Университет • 09 Наурыз, 2023

Кәсіпкер эндаумент қорына қаржы аударып, студенттерге шәкіртақы тағайындады

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Astana Clinic» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания басшысы Борис Чен ENU Endowment Fund қорына қаржы аударды және университет студенттеріне ай сайынғы шәкіртақы тағайындады.

Кәсіпкер эндаумент қорына қаржы аударып, студенттерге шәкіртақы тағайындады

Ынтымақтастық және өз­ара түсіністік туралы ме­мо­­рандумға Л.Н.Гумилев атын­­дағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және «Astana Clinic» ЖШС директо­ры Борис Чен қол қойды. Та­рап­тар бірлесе жоғары оқу ор­нының студенттері мен оқы­ту­шыларына сапалы меди­­циналық қызмет көрсету үшін қо­лай­лы жағдай жасау­ды жоспарлап отыр.

Кездесу аясында бизнесмен Борис Чен Еуразия ұлттық университетінің белсенді сту­денттеріне 50 000 теңге кө­­ле­­мінде ай сайынғы шәкіртақы таға­йын­дады. Сонымен бір­ге кәсіпкер әлеуметтік жауап­кер­шілік танытып, ENU Endowment Fund қорына 10 млн теңге көлемінде қаржы аудар­ды. Ректор Ерлан Сы­ды­қов Борис Ченге алғыс біл­діріп, оған меценаттардың уни­верситет дамуына қос­қан үлесіне арналған Даңқ ағашы­ның жапырағын табыс етті.

«Еуразия ұлттық универ­ситетінде студенттердің арасында сабақтастық сақта­лып, жақсы дәстүрлер көбейіп келеді. Біздің кәсіпкерлер мен түлектер оқу ордасы­ның өміріне белсенді қа­тысады және адами әлеуетті дамытуға ғана емес, бүкіл ел­дің болашағына өз үлесін қосып жатыр. Еуразия ұлт­тық университетінің негіз­гі міндеті – студентке бағыт­талған білім. Сондықтан біз студенттердің әлеуметтік қам­­сыз­дан­дырылуына, оның ішін­де денсаулығына ерекше мән береміз. Жаңа студенттік үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның бірінші қабатында емхана орналасады. Серіктестерімізге уни­верситет өміріне қатысқаны және оның өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғы­сымды білдіремін», деді Ерлан Сыдықов.

«Astana Clinic» ЖШС директоры Борис Чен бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігінің маңыздылығын атап өтті.

«Жасыратыны жоқ, Еура­зия ұлт­тық университеті – елі­міздегі жетекші оқу орда­ла­рының бірі. Ұлттың жетіс­тігі екі негізгі факторға – ден­саулық пен білімге бай­ланысты. Біз универ­ситет сту­денттері мен қызмет­кер­леріне 6 жыл бойы қызмет көрсе­теміз. Бүгін білім беру сала­сына өз үлесімізді қосуды жөн көрдік – студенттерге біздің емхананың шәкіртақысын беру арқылы қолдау көрсетіп, университеттің эндаумент қорына үлес қостық. Біз уни­верситеттің білім алушылары мен қызметкерлеріне қызмет көрсететін еуропалық стандарттар бойынша клиника саламыз», деді кәсіпкер.

Университеттің стра­те­гиялық даму жөніндегі про­рек­торы Думан Айтма­­ғам­бе­тов жоғары білім беру сала­­сын­дағы әлеуметтік жауап­ты инвес­тиция­лардың және эндаумент қорлардың маңыз­ды­лығына тоқталды.

«Эндаумент қордың мақ­сатты капиталына қол сұғылмайды және оның жи­нақтау сипаты бар. Одан түскен ин­вес­тициялық табыс есебінен ғана жо­ба­лар­ды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр. ENU Endowment Fund құрылтайшылары ЕҰУ тү­лек­тері мұқтаж студенттерге гранттар мен шәкіртақылар тағайындау арқылы қол­дау көрсетуді, білім алушылардың ғы­лыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді жоспарлап отыр. ENU Endowment Fund қазір қалыптасу кезе­ңінде және түлектермен мен кәсіп­керлерді әріптестікке ша­қы­рамын», деді проректор.

Университеттің 2 курс сту­денті Наз­ерке Ұлан білім орда­сының қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Ол «ENU volunteers» қатарында мұқ­таж адамдарға көмектесіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді.

«Ай сайын шәкіртақы алып тұру мен үшін күтпеген жағ­дай болды. Бұл – ең ба­қыт­ты сәттерімнің бірі. Мұ­н­дай мүмкіндік бәріне бір­дей берілмейді. Мен өз уни­верситетіме және «Astana Clinic» компаниясына студенттерге қомақты қолдау көрсеткені үшін алғы­сымды білдіремін. Бірінші курстан бас­тап волонтерлікпен белсенді түрде айналысып келемін. Біз балалар үйлеріне, мереке күндері қарттар үйлеріне ба­рамыз, оларға жақсы кө­ңіл күй сыйлауға тырыса­мыз. Елімізде волонтерлер қоз­ға­­лысының дамуына үлес қос­қым келеді», дейді Назерке.

Айта кету керек, өткен жыл­дың сәуір айында универ­ситет түлектерінің бастама­сы­мен ENU Endowment Fund қоры құрылған бола­тын. Қорға 10 млн теңге кө­ле­­мінде алғашқы жарнаны ENU Endowment Fund құ­рыл­тайшыларының бірі, оқу ор­да­сының түлегі Дмитрий Иню­тин аударды.