Әйел әлемі • 06 Наурыз, 2023

Алтай асқан ару

1352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ес жиып, етек баспаған бала кезімізде: «Кеңес елінде Қазақстан деген мемлекет бар. Қазақтың түп-тұқияны сол жер екен» дегенді ұдайы естіп һәм сол «жұмақ» мекенді аңсап өстік. Яки, біздер үшін «Қазақстан» деген сөз қиялымыздағы «Мекке-Медине» еді. Бір күні дүниені дүңк еткізіп тосын жаңалық естілді. Өзіміздің ауылдас ағамыз Қабидаш «Қазақстаннан әйел алып келіпті».

Алтай асқан ару

Арада жылжып жылдар өткенде тәңірдің қалауымен жеңгеміздің жүзін көрдік. «Құралай көз, қолаң шаш, Алма мойын қиғаш қас» деп халық әні «Қарлығашта» айтылатындай-ақ адам екен. Жүзінен мейірім нұры есіп тұр. Бар болмысынан туа біткен бекзаттық менмұндалайды. Мінезі – жібек, сөзі – самал. Тіпті байыпты жүріс – тұрысы халық әні «Гауһар таста» айтылатын:

«Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,

Сылдырап шашбауың мен

алтын сырғаң.

Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,

Әсемсің жүйрік аттай

мойнын бұрған»,

деп келетін сұлу шумақты еске түсі­рер­дей...

Хош сонымен... Бертінде білдік. Бұл кісінің мұншалық мәдениетті болуы еркінен тиіс дүние екен. Өйткені, Қазақстан деген елді бұл дүниенің «жұ­мағы» санайтын, адамдарын қазақы мәдениеттің ерен үлгісі деп пір тұтатын Қобда бетіндегі қоңыр халық Роза Аман­қызы осы түсініктің жанды дәлелі, тірі куәсі, рухани шамшырағы деп білді. Ал енді мәдениетті болмай көріңіз.

Осыны түсінген сұңғыла сұлу – сол топырақта 30 жыл өмі­рін өткізгенде жоғарыда айтқан бекзат­тығынан бір сәт жаңылмады. Себебі күллі жұрт өзіне қа­рап Қазақстанды елестететінін, мұндағы аз халыққа атажұрттың алтын сынығы ретінде таныларын, сол себепті де жақсы болмасқа еш хақысы жоқ екенін апамыз терең түсінді. Қазір ойлап отырсам, ширек ғасырдан астам келін деген атқа сай, озық мәдениеттің үлгі-өнегесін көрсете білу, осы бағыттан жаңылмай өмір сүру түсінген жанға зор сынақ. Ол осының бәрін абыроймен атқарды.

Роза Аманқызы бұрынғы Талдықорған облысы Сар­қант ауданының Аманбөктер ауылында туыпты. Түп-тұқияны: Абай елінен, руы – тобықты ішінде жуантаяқ. Әкесі Аман Бекбосынов (1916-1997) кеңес-фин со­ғы­сын бастан кешіріп, арада екі жыл өткен соң Екінші дүниежүзілік соғыстың алдыңғы шебінен табылған майдангер. Қанды қырғыннан аман-есен оралған ардагер тоқырау жылдары кең­шар-ұжымшарды басқарған білікті де, бі­лімді тұлға екен. Роза Бекбосынова бір әке­ден сегіз ағайынды. Үйдің үлкені өзі. Ар­тынан ерген бес сіңлісі, екі інісі бар.

Кейіпкеріміз туралы 2010 жылы журналист Дана Жүкелқызы республикалық педагогикалық «Бiлiм шапағаты» журналында жариялаған мақаласында: «1958 жылы орта мектепті үздік бітірген Роза Бекбосынова Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық институтына қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығы бо­йынша оқуға қабылданады. Туадан сергек, елгезек қыз жоғары оқу орнында да, сабақты жақсы үлгеріп, құрбылары­ның арасынан суыры­лып көзге түсе бас­тайды. Жан­ның бәрі жақ­сыны қаламай ма, Роза қыз да осындай жақ­сылығымен өзге­нің көңілін баурайды. Өзіне деген құш­тарлығын оятады. Бұл құштарлық сезім – оның өмірін мүлде тосын өлкеден бастарын жас қыз бастапқыда сезді ме екен?» деп жазыпты.

Расында солай. Роза Аманқызы инс­титутта оқып жүріп моңғолиялық студент, өзінің курстасы Қабидаш Қали­асқар­­ұлымен танысады. Осы таныстық­тан соң екеуі отау көтереді. Алатаудың бөк­терінде туған ару бұрын көрмеген, естіп-білмеген жат өлке – Алтайға асып барады.

Бертінде ауылдас ағам Қабидаш Қали­асқарұлынан «көке Роза апаймен қалай таныстың?» деп сұрамаймын ба, марқұм қалжыңбас адам еді. – 1958 жылы Алматыға оқуға келдім, – дейді ағамыз. – Розаны көрдім де «здрасти» деп қалдым, жап-жас қыз мені орыс тілін біледі екен деп ойлап ұнатып қалды емес пе, – деп кеңк-кеңк күлетін. Бұл әрине қалжың.

Роза апай мен Қабаң ағамыз екеуі бір топта оқыпты. Әуелгі таныстық сый­лас­тыққа, уақыт өте келе сүйіспеншілік­ке ал­масқан. Сөйтіп, екі жас институт бітір­­мей тұрып шаңырақ көтерген. Қабаң айтады: «1962 жылы Алматыда үйлен­дік. Неке куәлік алайық деп ЗАГС-ке бар­сақ сондағы орыс қыздар айтады: «Әйе­ліңіз сіздің фамилияны алу керек» деп. Содан жаман тіліммен ойбай сал­дым: «Бұл не сұмдық біздің ауылда келін ата­сының атын атау деген аса ауыр қыл­мыс саналады. Бүйтіп қор қылмаңдар, үйрен­ген өздерің аталарыңның атын атай берің­дер!» деп, жатып кеп туладым. Сөйтіп, апамыз өз фамилиясында қалыпты.

Ақыры, әсем Алматыда шаңырақ көтерген екі жас қолтықтасып Қобда бетін­дегі қоңыр елге аттанбаққа қам жасайды. Ол үшін Роза Аманқызы шетелге шығатын КСРО төлқұжатын алуы керек екен. Осы құжатты табаны күректей алты ай күткен. Бірақ тұңғыш қызы Жаннаға рұқсат берілмей нәресте нағашы атасы Аман мен нағашы әжесі Әсия Шығанбайқызының қолында басы бүтін қалып қойған, сөй­тіп бұл бала төркін жұртында ержетіпті.

Қанша дегенмен іргелі ел емес пе, Қабаң қазақстандық аруды әкеле жатқаны туралы хабар тиген күллі аймақ қос ғашықты аяғынан тік тұрып қарсы алыпты. Бұл оқиға жайында Роза апамыз: «Ел-жұрт ұлан-асыр той жасады. Тойдан кейін аймақтың халқы күн құрғатпай ағаң екеумізді қонаққа шақырады. Танымайтын, көрмеген адам­дар күнде таңертең келіп: «Әй, қа­ра­ғым, келінжан алыс жерден жалғыз басың қарайып бізді ел деп келдің ғой, төркініңді сағынып жүрген шығарсаң, үйден дәм тат!» деп, қиылып тұрады. Расын айтсам, Қабаң екеуміз өз үйімізден екі жыл тамақ ішпедік. Өлгей қаласын айнала қыдырып қонақ болдық» дейді.

Бірде реті келгенде кейіпкеріміз­ден «қанша дегенмен жат ел, жатырқау өлке әредікте «бекер келдім-ау» деген ой болды ма?» деп сұрадым. Күлді. «Алғаш ағаң­нан Бай-Өлке қандай жер деп сұрамай­мын ба? Ол кісі: «Алматы сияқты алмасы төгіліп жатады, жасыл-желек орман», деді. Сендім. Келген соң «Қаба әлгі ­жа­сыл-желек орманың, төгіліп жатқан ал­маң қайда?» десем, ағаң шімірікпей: «Е, қазір қыс емес пе, біздің жақтың ағашы жерге сіңіп кетеді, көктемде құлпырып шыға келеді», дейді. Ағаларың айт­қан алмасын күтіп ол жақ­та 30 жыл ғұмы­рым өтті. Қос жанары мөлдіреп, ата­жұрт­тың сынық айнасын көргендей елжі­­­реп тұрған елге бауыр баспау мүмкін бе...», деді. Рас-ау. Осы кісіге Қобда бетінің қа­зақтары қарыздар екенін түсіндім. Міне, бұл мақала сол қарыздың кішкентай өтеуі. Өйткені ол 1963 жылы Бай-Өлкеге табаны тиіп, отыз жылдан соң атажұртқа қоныс аударғанға дейін ондағы қазақтың алғашқы рухани ордасы 10 жылдық қазақ орта мектебінде 30 жыл ұстаздық етті.

Осы аралықта, апайдың алдынан тәлім алып, түлеп ұшқан шәкірттері қан­шама. Мысалы, 1966 жылы Роза Аман­қызының жетекшілігімен мектеп бітір­ген бір сыныптан үш ғылым докторы шығыпты. Атап айтқанда, олар – био­логия ғылымдарының докторлығын Гер­­ма­нияның Гумбольд атындағы Бер­лин университетінде қорғаған, Моң­ғолия Ғылым академиясының ака­демигі Мағаш Аятханұлы, экономика ғылымдарының докторлығын Мәскеуде қорғаған Дөрбетхан Тотилаұлы, техника ғылымдарының докторлық дәрежесін Чехия елінде қорғаған Кәни Кәбдиұлы.

Сонымен бірге асыл ұстаздың ке­йінгі төл шәкірттерінің қатарында физика ғылымдарының докторлығын Мажар­станда қорғаған Оқас Құрманұлы, ауыл­шаруашылық саласының білгір ға­лымы Сайт Заханұлы, танымал түрколог Қар­жаубай Сартқожаұлы, өлкеге танымал қаламгерлер: профессор-журналист Зүлкәпіл Мәулітұлы һәм дәл қазір қазақ еліне танылып жүрген журналшы һәм ғалым азаматтар: Абай Мауқара, Ақеділ Тойшан, Бақытбек Бәміш, Бабақұмар Қиянатұлы, Досымбек Қатыран және осы жолдардың авторы.

* * *

Айта берсек, әңгіме көп. Ағартушы – ұстаз, тәлімгер-тәрбиеші, мейірімді ана, қайырымды келін Роза Аманқызы жайында қысқа қайырып айтқанда осы. Қабаң екеуі екі қыз, екі ұл өсірді. Үлкен қызы Жанна Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың биология факультетін, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің филология факультетін бітірсе, екінші қызы Ира Иркутск университеті­нің заң факультетін, үлкен ұлы Нұрлан Тюмень индустриялық институтын инженер мамандығын, кенжесі Нұрсерік Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың жур­налистика факультетін тәмамдапты. Қазір барлығы да жемісті еңбек етіп жүр. Апамыз осылардан тараған 7 немере мен 9 шөберенің тілеуін тілеп, қазір Астана қаласында тұрып жатыр.

Шаңырақ иесі Қабидаш Қалиасқар­ұлы 2020 жылы қаңтар айында дүниеден өтті. Атам қазақ «жақсы әйел жарының басын өрге сүйрейді» дегендей жары­ның алқауымен Қабаң Алматыдағы М.Әуезов атындағы өнер және әдебиет инс­титутының ғылыми кеңесінде филология ғылымдарының кандидаты, 1992 жылы докторлық атағын қорғап, ең бастысы Моңғолия қазақтарының фольклорын ғылыми айналымға енгізді. Мұндай үлкен іске кірісу үшін сол саланы жақсы білетін маман әрі жан-жары Роза Аманқызының рухани қолдауы болғаны анық.