Университет • 09 Наурыз, 2023

Қайта ашылған факультет

268 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа заман талабына сай білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар, агросектордағы ғылыми ізденістерге қол жеткізуді мақсат етіп отырған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде зооинженерлер даярлау ісі қайта қолға алынды. Ғалымдар сүйіншілеген жаңалық агрокешен саласында жаңа буын мамандарын даярлаудың заманауи тәжірибесіне негізделіп отыр.

Қайта ашылған факультет

Зооинженер мамандарын даяр­лау үрдісі соңғы жылда­ры кейінгі қатарға ысырылып қалғаны белгілі. «Алматы зоове­тЕринарлық институты 1929 жы­лы екі факультеттен құрылған болатын: зоотехникалық (кейін­нен зооинженерлік) және ветери­нарлық. Өкінішке қарай, отандық агрокешен саласына ұзақ уақыт кадрлар даярлап келген факультет өтпелі кезеңдерде өз атауынан айы­рылып, «Технология және биоресурстар» факультетінің құ­рамына еніп кетті. Атынан да, затынан да айырылып қал­ған­дықтан, қазіргі күні мал шаруа­шылығы саласында жұмыс істей­тін білікті зооинженер маман­дардың жетіспеушілігі анық бай­қалып отыр. Заман талабына сай сұранысты ескере отырып, университет басшылығы «Тех­нология және биоресурстар» факульте­тінің атауын «Зооинженерия жә­не тағам өндірісінің техноло­гия­сы» деп өзгертуге шешім қа­­­был­­дады. Сонымен бірге «Мал ша­руашылығы өнімдерін өн­­ді­­ру технологиясы» кафед­расы «Зооинженерия» болып өзгертілді», деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректор Ақылбек Күрішбаев.

Зооинженерлер мал шаруашы­лығының тиімді іске асуын қамтамасыз ете отырып, жануар­­ларды күтіп-бағумен, өсі­ру­мен, селекциялаумен, азықтан­ды­румен тікелей айналысады. Сонымен қатар қаржылық шығындарды есептеп жоспарлауды дұрыс жол­ға қоя білетін білікті мамандар мал шаруашылығы өнімдері мен шикізат өндірудегі тәуекелдерді де төмендетеді.

Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевты әңгімеге тартқанымызда «Еліміз­­де биология және ветеринария саласында терең білімі бар, жан-жақты тәжірибесі мол зооинженерлерге сұраныс өте жоғары. Алайда кейінгі 25 жылда зооинженер мамандарды даярлау ісіне мүлде мән берілмей қалды», деп қынжылысын білдірді.

– Мал шаруашылығы ежелден ата-бабаларымыздың тіршілік көзіне айналды. Төрт түліктің «мінсе – көлік, кисе – киім, жесе – ет» ретіндегі сұранысы артпаса, кеміген жоқ. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, елімізде өндірілетін жалпы өнімнің елу пайызға жуығы ауыл шаруа­шы­лы­ғының еншісінде. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде зооинже­нерлерді дайындау ісінің жолға қойылуы саланың болашақта өркендеуіне жол ашатын болады. Сондықтан университетте ашылған мамандыққа ауыл жастарын көптеп тарту уақыт күттірмейді. Өйткені мал басының өсуі, азықтануы, генетикасы, се­лекциясына жауапты болатын мамандар – зооинженерлер. Бүгінде қалалардың маңындағы «Байсерке-Агро», «Адал», «Ами­ран», «Родина» сияқты шаруа­шылықтардың барлығы дерлік автоматтандырылған. Сиыр сауу, жем-шөп салуды роботтар атқара­ды, – дейді Әбдірахман Омбаев.

Бүгінде елімізде ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы 220 млн гектар жердің 187 млн гектарын мал жайылымдары құрайды. Мал жайылымдарын тиімді мақсатта пайдалану қажеттігін алға тартқан профессор Әбдірахман Омбаев кейінгі отыз-қырық жылда сүт өнімділігі бір жылда 1,8-2 мың литрден аспай келе жатқанын атап өтті.

– Өркениетті елдерде бұл көрсет­кіш орташа есеппен 10-15 мың литрді құрайды. Бүгінде үл­кен шаруашылықтарда 7-15 мың литр сүт алатын мүмкіндік бар. Жайылымдарды тиімді пайдаланып, үй шаруашылығындағы сиырлардан кемінде 4-5 мың литр сүт алуға болады. Осы орайда ғылым мен шаруашылықты байланыстыра отырып, мал тұқымын асылдандыру жұмыс­тарын жандандыру да уақыт талабы. Бұл бағытта да шетелдерден артта қалып қойдық. Әлі күнге мал тұқымын асылдандыру, өнім­ділігін анықтау әдісінде ескі сүр­леу­мен келеміз. Сонымен қатар дүние жүзінде қолданылып отыр­ған геном, селекция, гендік қорын білу, индексті бағалау, малдың тегін анықтау жұмыстары да кенжелеп қалды, – дейді ғалым.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында заманауи жарақталған зертханалар алдағы уақытта ғалымдардың жаңа ізденістеріне жол ашумен қатар, жылдар желісінде дә­лел­денген өндірістік келешегі зор жобаларды іске асыруға мүм­кіндік береді. Бүгінде универ­ситетте әлемдік деңгейдегі қа­зақ-жапон, сондай-ақ басқа да уни­верситеттер ғалымдарымен бірлескен жұмыстар жолға қойы­лып, қос дипломды жүйе іске асы­рылып келеді. Жаңа заман зооин­женерлерін дайындауды да осы стандартқа жақындатуды көз­деп отырған университет ғалым­дары инновациялық зерт­теулерді өндірісте барынша тиім­ді, жүйелі қолдануға басым­дық берумен қатар оқу бағдар­лама­ларын шетелдік жетекші про­фессорлардың қатысуымен жаң­ғырту және студенттердің прак­тикалық білімін күшейтуді мақсат етеді.

 

АЛМАТЫ