреске жолданған хатпен таныстырды. Үш хаттың да мәті­ні бірдей. Машинка шрифтісі анық­талмас үшін бірінші данасын алып қалған. Қолдағы хаттың алғашқысы – СОКП Орталық комитетіне, екіншісі – Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне, үшінші ҚазақССР Мемлекеттік Қауіпсіз­дік комитетіне көрсетіліп, бәріне де «19 желтоқсан, 1986 жыл», деп жіберілген күні жазылыпты. Ал хаттың мәтіні мынадай мазмұнда. Мен алыпсатарлықпен айналысып, кроссовка сатып жүрген СХИ-дың Берік, Ермек деген екі студентін ұстап алыппын да, оларды өзіме сенімді адамдарым болуға уәделерін алып, сол институттың экономика факультеті жатақханасындағы студенттерді алаңға шығарыңдар, сендерді ұстап алса, өзім құтқарамын деп уәде беріппін. Ол екеуі ұсталып қалыпты да, бізді алаңға шығаруға үгіттеген ОБХСС майоры И.Қындыбаев деп баяндапты. Арызды арамызда туған ерегес­тен өш алу үшін А.Дружинин ұйым­дастырғанын оларға бастан-аяқ айтып бердім. Бұның мәнісі мынада еді. Бұрынырақта А.Дружининнің сыбайлас досы А.Хихличті жемқорлығы үшін КГБ-дан түскен нұсқау бойынша қылмысын мойындатып, заң орнына бергенімді, ол туралы Алматы облыстық КГБ басқармасының қыз­меткері А.Адамов жақсы білетінін түсіндіріп бердім. Досының кегін алу үшін бұл сабаз маған не істемеді десеңші! Жоғарыдағы әрекетінен ештеме өнбеген соң, араға уақыт салып барып үстімнен енді ашық арыз ұйымдастырды. Бірде мені біздің министрліктің кадр басқармасы жеке құрамасының инспекторы өзіне шақырып алып, аты-жөні белгілі екі адам менің үстімнен арыз түсіргенін айтты. Ол оны ауызша баяндап былай деді. – 1986 жылдың 12 сәуірі күні Алматының төңірегіндегі саяжайда «Алматыпромснабтың» бір қойма меңгерушісінен 50 мың сом пара алыпсың. Сол туралы түсінік жазып, өзіңнің алғаныңды раста. Өйткені, көрші саяжайда болған олар бар жағдайды өз көздерімен көрген, – деп аты-жөндерін айтпай, не арызды көрсетпей қысымға алды. Мен инспекторға: – Онда, сіз олар сол жерде мені 12 сәуір күні кешке жақын нақты көрген­дерін дәлелдейтін жазбаша түр­де қайтадан өтініш жаздыртып, оған қол­дарын қойдырып алуыңызды сұраймын, – дедім. Инспектор бұл айтқаныма ашу шақырып, мені ықтырғысы келді. Мен де іркілместен: – Менің тағдырым сізге ойыншық емес. Болашақ өмірім жаланың құрбаны болмас үшін ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділдікке сүйеніңіз, – деп бетіне тура қарап едім, көзін төмен салып: «Бара беріңіз», деді. Арада екі күн өткенде инспектор қайтадан шақырып алып, тағы да ешқандай арызды көрсетпей: – Олар сені сол 12 сәуір күні көр­гендерін растап берді, – деді нық сеніммен. Мен де қаймықпай: – Олардың араға бір жылдан астам уақыт салып жазған арыздарына күмән келтірмейсіз бе? – деп өзіне сау­ал қой­дым да. – Арызды дәл солар жазға­нын тағы да мұқият тексеріңіз, – дедім. Ол ойланғанша испектордың бетіне тура қарап тұрып: – Мен 1986 жылдың 12 сәуірі күні Алматы қаласының маңы тұр­мақ, Қазақстанның өзінде болға­ным жоқ. Грузияның Цхалтуба қаласында іссапарда жүргенім туралы құжат­тарымды, оған қоса ары-бері ұшқан билеттерімді кадр бөлімінен көтерткізіп, анықтаңыз! Мұның бәрі барып тұрған жала екеніне сонда көзіңіз нақты жетеді, – дедім. Мұны күтпеген ол сөзіме қы­зарақтап, сәлден соң лажсыз илікті. Шарасы таусылған инспектор тексеру қорытындысының бір данасын, өзге де құжаттарды қосып маған берді. Бұл әдейі күйдіру үшін жабылған жала екенін көрсетіп, қалалық прокуратураға жазған арызыма жауап та келмеді, ешқандай шара да қолданбады. Оған мен де қажи қоймадым. Өйткені, желдің қайдан соғып тұрғаны белгілі ғой, – деп Ілекең өзіне қайта-қайта ұйым­дастырылған жаладан қалай аман қал­ғаны туралы осылай айтып берген еді. Ілияс Дәркембайұлын қырына алған сол кездегі билік «Желтоқсан оқи­ғасында» жастарға жанашыр бол­ған кейіпкер ретінде айыпталады. Өзі қызмет істеген УБХСС-тің бас­қар­ма басшылығы жоғары жаққа: «Жел­тоқсан оқиғасы кезінде алаңдағы жастарға қас-қабағымен көмек көрсетті. Шабуылдаған бірде бір басбұзарлар мен нашақорларды ұстаған жоқ» деген арыздарды жоғары жаққа қарша боратады. Ілекең бірде тағдыры қыл үстіне ілінген сол кезді еске ала отырып, халқымызды ұлтшыл деп айыптаған үлкен жиында қандастарымыздың намысын өлеңмен ұлықтап, қалай қорғағаны жайлы айтып берген еді. – Уақыт жылжып, 87 жылдың желтоқсан айы да келді. Билік басындағылар 86 жылдың оқиғасына орай, ұлтымызды саяси тұрғыдан одан әрі тұқыртып алуды көздеді. Оның мәнісі сол жылғы шілде айында шық­қан СОКП Орталық комитетінің халқымызға ұлтшылдық айдарын тақ­қан қаулысын біздің министрлік 10 жел­тоқсан күні талқылады. Жиынға рес­публикадағы құқық қорғау органдары басшыларының бәрі қатысты. Мен бастауыш партия ұйымының хатшысы едім, содан шығар жарыссөздің бірінші кезегі маған берілді. Айтар ойымды жұптап, желілеп алдым да, қазақ халқы ұлтшыл емес, керісінше бөтенді бөлмейтін бауырмашыл, өзгені төріне шығарып, тату өмірді қалайтын ел дей келе, азшылыққа ұшырауы, соғыс нәубеті, өзге ұлттардың күшпен жер аударылып келгені, әрі тың игерудің салдары екенін тілге тиек еттім. Бірақ, қазақ халқы олардың бәрін де жатырқамай, өз құшағына алған мейірімді ұлт дедім. Тағы біраз сөзімді өткір-өткір айтып келдім де, нар тәуекел, осындай меймандос ұлтымның мерейін көпшілік алдында неге жырламасқа деп: «Мақтанамын» деген өлеңімді бар шабытыммен: «Құдайы қонақ деп тұрып, Арнап келсе ат бұрып. Қарамай түс, сұрына, Қарақшы ма, ұры ма. Қабақ шытпай шат тұрып, Құшақ жайып қарсы алған. Асын қойып алдына, Өзі жемей сақтаған. Таза төсек, мамығын, Жайып, төсеп тастаған. Қастық ойлап бір жанға, Жамандыққа баспаған. Жанындағы жолдасын, Жауынан қорқып сатпаған. Қасы келсе алдына, Ту сыртынан атпаған. Достық құшақ ашылса, Достасудан қашпаған. Басқа ұлттың ұрпағын, Қондырып кең жеріне, Жетістігін мақтаған. Келсе алдына ата деп, Баласындай баптаған. Ұлы достық мекені – Туған елім Қазақстан! Сенде туып өскеніме, Ұлың болып өткеніме, Бар әлемге жар салып, Асқақ үнмен ән салып, Бақыттымын деп мақтанам!» – деп төгілте оқып шыққанымда зал сілтідей тынды. Бірер минуттан соң әр жерден шыққан күбір-күбір сөздерді құлағым шалды. Микрофонға жақын тұрып оқығандықтан дауысым саңқылдап қатты шыққан екен. Орныма келіп жайғасқанымда оң жағымдағы министрліктің штаб бастығы Б.Болсамбеков өзі алға қарап отырып, қолымның екі саусағын: «Жарайсың» дегендей қысып-қысып қойды. Ұлтымыздың өзге азаматтары да жүздері бал-бұл жанып, ризашылықтарын іштей білдірді. Менің бұл «баяндамам», министр Кинязевтің шамына қатты тиген көрінеді. Ол: «Он так эмоционально выступил, даже у меня на глазах слезы появились» деп мазақ еткенін қасында отырған аудандық партия комитетінің хатшысы, қазақ қызы жиналыс біткен соң бізге айтып берді. Не керек, ақыры министрлік басшылары мені басқа жаққа ауыстыруды қолға алып: «Маңғыстау не Жезқазған облысына барасың. Алматыда қалуға саған мүлдем болмайды», деп кесіп айтты. Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасында берілген жұмысты абыроймен атқарып, 1988-1989 жылдарғы бірте-бірте жеткен «саяси жылы­мықтың» арқасында халық алдында абырой-беделім өсіп, қызметім табыс­ты болды. Сондықтан да мұндағы елді, жерді жақсы көріп кеттім. Бертін келе: «Жер ортасы Жезқазған, Кең ғарышқа жол салған. Менделеев кестесін, Таңдандырып кен қазған. Тасы күміс, құмы алтын, Айналайын Жезқазған!», – деген өлеңім сол кездегі «Жезқазған туы» газе­тіне шыққанда жергілікті халықтың алғысына кенелдім. Майордан полковник шеніне дейін өстім. Сол кезде қатты қолға алынған облыстық «Қазақ тілі» қоғамына, Қазақстан халқы Ассамблеясына қосымша қызмет көрсетіп, алты жылдан соң аман-есен қасиетті алтын бесігім Алматыма қайта оралдым», – деген еді. Ілекеңдей ұлтының намысын ұлық­таған құқық қорғау мамандары ол кезде мүлдем аз еді. Дегенін жүргізіп тұрған Колбиннің өзіне қарағайдың қарсы бұтағындай қасқайып тұрып қарсы сөз айтқан Жұбан Молдағалиевтай ержүрек ақынның өнегесін жалғастырған Ілияс Дәркенбайұлының шынында бүкіл құқық қорғау органдары алдында өлеңмен қас батырдай айбар көрсеткені – нағыз ерліктің үлгісі емес пе! «Адам боп қалу көп қиын», деп Қадыр ақын айтқандай, Ілекең бала жасынан қанша қиын­дық көрсе де еш мойымай, ақынға тән өршіл рухпен елі үшін адал еңбек сіңірген азамат. Желтоқсан ызғарына кеудесін төсеп, ұлт намысын қорғаған қайраткер Ілияс Дәркенбайұлы ағамыз әлі тың. Шалқар шабытымен, ақ адал ниетімен ұзақ жасай беруіне тілеулеспіз! Қанапия ОМАРХАНҰЛЫ, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Алматы.