Спорт • 07 Наурыз, 2023

Әбиба Әбужақынова: Басты мақсатым – Олимпиадада жеңіске жету

807 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда әйелдер дзюдосының даму барысы тым баяу екені белгілі. Ширек ғасырға жуық әлемдік деңгейдегі додаларда бірде-бір балуанымыз жүлде алмағандықтан, Моңғолиядан Галбадрах Отгонцэцэгті шақырттық. Біздің елдің туы астында өнер көрсеткен ол көптеген биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, 2015-2021 жылдар аралығында Галбадрах Рио Олимпиадасы мен екі бірдей әлем чемпио­натында және Азия ойындарында қола медаль иеленіп, құрлық чемпионы атанды. Моңғол спортшысы татамимен қоштасқаннан кейін Әбиба Әбужақынова жарқ етіп шықты. Қарғадай қазақ қызы бұл күндері өрелі өнерімен жанкүйерлерді қуантып жүр. Дәл осы халықаралық әйелдер күні қарсаңында Әбибамен тілдесудің реті келді.

Әбиба Әбужақынова: Басты мақсатым – Олимпиадада жеңіске жету

– Әбиба, былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, жан­­күйер­лерді бір қуантқан едің. Сол кезде сөйлескенімізде «Бұйырт­­са, алдағы әлем чемпионатында жүлде алу үшін барымды саламын» деп ақтарыла сөйледің. Айтқан уәдеңде тұрып, Ташкентте қола медальді қор­жынға салдың. Сол белестен кө­ріну қаншалықты қиын болды?

– Төрткүл дүниенің теңдес­сіздері жиналған жарыста күресу қашан да қиын. Өзбекстанның астанасына кілең мықтылар кел­ді. Мен өнер көрсететін 48 кило салмақ дәрежесінде де бәсе­ке­лестік өте күшті болды. Тұ­сау­кесер кездесуімде бра­зилиялық Ама­нада Лиманы таза ұттым. Келесі кезеңде Еуропа чемпионы, әлемдік рейтингте көш бас­тап тұрған франциялық Ширин Буклиден басым түстім. Ширек финалда құрлық біріншілігінің қола жүлдегері сербиялық Милица Николичті сан соқтырдым. Жар­тылай финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацуми Цунодаға әлім жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыста чилилік Мари Ди Варгас Лейдің осал тұсын таптым.

Бұл белдесулердің бірде-бі­реуінде жеңіс маған оңайлықпен келген жоқ. Әр белдесуде барымды салдым. Қалай да елге олжалы оралуды көздедім. Әсіресе, соңғы айқас аса ауыр соқты. Өйткені жартылай финалда мен бұрын сынған қолымды қайта жарақаттап алған едім. Соған қарамастан соң­ғы секундтарға дейін айқастым. Сөйтіп, Алланың қалауы және өзім­­нің табандылығымның арқа­сында жеңіс тұғырына көтерілдім.

– Сол кездегі көңіл күйіңмен бөліссең?

– Оны сөзбен жеткізе алмас­пын. Талай жылғы тынымсыз еңбегімнің ақталғанына, күллі қазақ жанкүйерлерінің се­німін ақтай алғаныма қатты қуанып, ерекше шаттандым.

– Ташкенттегі жеңісіңді кім­ге арнадың?

– Анама арнадым. Әр жарысқа аттанған сайын анашым түні бойы ұйықтамай, мен үшін қатты уайымдайды. Жаратушыға жалбарынып, дұға қылады. Осы са­парға аттанғанымда да дәл солай болды.

– Сен – қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатын­да жүлде алған тұңғыш дзюдо­шы­сың. Осы жағдай саған қа­лай әсер етуде?

– Мен үшін бұл – үлкен мәр­тебе. Осы спорт түрімен айналыса бастағанымда дәл осындай дәрежеге жетемін деп еш ойламадым. Десек те еткен еңбек еш кетпейді екен. Мұны мен жат­тығу залында шелектеп төккен терімнің өтеуі деп білемін. Оған бапкерлерімнің ерен еңбегін қосыңыз. Бірақ осы табыстарымды қанағат тұтып, қол қусырып отырудан аулақпын. Алда көз арбаған асулар көп. Солардың шыңына шығу үшін шеберлігімді әлі де шыңдай түсуге тиіспін.

– Осы жыл да сен үшін сәтті басталды ғой...

– Оныңыз рас. Қаңтар айында Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при додасында алтыннан алқа тақтым. Финалда өзімнің командалық әріптесім әрі құрбым Ғалия Тынбаевадан айламды асырдым. Ақпан айында Францияның бас шаһары – Парижде қола медаль олжаладым. Сөйтіп, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде үшінші орынға көтерілдім.

– Әлемдік рейтингте сенен кімдер жоғары тұр?

– Ширин Букли мен Нацуми Цунода. Ташкенттегі әлемдік до­дада олардың екеуімен де кү­рес­кенімді жоғарыда айттым ғой. Фран­циялық балуанды ұт­тым, жапониялық спортшыдан же­ңілдім.

– Қысқа ғана мер­зім ара­лығында ұзақ жыл­дар бойы қазақ қыздары бағындыра алмай жүр­ген белес­тердің биі­гіне кө­терілдің. Сол үшін де саған дән ризамыз. Ал енді алдағы жос­пар­ларыңмен бөліссең.

– Алдағы жарыстарда да Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлесем деймін. Ал басты мақ­сатым – биыл Дохада жалауы жел­бірейтін әлем чемпионаты мен келесі жылы Парижде алауы тұ­танатын Олимпия ойын­дарында жеңіс тұғырына кө­терілу.

– Әбиба, әңгімеңе көп рахмет. Көздеген мақсатыңа жетуі­ңе тілек­­­теспіз.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»