Денсаулық • 06 Наурыз, 2023

Қымыздың адам денсаулығына қандай пайдасы бар?

2037 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қымыз - қазақ халқының ұлттық сусындарының бірі. Оны тек сусын ретінде ғана емес, туберкулез, обыр, тұмау секілді түрлі аурудың емі ретінде де қолдануға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қымыздың адам денсаулығына қандай пайдасы бар?

Бие сүтінің құрамында қандай дәрумендер бар?

Бие сүтінің химиялық құрамын зерттеген ғалымдардың мәліметінше, қымызда А, Ві, Bi2, D, С, Е, F және басқа да дәрумендер бар. Мысалы, бір литр қымызда:

  • А дәрумені мен каротин 0,092-0,690 мг;
  • С дәрумені 86, 94 – 135 мг;
  • аскорбин қышқылы 145 мг көлемінде кездеседі. 

Қымыз құрамындағы С дәруменінің мөлшері ашу процесімен тікелей байланысты. Медицина ғылымдарының кандидаты В.Ю.Шило мен ғалым Г.Рахимовтың зерттеуінше, бір литр бие сүтінде 99,98 мг С дәрумені бар. Ал ғалым Хабдрахман Дүйсембиннің зерттеулеріне сәйкес, 3-4 жасында бірінші рет құлындаған бие сүтінің құрамында С дәруменінің ең көп мөлшері – 161,2 мг, 15-17 жастағы көп құлындаған бие сүтінде азырақ - 124,2 мг болады. 

Мұнымен қатар, қымыз күн мен ультракүлгін сәуле әсерінен түзілетін D дәруменіне бай, әсіресе уыз құрамында мол кездеседі. Р.Давидов пен М.Ермакованың зерттеуінше, бір литрінде 0,65-1,05 мг Е дәрумені бар. Мұнымен қатар, қымызда холестерин алмасуды реттейтін F дәрумені де кездеседі.

Қымыз қандай ауруларға ем?

Сондай-ақ бие сүтінде В тобына жататын тиамин, рибофлавин және пантотен қышқылдары, биотин, фоли қышқылы, Bi2 дәрумені және тағы басқа бар. Бұл дәрумен бірінші кезекте «бери-бери» (жүйке жүйесінің қабынуы) ауруына шалдыққан науқастарға ем. Аталған ауруға шалдыққан науқастың қарын сөлі аз бөлініп, тәбеті нашарлайды, бұлшық еті әлсірейді, ұйқысы қашады және асқынған жағдайда адам сал болып қалады. Бұдан өзге В2 және А дәрумені қосылып көру ағзаларына оң әсерін береді. 

Ғалымдардың айтуынша, қымызды ашытқан кезде дәрумендер мөлшері біршама өзгереді. Биотин, тиамин, Bi2 дәрумендерінің мөлшері азайса, пантотен қышқылы азаяды, ал рибофлавин, фоли қышқылы сол күйінде қалады. 

Профессор Н.К.Горяев бие сүтінің адам ағзасына оң әсерін тигізуі туберкулезді емдеуге көмегі мол кальций тұзының көптігімен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан. Қымыздағы кальцийдің жартысына жуығы сүт ақуызының құрамына кіретіндіктен, ағзаға жылдам әрі толық сіңеді. Кальций ағзадағы минералдардың алмасуына әсер етіп, өкпе туберкулезінен пайда болған қуыстарда ізбес тұздарының жиналуына себепші болады.