Екі жастағы қарындасын жанып жатқан үйден аман алып шығып, құтқарып қалған Нұриден Амантай қазір ел аузында. Атасы мен әжесі сол өртте күйік шалып, қайтыс болды. Ал Нұриденнің өзінің қолы мен беті күйіп қалған. Бұл кезде ата-анасы жұмыста екен. Қайғылы оқиға былтыр желтоқсан айында болып, тілсіз жаудан үй толықтай дерлік жанып кетіпті.
– Өрт шыққанда үйде атам, әжем және қарындасым болдық. Біз тамақ ішіп отыр едік, пеш тұрған шыға беріс бөлмеде тарс ете қалған дыбыс шықты. Атам мен әжем не болғанын қарауға дәлізге кетті. Ұзақ уақыт келмей қойды. Соңдарынан барсам, пештің маңайы түгелдей жанып жатыр екен. Бұл бөлмедегі есіктен шығу мүмкін еместігін түсіндім де, ас үйге жүгіріп барып, қарындасымды терезе алдына шығардым. Анама телефон соғып айттым. Терезе алдына шығып алып, одан секіргелі тұрғанда көршілер келді. Қарындасымды шығарып беріп, соңынан өзім түстім, – дейді Нұриден.
Ата-әжесі де далаға шығып үлгерген екен. Әйтсе де денелерінің 40-60 пайызын жалын шарпып өткен. Дәрігерлер атасы мен әжесін жансақтау бөліміне, Нұриденді жай палатаға жатқызған екен. Бірақ ауыр жарақаттан ата-әжесі оңалмай, бақилыққа озды.
– Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Ата-енем жан сақтау бөліміне түсті. Нұриден жай палатаға. Екі күннен кейін атам қайтыс болды. Одан екі аптадан кейін енем. Қазір күйеуімнің туыстарының екі бөлмелі пәтерінде тұрамыз. Олардың өзінде бес бала бар, – дейді Нұриденнің анасы Надира Акишева.
Нұриденнің қарындасынан бөлек әпкесі мен ағасы бар. Өрт шыққан күні олар мектепте болған екен. Ал қазір отбасы баспанаға мұқтаж. Жақында Нұриден оқитын №36 мектепке Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім арнайы келіпті. Батылдық көрсеткен Нұриденге ризашылығын білдіріп, білім бөлімі атынан кішкентай батырға велосипед тарту етті.
Қарағанды