Музей • 07 Наурыз, 2023

Айбергенов мектебіндегі музей

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясында өршіл, өміршең өлеңімен Алаш жұртын баураған Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы қазір исі қазаққа таныс. Айбергенов десе, көптің жадында айдарынан жел ескен сұрапыл, сұңғыла ақынның бейнесі жаңғырады...

Айбергенов мектебіндегі музей

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде ақынның туған жерінде, табаны тиген өлкелерден бөлек, бірнеше қалада құнды естеліктері сақтаулы. Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мек­тептің музейін шағын деме­сеңіз, ақынның өмірі мен шығар­ма­шылығын танып-білемін дегенге азық боларлық дүниелер сақ­таулы тұр.

ывы

Жуырда осы мектепке барып, ақын құрметіне ашылған музейді тама­шалаудың сәті түскен еді. Әр жыл­дары осы музейге өз ісін жетік білетін, поэзияға жанашыр ұс­таз­дар жетекшілік етсе, қазір сол аға буын әріптестердің аманатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гауһар Жүсіпова арқалапты. Мектеп 1979 жылы ашылса, 2001 жылы білім мекемесіне Т.Айбер­­геновтің есімі берілген. Содан араға аттай алты жыл салып, 2007 жылы 23 желтоқсанда көптің ұсы­ныс-тілегімен Айбергенов му­зейі ашылып­ты. Міне, 2000 жыл­дардың бас кезінен-ақ мектеп ұжымы «Бір тойым бар» деп жыр­лаған ақынның туған күнін атап өтетін дәстүр қалыптастырды. Ай­та кетейік, мектеп ұжымы 2018 жылы қалалық мектеп музей­ле­рінің байқауына қатысып, бас жүлде жеңіп алған.

– Өзім 2017 жылдан бері музей жетек­шісімін. Ақын атындағы мектеп музейіне жетекші болған соң, бірер жылда Ай­бергенов поэ­зиясын тереңірек түсініп, қал-қадірімше соны жас өскіндерге жет­кізуді мақсат тұттым. Музей ашыл­ған жылы мектеп дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Еса­матова Төлеген Айбергеновтің қызы Ай­нар Төлегенқызымен бірге ісса­парға шық­қан. Ақтөбе, Шым­кент, Алматы, Таш­кентке барып, біраз құнды дерек жи­наған. Төлеген Айбергенов білім алған Ташкенттегі Низами институтын­да да ақын­ның естеліктері сақ­талған. Осы тұста музейдің ашы­луына ықпал етіп, рухани ша­ңыраққа жетекші болған ақын Ерсайын Нарымбаевтың еңбегін естен шы­ғармағанымыз дұрыс деп ойлаймыз. Ол кісімен біз күні бүгінге дейін байланыстамыз. Музейге жиі келіп тұрады, – дейді Гауһар Жүсіпова.

Мектептің музейге апаратын дәлізінде Айбергеновтің суреті, өлең жолдары, қаз-қатар тізілген кітап­тары көзге оттай басылады. Көп ұзамай музейге кіре бергенде төрдегі Айбергеновтің су­ретін байқадық. Сол суреттің маң­­дайында «Сағынып келіп, сағынтып кеткен ақын» деген бір ауыз сөз шоқтығы биік ақын­ның талантын айқындай түс­кен. Мұнда ақынның көз қа­ра­­шығындай сақталған құн­ды жәдігердің бірі ретінде үйіндегі сағаты, ыдыс-аяқ және қолжаз­баларының көшірмесін айтуға болады. Музейдің сол жақ бұры­шында ақынның туған жері Қа­рақалпақстанның Қоңырат ауда­нындағы, кейінгі студенттік жылдары өткен Ташкенттегі, мектеп директоры болып қызмет еткен Сарыағаштағы, шығар­машылығын шыңдаған әсем қала Алматыдағы жылдары жайында кең мағлұмат бар. Сондай-ақ шығармашылық жолда дос-сырлас болған қазақтың белгілі ақын-жазушылары мен композиторлары, сонымен бірге, Төлеген Айбергенов атындағы сый­лықтың лауреаттары жөнінде де мәліметтермен танысуға болады. Мұнда ақын өлеңінің орыс, ағыл­шын тіліне аударылған нұс­қасын электронды форматта оқуға да мүмкіндік бар.

Мектеп ұжымы жыл сайы­н Айбер­геновтің туған күніне орай шығармашылық кеш, қала деңгейінде әдеби және ғы­лыми жобалар байқауын, музей сағаты, поэзия сағаты, тіпті спорттық іс-шара ұйым­дас­тыруды дағдыға айналдырған.

Ал мектептің мәжіліс залына апа­ратын дәлізде ақынның өлең жолда­рын­дағы пейзажды шебер суреттеп, қа­ғаз бетіне түсірген оқушылардың еңбегі ілулі тұр. Бұл ақынның 85 жылдық мерейтойында дарынды оқушылар салған таңдаулы суреттер екен.

Төлеген Айбергеновтің мұра­сын сақтап отырған мектеп ұжымы әуелі ақынның шығармашылығын насихаттауға басымдық беретіні сөзсіз. Сондықтан кез келген сы­ныптың оқушысы ақынның кем дегенде бір өлеңін жатқа біледі.