Әйел әлемі • 07 Наурыз, 2023

Қайсар қыз

418 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сол кездесуде айтылған әсерлі де ауыр, мұңды да мағыналы, өміршең де өнегелі әңгімелер әлі күнге дейін ойымнан кетер емес. Көктемнің алғашқы хабаршысындай, тоңы жібіп үлгермеген қара жерді жарып шығатын бәйшешек гүлін қызықтаған, көктемі ерте шығатын біздің өлкенің бойжеткендерін көріп те сол кездесу еске түскен-ді. Тағдыры талайлы жас жазушы туындысын неге «Бәйшешек» деп атады деген сұрақ та маза бермеген.

Қайсар қыз

Он жасында сирек кездесетін қатерлі дертке ұшырап, өмірге деген құштарлығы мен сарқыл­мас ерік-жігерінің арқасында дертті жеңіп шыққан Жәмила Бах­тиярқызымен болған кездесу­ден алған әсерімізді айтып жеткізу қиын. Ал шығармасын оқып отырып кейіпкері – қаршадай қыз­дың шыдамдылығына таңғала­­сыз, өзіне деген сеніміне сүйсінесіз, бірде онымен бірге мұңға батасыз, ол мұңнан да кейіпкердің өзі алып шығады. «Әкешім, анашым, неге мен? Не үшін?.. Қараңғылық. Жалғызбын. Жадымда сақталғаны осы ғана. Біраз уақыт өтіп, қайта ояндым. Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ашыт­қан дерт бір сәтте ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейтін, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміттердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдар­дың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жү­рек­тер: «Өмір сүргім келеді» деп баяу болса да, үзіліссіз соқты. Бұл жер – жансақтау бөлімі еді», дейді өмір мен өлімнің арасында жатқан Жәмила.

Иә, Жәмиланың «Бәйше­шек» атты туындысы осылай басталады. Әкесі Бахтиярдың айтуын­ша, о баста Жәмила өз өмірін өр­нектеп жазуды мақсат етпеген. Адам ағзасындағы бүкіл бұл­шық еттердің салдануына соқ­тыратын «миастения» деген өте сирек кездесетін невралгиялық ауруға шалдыққан қыз дерт салда­рынан тұра алмай, жүре алмай, сөйлей алмай қалған кезінде айналасындағылармен қағазға жа­зып сөйлесетін болған. Сөйтіп, күнделік жазуды әдетке айналды­рыпты. «Онда үлкен сынақтан өт­кізген Жаратқан Иемізге, айналасында құрақтай ұшып қызмет еткен ата-анасы мен туыстарына, ақ халатты абзал жандарға алғыс айтады. Атасы мен әжесінің туған күні қарсаңында жақындарына тосынсый жасағысы келіп, естеліктері бойынша дайындаған қолжазба­сын жіберіпті. Бұл бізге шынымен тосынсый болды!», дейді Бахтияр Әлтайұлы. Жас қаламгер Жәмила Бақтиярқызы «Бәйшешек» туындысы арқылы Жаратушыға әке-шешесінің, туыстарының жүзіне қуаныш шуағын сыйлады, алғы­сын білдірді. Ал тағдыр сынағы­мен күресуге жетелеген бұла күш – сенім болды. «Жәмиланың ба­сынан өткен қилы тағдырын баяндай­тын бұл кітап мені бірден баурады. Жата-жастана оқыдым. Осылай­ша, қаламгер қыздың қарым-қабіле­тін мойындадым. Қазіргі қоғамда ­көп әке балалары ауыр дертпен ауы­рып қалса, анасынан көріп, отбасын тастап кетіп жатады. Сондай кезде бүкіл қиындық ананың иығына түседі. Осындай ауыртпалықты қайыспай көтеріп жүрген батыр аналарымыз бүгінгі қоғамда қан­шама. Ал Бақтияр керісінше, әр­дайым қызының қасынан табылды. Жанына жебеу болды. Қызын дертті жеңіп шығуға жігерлендір­ді. Алла Тағала ешкімді баламен сынамасын, әке-шешенің көзінің қарасы мен ағындай балапандары аман болсын», дейді елімізге белгілі жазушы-журналист Күлия Айдарбекова.

Күнделік ретінде тағдыры­ның желісінде жазылған кітапты Жәмила ҚазМУ-да оқып жүргенде осыдан 3-4 жыл бұрын бастапты. Алайда пандемия кезінде қаламын қаңтара тұруына тура келген. Кейін қайта қолға алып, жазуға кіріседі. «Бұл кітап қиындықты асқан сабырмен өткізген жап-жас жанның жүрек лүпілінен келген имани хабар. «Бәйшешек» – тағдыр туралы жазылған кітап» деп баға беріпті белгілі жазушы Әшірбек Көпіш кітаптың алғы сөзінде. Хикаят­тың бас кейіпкері Жәмиланың өзі. Яғни оқиға қаршадайынан күр­делі кеселге душар болған өзінің атынан баяндалады. Кітап бетін парақтаған сайын сырқатының тезірек жеңілдеп, айыққанын қа­лап, тілеулес болып отырасыз. Дертті жеңгенін біліп қуаныш­тан жаныңыз масайрап, кітап ке­йіп­кері айрықша жақсы көретін бәйшешекке толы кең даланың саф ауасымен тыныстағандай әсерде боласыз. Автор шығармасында сенім мен тазалықтың, жақсылық пен үміттің белгісіндей бәйше­шек гүлінің пайда болу тарихына тән әдемі аңызды тілге тиек етеді. Бұдан кейін он жыл бойы басынан өткерген ұйқысыз-күлкісіз, азапты күндері баяндалғанда жа­ныңызды сала жәрдемдескіңіз ке­леді. Автормен бірге ауыр халде жатқан адам үшін уақыттың тым баяу жылжитынын сезініп, «ойланып та, жылап та, күрсініп те, тіпті күліп те үлгересің». «Ойым шатасып кетті. Иә, мектеп баяғыда ұмытылған әңгіме. Қазір маған бір күндік өмірден артық еш нәр­сенің де керегі жоқ. Өлім жайлы ойлағым келмесе де, ойлаймын» деген баяндауға жеткенде тіптен дегбіріңіз кете бастайды. Алладан амандығын сұрап, жаман ойдан тез арылтуын өтінесіз. Дегенмен өмірге деген құштарлығын біліп, сабырға келесіз. «Сенім, үміт деген үкіленген сезімдер бізді алға қарай жетелейді. Ал есейе келе олардан алыстап кетеміз. Мен ауруыма жеңіл қарадым, оны қа­былдадым, жақсы көрдім және кү­рестім. Осыдан болар, кішкентай бөбектер мен жастар үлкендерге қарағанда дертті тезірек жеңеді. Себебі біз бала жаста жанымыз қиналса да уайымға салынбаймыз», дейді автор. Кітабында өзінің қасында күндіз-түні құрақ ұшып, шарқ ұрған әкесі Бақтияр Әлтай­ұлы мен анасы Ғалия Әбіләзіс­қызы туралы тебірене, зор сүйіспен­шілік, ерекше құрметпен жазады. «Мен сөйлей алмаймын, ойым­ды не жанарыммен, не қара қалам­ның ұшымен білдіремін. Қолым­да кішкентай жасыл блокнот бола­тын, анама: «Жақсы, мам. Тамақ іштім. Сіздер қалайсыздар?» деп жаз­дым» дейді бұл сәт туралы. Яғни ауру­дың жанына батқанын айтып ана­сы­ның қасіретін тереңдеткісі келмейді. ­Ал әкесі туралы жүрек толқыны­сын­да: «Маған нәсіп болған өмірдегі е­ң ­бір үлкен бақ – әке махаббаты. Мұн­дай сезімді ешкімнен көрген емес­пін. Арамызда он сегіз мың ғаламға сыймайтын үлкен байланыс бар, әкем бұл тылсымды махаббат деп атайды. Мені еркелеткеніне, шек­сіз сүйгеніне, маңдайымнан иіскегеніне, күн сайын айтудан жалықпайтын тәтті сөздеріне қа­нып өстім. Әлі күнге дейін ша­шым­ды кептіріп беретін де, кейде әдемі әңгімесімен ұйықтататын да, аяғымды уқалап, ханшайымға балап, маған қызмет ететін де осы кісі. Әлемдегі барлық әке менің әкем­дей болса – қоғамдағы әйелдерге түсетін салмақ та, кемсіту де, басқа әділетсіздіктер мен жат қылықтар да жойылып кетер ме еді?», дейді. Иә, бұл жалғанда бала үшін ең қымбат жан да – ана мен әке! Қызы осылай ерекше бағалаған әкесі – Бақтияр Өнербаев Алматы облысы әкімінің орынбасары, Текелі қаласының әкімі сияқты абыройлы қызметтер атқарған. Қазір Шымкент қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы. Аса ауыр сырқатпен он жыл бойы алыса жүріп, сондай қиын халіне қарамастан мектепті үздік бітіруі, өзі қалаған журналистика факультетіне оқуға түсуі оқырманның Жәмилаға деген құр­метін еселей түседі. «Сен енді толық жазылдың!» деген сөзді естіген түні көз іле алмай, таң ат­қанша сәждеден бас көтермей, дұғада отырады. Осылайша, Жарат­қан Иесіне, ата-анасына, туыстарына деген шексіз алғысын білдіреді.

Күрес, Сенім және Жеңіс деген үш тараудан тұратын «Бәйшешек» түпнұсқадан орыс және өзбек тіл­деріне аударылыпты. Енді қырғыз, түрік, ағылшын, испан тілдеріне аударылып жатыр екен. Жуырда Жәмила Бахтиярқызы әлеуметтік желідегі парақшасында: «Алла қаласа, көктемнің шуақты күнінде басымыз аман, бауырымыз бүтін «Қарлығаш» атты жаңа кітап­тың таныстырылымында кездесеміз» депті. Аталған туындысының тұ­саукесерін өзі ерекше жақсы кө­ретін, он бала өсіріп-тәрбиелеген әжесі Жанат пен немересінің осы күнгі қуаныштарына ортақтаса алмайтын марқұм Әлтай атасының туған күніне орай өткізбек. «Бәй­шешекті» бір деммен оқып шық­қан оқырмандары енді «Қарлығаш­ты» күтуде.

 

Түркістан облысы