Университет ғалымдарының жобасы құрғақшылық, температура, тұздану тәрізді қоршаған ортаның қолайсыз әсерлеріне өсімдіктердің бейімделу және қорғану механизмдерін зерттеуге бағытталған. Соның негізінде табиғи жағдайларға төзімді сұрыптарды жасауға қажетті мәліметтер анықталады.
– Құрғақшылық, температура, тұздану тәрізді факторлар жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігінің төмендеуіне алып келеді. Одан еліміз ғана емес, бүкіл әлем экономикасы зиян шегеді. Біз өсімдіктердің осы қабілетін анықтау үшін молекулалық деңгейде жауап беру механизмдерін зерттедік. Нәтижесінде, құрғақшылық пен температура күйзелісі оттегінің белсенді түрлерінің (супероксид радикалы және сутегі асқын тотығы) төмендеуіне әкелгені туралы тың деректер таптық. Сонымен қатар температура мен құрғақшылықтың үйлесуі Альдегид оксидазаның және жапырақтардағы каталазалар мен супероксид дисмутазалар сияқты антиоксидантты ферменттердің белсенділігін азайтады. Біздің зерттеуіміздің нәтижесі – жоғары импакт-факторлары бар беделді ғылыми журналдарда жарияланып, оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі басқа да зерттеушілер сілтеме жасаған. Бұл еңбегіміздің өзектілігін көрсетеді, – деді Асылай Құрманбаева.
Зерделі ғалым докторлығын Израильдегі Бен-Гурион университетінде өсімдіктер биотехнологиясы саласында қорғаған. Онда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін төзімділік механизмдерін молекулалық деңгейде зерттеген. Соның нәтижесінде былтыр қауымдастырылған профессор атағын алды. Асылай Құрманбаева ғылыми-зерттеу қызметімен 14 жылдан бері айналысады. Ол былтыр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 77 үміткердің арасынан топ жарып, аталған жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атанды.