УАҚЫТ ТУДЫРҒАН ТҰЛҒА
«Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған» деген халық даналығында үлкен ұлағат жатыр. Қазақ халқы талайлы тағдырында небір күрделі де ауыр кезеңдерді басынан кешіргені әмбеге аян. Әлемнің бірде-бір елі қалыптасу кезеңінде, ең алдымен, мемлекеттің экономикалық негізін қалау барысында қиындықтардан қашып құтыла алмаған. 1985 жылы кеңестік жүйенің «қайта құру» идеясы саяси дағдарыстарға ұшырап, түрлі тартыстар мен қақтығыстар толқынын туғызғаны да баршаға белгілі. Әлем тарихына философиялық тұрғыда баға бере отырып жазып шыққан ағылшын ғалымы Тойнбидің айтуынша, күйреген империяның түкпір-түкпірінде пайда болатын жаңа мемлекеттер таңдайтын жол – төртеу екен. Біріншісі – өткеніне оралу, екіншісі – керісінше, өткенін мансұқ етіп, әсіре жаңашылдыққа ұмтылу, үшіншісі – шекарасын тарс жауып, сыртпен қарым-қатынасын шектеп тұйықталу, ал төртінші жол – түлеу, жаңару жолы. Осындай ұлы дағдарыс қаумалаған тұста қазақ атты жергілікті халықты, азшылықта қалған елді ешқандай қантөгіссіз, дау-жанжалсыз тарихтың тар көпірінен тайдырмай алып өткен халқына – қақпа, еліне қорған болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Елбасымыздың сара саясатының арқасында тәуелсіздік туы желбіреді. Әнұранымыз төрткүл әлемде шырқалды. Елтаңбамыз қыран қанатты ұрпағы бар ел екенін танытты. Әлем алдында «түлеу, жаңару жолын таңдап, айқын мақсаттың бағдары стратегиялық жоспар екенін ұғындырды. Елбасы халқына арнаған әр сөзінде ел бірлігі, ұлт татулығы жайлы ой толғап отырды. Халық бірліктің мәнін түсінді. Маңдайына бақ пен соры қатар жазылған Қазақ елі ырысын қашырған алауыздықты, бас-басына би болған өңкей қиқым заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Осындай қиын сәтте: «Сөз бастаған шешен болу, бір қиын, Елің үшін есен болу бір қиын, Тайғақ кешіп, ақ жол тауып адаспай, Көш бастаған көсем болу мың қиын», – деп қалам тербеді Елбасы. «Біз кешегі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз, өзін-өзі сақтап қалған талантты халықпыз. Біз өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күткен халықпыз», деді көреген басшы. Қазақстанның өзіндік конституциялық заңнамасын қалыптастыру Кеңестер Одағының ыдырауына сәйкес келді. Тәуелсіздікке қарай барар жолдағы алғашқы қадам 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы болды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ елі Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып сайлады. 1992 жылы елдің елдігін танытатын рәміздеріміз жарияланды. Қазақ тұңғыш ғарышкерін көкке самғатты, БҰҰ-ға мүше болды. 1993 жылы тұңғыш Конституциямыз, 1995 жылы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыз дүниеге келді. Бұл демократияның салтанат құруы еді. Болашағымыз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін бабалар аманатын бір сәт есінен шығармай, електен өткізіп, әр ісімен үлгі бола білген Елбасымыз ерке Есіл бойына ел қондырған әсем елорда салып, әлемді мойындатты. «Қазақстан-2050» Стратегиялық даму бағдарламасында «Өз бойымызда және өз балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуы тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуі тиіс», деп атап көрсетті Президент. Біздің Елбасымыз туралы әлем өкілдері де пікір білдірмей қала алмайтындай. Мысалы, Израильдың Бас раввині Иона Мецгер: «Сіздер халықтар арасындағы қатынас жарасым тапқан елде тұрудың қандай ғанибет екендігіне өздеріңіз-ақ көз жеткізе аласыздар. Таяу Шығыстағы біз үшін – бұл қол жетпес арман. Менің елімде күн сайын жазықсыз жандар: әйелдер, балалар қырылып, автобустар жарылып жатады. Сіздер бақыттысыздар» дейді. Ал ресейлік кинорежиссер Никита Михалков: «Назарбаев – ұлттың әкесі. Ол тыңдауды емес, естуді де үйренген, бұл төбесімен көк тіреген көсемдердің көпшілігі үшін таптырмайтын қасиет», дейді ағынан жарыла. «Мен – қазақпын» деп қалай мақтансақ та ешкім тілімізге тұсау салып жатқан жоқ. Тек батыстан соққан дүлей дауылдай шапшаң жылжып келе жатқан жаһандану үдерістері тәрбиеміздің, мінез-құлқымыздың бағыт-бағдарын өзгертіп, ұлттық санамызға әсер етіп жатқаны алаңдатады. Сондықтан бұл жолда да Елбасы Н.Ә.Назарбаев көрегендік танытты. Мектептерде «Қазақ елі» пәнін енгізуді тапсырды. Мақсаты: өзі арман еткен жас ұрпақты рухсыздықтан сақтап, елін, жерін, Отанын сүйетін ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру. «Мен осы халықтың қаны мен жанынан жаралған перзентпін, сондықтан да қиын кезеңде мойныма түскен ауыр жүкті мойымай көтеруге міндеттімін», дейді Елбасы. «Жабыққанды жебесем, Елді жұртпен теңесем. Қосынында қазақтың Бекер жүрдім демес ем!» – деген Елбасының жүрекжарды сөзі барша қазақстандықтарға үлгі болмақ. Елбасымыздың өмірінің ұзақ болып, аялы Отанында халқымен, елімен абыройы асқақтап, бақытқа бөлене беруін тілейміз! Зарипа ТАСЫМОВА, «Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, тарих пәнінің мұғалімі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.Елбасы – елдің тұтқасы
Нариман НҰРПЕЙІСОВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі. Ғасырлар тоғысындағы тәуелсіз Қазақстанның Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік қасиеті, кемеңгерлік келбеті, елтұтқалық рөлі жайында мәртебелі оқырманмен ой бөлісудегі ниетімді жұртшылық дұрыс қабылдайды деп ойлаймын. Үш ғасырға жуық құлдық қамытын киген қазақ қоғамын бір сәтте-ақ азаттық туымен, ақиқаттың ақ жолымен алып кету оңай болған жоқ, осы жолда шын мәніндегі елтұтқа боларлық тұлға керек болды, бабалардан қалған аманат көшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Біздің алдымыздағы мақсат та Елбасының осы елтұтқалық қасиетін айту арқылы осындай ізгілікті іске мысқалдай болса да үлес қосу, азат, тәуелсіз Қазақ елінің келешегі болып саналатын жас өрендердің, шәкірттерімнің ұлт көшін дұрыс бағытта алып келе жатқан Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа деген құрметін, сүйіспеншілігін ояту. Ел тұтқа деген қанатты қағида жайындағы тұжырымдарға назар аударсақ, пікірден пікір туындап, ой он саққа жүгіріп кетуі әбден мүмкін, сол себепті ендігі кезекте өз топшылауларымызды, өз пайымдауларымызды ортаға салып көрейік. Бір сөзбен түйіп жеткізгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тұтқасы боларлық қандай қасиеттерін санамалап айтуға болады, демек, дәл осы бағыттағы жүрек түкпіріндегі ойларды оқырман қауыммен сыр етіп бөліссек. Ел тұтқа сөзі – тым киелі, салмағы саф алтындай асыл, тағылым-түйіні тым тереңде жатқан қасиетті ұғым. Сол себепті де, біз бұл сөздің бағасын түсіріп алмай, кез келген ұсақ-түйекті термелеп, тізбелеп кетпей, тек қана Тұңғыш Президентімізге, елімен етене Елбасыға қатысты қадау-қадау ойларды ғана сабақтаймыз. ХХ ғасырдың соңында біз қаншама ғасырлар бойы арман еткен азаттыққа қол жеткіздік және дәл осы кезеңде біздің қазақ халқы ел тұтқа боларлық тұлғаны дұрыс таңдады, дұрыс таңдаудың нәтижесі зая кеткен жоқ, кемел тұлға, кемеңгер басшы Қазақстан сияқты тарих аренасына қайта шыққан жап-жас мемлекетті ел танитын, дәлірек айтқанда батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік, тіпті, мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдер де құрметтейтін мемлекетке айналдырды. Алмас қылыштай жарқылдап, көк туын биікке көтерген жас мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Еуропа елдерін біріктірген қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жай ғана қатардағы төрағасы болып қалмай, бас қала Астанада Саммит өткізуді жоспарлап, жүзеге асыруы таңғажайып оқиға болды. Елбасының елтұтқалық қасиетін танытатын таңғажайып ерлігі Астана қаласын салдыруы. Бұл бастамаға күмәнмен қарағандар да болды, себебі, алып империя құлағаннан кейінгі кезең өте қиын еді. Мәскеу арқылы дамыған экономика күйреді, жан-жақты байланыс үзілді. Ендігі ретте бәрін өз күшімізбен және көп нәрсені жоқтан бар етіп, жаңадан бастау керек болды. Батыл шешім қабылдап, нақты істерді жақсы көретін Н.Назарбаев 1997 жылы тарихи қадам жасады, осы жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлық шығарды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауын Астана деп өзгертуге шешім шығарды. Осы аралықта қазақ халқының астаналары жайында өзіміз білетін кейбір жайттар жайына шолу жасап өтсек. Арғы тарихтағы түркі халықтарына ортақ жағдаяттарға бармай-ақ қояйық, ХV ғасырдың орта шеніндегі Керей мен Жәнібек ханның қазақ мемлекеттілігінің негізін қалап, Шу өзені бойында, шежірелі Созақ жерінде орда орнатқаны мәлім, әр ғасырларда Ұлытау, Көкшетау, киелі Түркістан жеріндегі хандардың орда тігіп, билік құруы мемлекетіміздің тәуелсіздігін айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер. Қызыл империя әмірін жүргізген ХХ ғасырда да өз астаналарымыз болды, ақ патша құлдығынан құтылғанымызды айғақтайтын алғашқы астана Орынбор, одан әрі қазақ зиялылары, әсіресе, қайраткер Қожановтың жанкешті әрекеті арқасында астананы тарихи Ақмешітке – Қызылордаға көшіру де оңай болған жоқ. Жетпіс жылға жуық үстемдік еткен кеңес қоғамы одан әрі астананы өзі таңдады, таңдау Алатау баурайындағы ежелгі Алмалы қаласының орнындағы әсем Алматыға түсті. Қайран Алматы қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне қалтқысыз қызмет етті, әзір де Оңтүстік астана ретінде бәрімізге ыстық қала. Елбасы ғасырлар тоғысында қол жеткен тәуелсіздікпен жаңа мыңжылдыққа өз астанасымен қадам жасағанды жақсы ырым етіп белгіледі. Астана – әлем картасындағы ең жас қалалардың бірі, соған қарамастан, танылып үлгерген қала. Жаңа астананың Ақмола, Целиноград қаласы болып таңдалуына қатысты да ой айта кетсек. Алып империя құлап, Кеңес өкіметі келмеске кеткен алмағайып заманда аузы уәлі кейбір кеңестік қайраткерлер қазақ халқының намысын таптайтындай, әсіресе, аумақтық тұтастығына қауіп төндіретіндей мәлімдемелер жасады. Дәл осы кезеңде Н.Ә.Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін баянды ететін қадамға барды, сол кездегі саяси, экономикалық қиындықтарға қарамастан сайын Сарыарқаның төріне астана тұрғызуды қолға алды. Күдік, күмәнге бой алдырмады, батыл, жедел, әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай «саяси сәуегейлердің сандырағына» дер кезінде тойтарыс берді. Кеңес тұсында Н.С.Хрущевтің зымиян саясатының салдарынан тың игеру деген желеумен солтүстік пен орталықтағы бес облыста байырғы халықтың үлес салмағы азайып, 600-ге жуық қазақ тіліндегі мектептер жабылып, қазақ тілі, діні, діліне қауіп төніп тұрған өлкені Елбасы қазақ халқының өз астанасы ету арқылы қазақ халқының биік рухын қайта қалпына келтірді, бұл шынайы ерлік және дер кезінде жасалған ерлік болды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының осы ерлігі қазақ тарихында алтын әріппен жазылып қалады, осы ерлігі, көрегендігі, батылдығы үшін мен өз Президентімді шексіз құрметтеймін, менің бұл пікіріме миллиондаған қазақстандықтың қосылатынына тіпті де күмәнім жоқ. Бір кездері күдікпен қараған Астананың қазіргі келбеті қандай ғажап, бір ғана Бәйтерек емес, Ақорда, Қазақ елі монументі, Тәуелсіздік сарайы, Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығы, Орталық концерт залы, Астана аренасы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана Опера» опера және балет театры, аспанмен таласқан басқа да биік, әсем үйлердің бәрін санамалап айтып шығу мүмкін емес. Біз бәріміз Астанамен мақтанамыз, бұл қала – бейбітшілік пен ынтымақтастықтың, мәдениет пен өнердің, экономикалық өрлеу мен өркендеудің ордасы. Астана – тәуелсіз Қазақ елін әлемдік өркениеттің ұлы көшіне бастап келе жатқан киелі қала. Тәуелсіз Қазақстанның тек қана Астанасы гүлденді десек қателесеміз. Еліміздің әр қиыры да асқақ тудың астында айбынды болып өркендеп келеді. Мен алысты емес, ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстікті айтсам да жеткілікті. Елбасының өзі үшінші қала болсын деген Шымкенттің қазіргі келбеті қандай ғажайып, түлеген Түркістан, шағалалы Шардара, ойшылдардың отаны болған Отырар, киелі, кеме қалған Қазығұрттың қалай гүлденгені көз алдымызда өтіп жатыр. Елбасының қандай тапсырмасы болса да жан-жүрегімен, шын ниетімен қабылдап, оны орындауға ұмтылатын облыс әкімі Асқар Мырзахметовті Елбасының мықты серіктерінің бірі санайтынымды да жасырмаймын. Елбасының елтұтқалық қасиетін танытатын бір ерекшелігі әлемдік ауқымдағы саясаткерлігі десек, қателесе қоймаймыз. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақ елінің тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Президенті сол күннен бастап үлкен саяси арена алаңына қаймықпай шықты, тіпті, сол күннің ертеңіне, яғни 17 желтоқсан күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен келіссөз өткізіп, алып елдің Қазақстанды егемен ел ретінде мойындау мәселесін көтерді. Президентіміз Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап әлемдік қақтығыстарды тоқтатуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аянбай атсалысып келеді. 1992 жылы 30 қаңтарда Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кірді, осы жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының, 22 мамырда ЮНЕСКО-ның құрамына енді. 1994 жылы Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды. Нұрсұлтан Назарбаев саяси қайраткер, жас мемлекет Қазақстанның Президенті ретінде ғана емес адами болмысы биік тұлға ретінде саяси аренада танымал болған көптеген қайраткерлермен достық қарым-қатынас орнатты. Елбасының БҰҰ Бас хатшылары Бутрос Гали, Кофи Аннан, Пан Ги Мунмен, Ресей президенттері Б.Ельцин, В.Путин, Д.Медведевпен, Америка сияқты алпауыт мемлекеттің президенттері үлкен, кіші Буштармен, Б.Клинтон, Б.Обамамен арадағы қатынасы, тіпті, жеке достық, сыйластығының өзі ел абыройын асыруға қызмет етті. Еуропа сияқты кәрі құрлық төрінде де саясаткер Назарбаевты жақсы таниды. Азиядағы аса қарқынмен дамып келе жатқан Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төрағасы Ху Цзиньтао біздің Елбасы жайында: «Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді», деп баға берді. Біздің тәуелсіздігімізді әлем халқы түгел мойындады, біз жүздеген мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгердік, ал енді бізді алғаш рет тәуелсіз ел ретінде таныған Түркияға деген ықыласымыз, бауырластығымыз тіпті бөлек. Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл: «Түркия Қазақстанның экономикалық реформаларын жіті қадағалап отырады. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Орталық Азияның жарық жұлдызына – беделді, сенімді, әрі қуатты мемлекетке айналды», деп ерекше ықылас көрсетті. «Қазақстан Құрама Штаттардың досы болып табылады және мен Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі жақсарта түсуге күш саламын», деп ағынан жарылған АҚШ Президенті Барак Обама да Н.Назарбаевтың Ауғанстандағы тұрақтылық пен ұлтаралық және діни төзімділікті ілгері дамытуға сіңірген еңбегін айрықша жоғары бағалады. Ғасырлар бойы бодандық қамытын киген халықтың тарих үшін қас-қағым сәт – жиырма жылдан сәл астам уақытта еңсесін тіктеп, ел көсемі Елбасын өзі таңдап, жап-жас Астанасымен өркениет көшінің алдыңғы қатарында алға жылжуы сирек кездесетін құбылыс. Ата-бабаларымыз жиі айтып отыратын тіл-көзден, кездейсоқ кесапаттан сақтасын дейік. «Ақтабан шұбырындыдан» «желтоқсан жаңғырығына» дейінгі аралықта қазақтың көз жасы аз төгілген жоқ. Ендігі сәтте ондай күйді халқымыз ешқашан басынан кешірмесін деп тілейік. Туған халқы тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты, Елбасын елтұтқа санайды. Президенттің елдік сананы жаңғырту арқылы тәуелсіздікті баянды етуге жасаған әрбір қадамы қарышты. Салиқалы да салмақты жүргізілген ұлттық саясат елімізде тұратын өзге де ұлт өкілдері мен этностарының келешекке деген сенімін оятуда. Тәуелсіз, азат, егемен еліміздің іргетасы қаланды. Қазақ елі әлемдік қоғамдастық алдында өзіне лайықты орны бар жас мемлекет, жас мемлекеттің елі сенген, үміт артқан Елбасы бар. Ол – кемеңгер көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Шымкент.