Елорда • 06 Наурыз, 2023

Астанада құрылыс салушыларға айыппұл салынды

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада құрылыс салушыларға қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада құрылыс салушыларға айыппұл салынды

Астанада қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың бұзылуына байланысты 2 құрылыс нысанында («Райымбек» және «Ayana Plaza» көппәтерлі тұрғын үй кешені) құрылыс-монтаж жұмысы тоқтатылды. «Райымбек» көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша анықталған бұзушылықтар жойылды. Ал «Ayana Plaza» көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша материалдар сотқа берілді. Сондай-ақ өткен жылдың өзінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 87 жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұл сомасы 16 млн 700 мың теңгеден асты.

Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі нысандарда жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және құрылыс салушылар тарапынан еңбектің қорғалуы мен қауіпсіздік техникасына қажет қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі болып саналады. Көп жағдайда шағын мердігерлік ұйымдарда қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары жоқ.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен (қорғаныс бас киімі, арнайы киім, монтаждау белдігі), сондай-ақ ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, биік орындардағы жұмыс орындарында және оларға өтетін жолдарда қорғаныс қоршаулары болуы керек және заттардың биіктен құлап кетпеуі үшін қорғаныс торлары болуы керек.

Құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары сақталмаған жағдайда жұмыстың барлық түрі тоқтатылады, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылатын болады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді, ұйым басшылығына өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі міндеттер түсіндіріледі.