25 Маусым, 2014

«Заң орындалуы тиіс»

471 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
20140512_112010Нұржан ҚАРАБАЕВ, Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы: Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Көлікті спиртті ішімдік ішіп алып жүргізгендерді қылмыскер деп айтуға негіз бар. Оған қатысты заңда көрсетілген ең қатаң жазаны қолдануымыз керек» деп нақтылағаны мәлім. Енді, міне, Мемлекет басшысы 2014 жылғы 17 сәуірде жол қозғалысы саласындағы құқықтық нормаларды шоғырландыратын «Жол қозғалысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойып, ол күшіне енді. Соған орай біз Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Нұржан Қарабаевқа жолығып, бірқатар сұрақтар қойған едік. – Жаңа заңдағы қандай баптар мен тармақтар күшейтіле түсті деп айта аласыз? – Қазақстан Респуб­лика­сының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 467-бабының 1- тармағы бойынша жүргізушінің көлік құралын алкогольді, есірт­кілік және уытқұмарлық масаю күйінде басқаруы, сол сияқты өзге мас адамның басқаруына беру үш жыл мерзімге, ал авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан нақ сол әрекеттер төрт жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Заң талабы осы және басқа баптар мен тармақтарда күшейтілді. – Осы заң бойынша жаяу жүргін­шілерге арналған «әкім­шілік қамау» деген де бар емес пе? – Иә, енді бұрынғыдай емес, жаяу жүргіншілерге де жол қозғалысы ережесін қатаң сақтаған дұрыс. Себебі, олар қайта-қайта жол тәртібін бұза беретін болса, 3 тәулікке қамауға алынады. Кей жағдайларда жол ережесін сақтамағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сол сияқты біреу бұрын спиртті ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін куәлігінен айырылып, бірақ соған қарамастан көлік жүргізсе, бірден 10 тәулікке қамауға алынады. Қайта ұсталса, 15 тәулікке қамалады. – Спиртті ішімдік ішіп көлік жүргізетіндерге өзге елдер қан­дай жаза қолданады? – Салыстырар болсақ, Ұлы­британияда 1967 жылдан жүргізу­шілердің қанындағы алкогольді анықтауға заң қабылданып, сол арқылы ішкен адамға берілетін ең жоғары айыппұл мөлшерінің құны – 7200 евроға жетіп отыр. Ал Америкада спиртті ішімдіктерге әуес адамдар алты айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, ұзақ уақыт бойы жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Жүргізушіге жол апатына ұшырамаса да, алғаш рет ішіп алып ұсталатын болса, 300 доллар көлемінде айыппұл салынып, жарты жыл көлік жүргізу құқығынан айырылады. Дегенмен, полицей жүргізушіні тек жол ережесін бұзғанда ғана тоқтата алады. Егер ол екінші рет ұсталатын болса, айыппұл 5 мың долларға, ал үшінші рет ұсталса, 10 мың долларға дейін жоғарылап кетуі мүмкін. Жүргізуші адам өлімінің себепкері болған жағдайда, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Қытай елінде жаза тіпті қатал. Бір жүргізуші адам өліміне апаратын апатқа соқтырғаны үшін өлім жазасына кесіледі. Көлік иесі жай ғана ішіп алып ұсталатын болса да 6 ай мерзім түрмеде отыруы мүмкін. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде көптеген ислам елдері сияқты ішіп алып, көлік айдайтындарға жаза қолданбайды. Онда алкогольді қолданғанының өзі жаза болып саналады, яғни ислам діні бойынша адам адамды жазалауға құқығы жоқ. – Өркениетке ұмтылып, нақты қадам жасап отырған елімізде, оның ішінде Алматы облысында адам және адам өмірі үшін сот жүйесінде не атқарылуда? – Елбасы алдымызға қойып отырған талапқа сай заңнама шеңберіндегі жұмыс күшейтілді. Нақтылай түссем, жол қозға­лысына қатысушылардың негізінен қаза тауып және зардап шегу фактілері бойынша биылғы жылдың сәуір айынан бастап құқық бұзушылықтың 8 құрамы бойынша айыппұл санкциялары өсті. Автокөліктерді мас күйінде жүргізгендігі үшін жауапкершілік күшейтілді. Жол жылдамдығын асырғандығы, қиылыстар немесе жолды кесіп өту бөлігінде жүру ережесін бұзғандығы, автокөліктің жолдың жүру бөлігінде, қарсы бағыт немесе басып озу, тоқтау немесе көлік тұрағында жол жүру ережелеріне сай емес тұрғандығы үшін, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостансаны пайдаланғаны үшін айыппұл сомасы өсті. Сондай-ақ жолдың қарсы бағытына шығып кеткендігі, полиция қызметкерінің автокөлікті тоқтату жөніндегі заңды талабын орындамағаны үшін жүргізуші  куәлігінен айыру енгізілді. 2014 жылдың қаңтар айынан бері сотқа ӘҚБтК 27 тарауы бойынша – 468 әкімшілік іс тіркеліп, соттың қаулысымен 250 құқық бұзушы көлік басқару құқығынан айырылса, 44 іс бойынша әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Өкінішке қарай, соттың қау­лысымен көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатса да, кейбір құқық бұзушылар көлікті мас күйінде жүргізіп, адам­дардың өміріне қауіп төндіруде. Түнгі мезгілде орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларының көпшілігіне жастардың себепкер болып жатқа­нын ескеріп, жүргізушілердің жас ерек­шеліктеріне байланысты түнгі мезгілде көлік басқаруына шектеу қойылса дұрыс болар еді. Және оны қоршаған ортаға зиянын тигізбейтіндей етіп пайдалану – әр жүргізушінің міндеті. Жол қозғалысына қатысушылар мәселесі тек біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Түйіндеп айтқанда, өңірде азаматтардың құқықтық мәдениетін дамыту арқылы заңнама талабын то­лық әрі өзгелерге үлгі тұтарлықтай етіп орындауға қол жеткізуге болады. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.