Биыл қыс қатты болды. Сақылдаған сары аяз су түбіндегі табиғат байлығына да қатерін төндіріп жатыр. Кейбір көлдердегі мұздың қалыңдығы – бір метрге жуықтады. Солтүстікке көктем келіп, көл біткен мұз құрсауынан құтылғанша әлі де табандатқан ай жарымға жуық уақыт бар. Мамандардың айтуына қарағанда, мұздың ас-тыңғы қабатында оттегінің толайым сарқылып, көп балықтың қынадай қырылатыны да – осы мезгіл. Қазір өңірде бұл тараптағы қыруар жұмыс қызу қолға алынған. Айталық, Зеренді ауданының көлдерінде мұз ою жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізіліп жатыр. Далалық көлдер санатындағы Құркөлдің де мұзы қалың. Бір айта кетерлігі, балық та көп көрінеді. Балықты сақтап қалу үшін күн сайын мұз ойылады.
– Біз мұндай жұмыстарды қыс бойы жүргізіп келеміз. Басты мақсат табиғаттың иен байлығын сақтап қалу ғой. Дәл осындай игілікті іс «Есіл» бассейнінің аумағында да ұйымдастырылып жатыр, – дейді облыстық балық инспекциясының бас маманы Ерлан Қосмағанбетов.
Облыста балық шаруашылығын дамытуға әбден жарамды 600-ге жуық су айдыны бар. Осы жылы осынау көлдердің 132-сінде аэрация жүргізілді. Мамандар 7 мыңнан аса ойық ойыпты. Оған қоса балық «патшалығын» оттегімен қамтамасыз ету үшін 400-ден аса тұсын кесіп, ауа өткізетін орын әзірлеген.
– Мұз астына оттегін жіберумен қатар, көл беті қоқыс пен қамыстан да тазартылады. Тамаша табиғатымызды аялап, қамқорлық көрсетіп отыратын болсақ, жүдемес еді. Келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз да осы емес пе? – дейді балық инспекциясының бас маманы Ақан Сыздық.
Көлдерді тазартуға жүзге жуық адам күші тартылыпты, арнайы техника да бөлінген. Дәл осылай жанашырлықпен күш біріктірілсе, балықтың да бағы таймайтын шығар.
Ақмола облысы