25 Маусым, 2014

Суретпен сырласқан

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC_0082Өнердің қай саласын алсаң да оңайын көрмейсің. Ал оның ішінде беймәлім сырды ішіне бүккен бейнелеу өнерінің орны тіптен бөлек. Осы бір қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнерді өзінің сырласына балап, оған саналы ғұмырын арнаған жандарды аз кездестірмейсіз. Солардың бірі, Суретшілер одағының мүшесі, бірқатар халықаралық көрмелерде өзінің туындыларымен көрерменін тәнті етіп жүрген суретші Кәмила Жапалова. Бүгінде Атырау өңірінің атынан елімізде өтіп жатқан түрлі байқауларға қатысып, өзіндік ерек­шеліктерімен көзге түсіп жүрген бұл өнер иесінің қай суретін алып қарасаңыз да сырға толы, табиғатпен үндес. Әуелгіде Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркем сурет училищесіне 1990 жылы түсіп, оны 1993 жылы суретші-безендіруші мамандығы бойынша бітірген ол, 1997-1999 жылдары Санкт-Петербургтің көркем сурет училищесінде білім алады. Осыдан кейін ол бірыңғай шығармашылыққа бет бұрып, бірнеше картиналарын өмірге әкеледі. Сол кезден осы күнге дейінгі қатысқан халықаралық, республикалық өнер көрмелері аз емес. 2008 жылы елордада Тұңғыш Президент мұражайында Астананың 10 жылдық мерей-тойына орай ұйымдастырылған көрмелерде оның шығармалары көрермендерді тәнті еткен еді. Ол жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалінің де лауреаты атанды. Жалпы, Кәмила кезекті туындысын саларда оның мәні мен маңызына ерекше көңіл бөледі екен. Әр шығарма өлшеусіз тер төгуді талап ететіндігін айтады. Автордың қыл қаламынан жүрек қылын шертіп шыққан әр картинасы бір-бір перзенті сынды. Оны суреттері жайында тебірене айтқан әр сөзінен аңғару қиын емес. Әсіресе, «Көктем келді», «Бәй­­терек», «Алтын қайық», «Мәң­­гі­лік махаббат» картинала­ры, шынында да нағыз кәсіби өнер шеберінің қолынан шыққаны ай­қын аңғарылады. «Мен шығармаларымның қай-қайсысын да бір бірінен бөле-жара қарай алмаймын. Иә, Махамбеттің мерейтойында бірінші жүлде алған картинамның мен үшін орны ерекше. Бұл туындыны салар алдында көп іздендім. Батырдың өлеңдерін оқып, Махамбет бейнесі сомдалған картиналарды қарап шықтым. Ұлы ақынның «Қызғыш құс» өлеңі қатты әсер етті. Көл қорғаған Қызғыш құстың жер қорғаған Махамбеттің бейнесі – менің туындымның басты идеясы. Махамбет қайтыс болғанда ай тұтылған дейді. Сол айды күңгірт тормен бейнеледім. Қызылқұмда Махамбеттің ізі, рухы жатыр. Бұл із бен рух әр қазақтың жүрегінде, келер ұрпақта бар деп сенемін», дейді Кәмила. Суретшінің шабытына шабыт қосқан өткен күздегі Қытай еліне сапары болыпты. Үрімші қаласындағы Шиң Жияң көркем өнер институтында тұңғыш рет өткен қазақ көрмесіне ол жиырма туындысын апарыпты. Бұл суреттердің барлығы да ұлт тарихына арналғанын айта кетсек дейміз. «Қытай елі, ондағы қазақ бауырлар өнерімді жоғары деңгейде бағалап, көрмеге қойылған картинамның бәрін сатып алды. Сондай-ақ, болашақта аталған оқу орнына сурет сабағынан шеберлік сыныптар өткізуімді сұрап отыр. Бұл мәдени қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түседі деп ойлаймын»,  дейді өнер иесі. Елімізді әлемге таныту жолында жасалып жатқан игі қадамдар суретшінің назарынан да тыс қалмапты. ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтетіні оның шығармашылығын шыңдауға тағы бір тың серпін берген секілді. Дүбірлі көрмеде ол нағыз қазақтың дәстүрін танытатын бірнеше түрдегі кәдесыйлар дайындауға ұмтылып жатқанын алға тартады. «Ол үшін ізденісімді бір сәтке де тоқтатпаймын», деп күлімсірейді ол. Шығармашылық өнер иелері сергек көңіл-күйді қалайды. Кәмила да солардың қатарында. Қандайда бір жетістіктерге жетіп, шығармашылығын шыңдауда отбасының атқарар рөлі бөлек қой. Бұл ретте ол өз отбасының қолдауына дән риза. Сырға толы суреттерінен суретшінің жан дүниесін аңғаруға болады. Қылқалам шеберлерінің шығармаларына ерекше ілтипатпен қарайтын ғалым Ғарифолла Есім  «Мен суретшілер қауымын өте жақсы көремін. Себебі, өзім он бір жыл көркемсурет факультетінде декан болғанмын. Жалпы, суретші қауымы – бала мінезді адамдар. Бір сөзбен айтқанда, бала мінезді ересек адамдар. Неге бала мінезді болады? Өйткені, олар табиғатқа, қоғамға, адамға сол балалық таза көңілмен көз салады да, сол таза көңілдерін өздерінің шығармаларында береді»,   дейді. Бұл сөз Кәмила сынды өмірін өнеріне арнаған жанға да қатысты білеміз. Біз де академиктің сөзін құптағаннан басқа не алып-қосамыз.  Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.